Махаббат хикаясы

Қораздың дауысы Әлиді таңмен оятты.

ашық дереккөзі

Қораздың дауысы Әлиді таңмен оятты. Екі көзін уқалай-уқалай орнынан әрең тұрған ол жазғы демалыс басталғанын есіне түсіріп, қуанып кетті. Қайтадан жата қалды. Енді көзі ілініп бара жатқаны сол еді, әжесі оятып алды.

–       Әли, тұра ғой.

–       Ой әже, қойшы!

–       Қой деген жоқ! Тұр да барып атаңа көмектес. Есіктің алдын тазалап, ағаштарды кесіп тастаңдар.

–       Түу... жарайды. Еріксіз орнынан тұрды да, далаға шықты. Құмандағы сумен бетін жуа бастағаны сол еді, көршінің ауласынан бейтаныс бір әуезді ән салынды. Құлағы елең ете қалған Әли сәл кідіріп, әнге құлақ түрді.

–       Әже-ау, мына бұлбұлша сайрап тұрған кім? Жомарт атаның үйінде кемпірінен басқа ешкім жоқ еді ғой.

–       Ә... немере қыздары екен. Кеше түнде қаладан келіпті.

–       Шынымен бе?! Бізден үлкен шығар...?

–       Жоқ, сенімен түйдей құрдас.

–       Ым... менімен бе?! – деп, есі кеткен Әли жүгіріп отырып қақпаның үстіне шықты да, көрші үйге дүрбі салды. Жомарт шалдың есік алдында есіктің алдын сыпырып, су шашып бір қыз ән салып жүр. Үстіне киген ақ көйлегі өзіне құйып қойғандай. Екі жаққа өрген бұрымы төгіліп тұр. Көз тартарлық сұлулыққа ұзақ қарап тұр еді, жерден басын көтерген сұлу қыз қарама-қарсы үйдегі қақпаның басында отырған Әлиді көріп, ұялған сығай танытып, үйге қаша жөнелді. Әли де үйге қарай атасына беттеп кетті.

Күн көзі далаға шуағын төгіп, түс ауа бергенде ауыл балалары көше бойына шығып шулай бастады. Бұл ауылдың бір қызық сәті. Әли бүгін бірден шыға алмады. Өйткені атасы берген тапсырманы бітіре алмай әлек болып жатыр. Екі қолы ғана істе болмаса, құлақ пен көз, көңіл далада. Әбден кеш батып, ымырт тарта бастаған шақта Әли жұмысын бітірді. Әлі кетіп, әрең тұр. Әжесінің айранын ішіп жата қалғысы кеп тұр еді, сол мезетте сырттан:

–       Әли! Әли!

–       Шықсаңшы, Әли, кеттік ойнаймыз!

–       Жоқ бармаймын. Бүгін шаршап тұрмын. Әлім жоқ. Өздерің ойнай беріңдер.

–      Әли, шықшы! Сендердің көрші Жомарт атаның немере қызы келіпті. Бізбен жүр қазір. Көл жағасында от жағып отырайын деп жатырмыз.

–       Таңертең ғана ән салып тұр еді, сендер де бәлесіңдер, қашан танысып алдыңдар?!

–       Осы қазір қыздар алып шығыпты. Өзі сұлу екен. Кеттік деймін. Таңмен дауысына тәнті болған Әли қыз дегенге көңілі алаңдап, шаршап тұрғанын ұмытта да:

–       Әже, мен ойнауға кеттім... а жоқ, кездесуге кеттім,– деп, балалармен жүгіріп кетті.

–       Кездесуі несі әй?

–       Таңертең Жомарттың немересіне қарап тұр еді жүгірмек, соған кеткен шығар, әй баламысың деген,– деп, атасы күліп қойды.

Бәрі жиналып алған. От жағып ортада отыр. Айнала отырған жігіттер мен қыздардың ішінде көзіне оттай басылғаны – сол ару.

–       О, Әли, кел, отыр. Танысып қой, бұл – сенің көршің Бота. Кеше ғана қаладан келген екен.

–       Танысқаныма қуаныштымын. Әлимін!

–      Мен де танысқаныма қуаныштымын, таңертең сен бе көрші аулада қарап тұрған?– деп, Бота сұрақты төтесінен қойып қалды. Өзінің ісіне ыңғайсызданып қалған Әли:

–       Маған ұқсас біреу болар,– деп, жауаптан қашқысы келді. Ботаның беті қызарып кетті.

–       Бота, бұл Әли деген біздің ауылдың әншісі, ақыны өзі сері өзі жақсы жігіт. Ортамыздың гүлі,– деп, балалар жабыла мақтап жатыр. Әр мақтауды естіген сайын көзін Әлиден алғысы келмеген Бота:

–       Әли, шынымен осы айтылғандар рас болса, бір ән салып берші.

–       Әй, қойыңдар! Ұят емес пе, мен әнші емеспін,– деп, қарапайымдылық танытып жатыр еді:

–       Мен сенен өтініп сұраймын, бір ән салшы. Мен қосыламын,– демесі бар ма Бота қыз. Іштей ұялса да, қолына домбырасын алып, әнін бастап кетті. «Айналайын, қарағым-ай...». Ән бел ортасына келгенде Бота қосылып, екеуі бірге шырқай кетті. Қос дауыс қоңыр әуенге ұласып көл жағасындағы әңгіме-дүкен түнге жалғасты. Тек Бота біраз уақыт өткен соң қайту керек екенін айтып, бәрінің тарауына себепші болды. Көрші тұратын болған соң Ботаны Әли шығарып салатын болып келісті. Екеуі үйге жеткенше қызық-қызық әзілдер айтып, бір-бірін итеріп ойнап келді. Бұл шексіз әрі тап-таза сезім еді. Ешқандай жалғандық жоқ тұнық сезім еді. Арада уақыт өте берді. Олар күніге бірге. Ойында да, дүкенге барса да, бір жерге шықса да, бір-біріне ауа секілді болды. Үш ай жазғы демалыс көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қызығы мен шыжығы біткен бұл жаз біреулерге сезім, біреулерге қасірет те әкелді. Ал Әли үшін түсініксіз бір қасиетті тамырына бір түйір қанмен бойлатқан қыздың кететін күні де жақын. Екеуі соңғы бір деммен достық құшақтың үлгісін көрсетті де, қолдарын бұлғап қала берді...

Ардада апта өткен соң Әли бұзылды. Сабаққа деген құлқы жоқ. Көңілі әлдебірдеңені аңсап тұр. Әжесі мен атасы:

–       Құдай-ау, мына жүгірмекке не болды?

–       Аурып жүрген жоқпы екен өзі?!

–       Қайдан білейін, түнеріп сала берді ғой.

–       Соның бәріне кінәлі Жомарттың немересі... –деп, әжесі іштей кейіп қалды. Кешке сабақтан келген Әли аяқ астынан:

–       Қалаға хабарласыңыздар. Ата-анама айтыңыздар, мен қалада оқимын,– деді

–       Өй, көтек, не дейді. Қалада оқығаны несі?!

–       Ештеңе білмейін, бала керек пе бұларға өзі, онда оқытсын қалада!

–       Көкем-ау, не деп айтамын мен. Әкең мен анаң жұмыста ғой.

–       Айттым, бітті!

Ештеңден қайтпайтынын білдірген Әли ақыры өз дегенін істеді. Араға екі күн салып қалаға кетті. Қалаға бара салысымен Жомарт атасынан сұрап алған мекен жай бойынша біреуді іздей келді. Қаланы адасып жүріп ақыры тапты. Биік зәулім үйдің тоғызыншы қабатына көтеріліп, көзіне шоқтай басылып тұрған есікті қақты. Іштей қазір ол есік ашады да, мені көріп таң қалады деп мәз-мейрам болып тұрған есікті, бейтаныс бір әйел адам ашты:

–       Сәлеметсіз бе?!

–       Сәлеметсің бе, балам! Кім керек еді?

–       Бота осында тұра ма?!

–       Иә, осында тұрады. Сен кімсің?

–       Мыразбек шалдың немересі едім...

–       Ауылдағы Мырзабек ата ма?!

–       Дәл өзі.

–       Ой балам, есейіп кетіпсің ғой. Кір үйге.

–       Жоқ, Ботаға келдім, айтарым бар еді. Жеткізе аласыз ба?!

–       Ол енді...

Дәл осы кезде ауылдағы Мырзабек шалдың қақпасы қағылды.

–       Сәлеметсіз бе, әжей!

–       Сәлемет пе, құлыным!

–       Әли жоқ па?!

–       Жоқ қалаға кеткен.

–       Қалаға кеткені қалай, бүгін келе ме?! Келіп жатса айта салыңызшы, мен қаладан ауылға ауысып келдім. Енді осында оқимын. Әли екеуіміз бірге бір парта отырып оқимыз, сәлемімді жеткізіңізші өтініш,– деп, екі беті қызарған Бота қаша жөнелді. Әлидің әжесі «Әли, сен үшін ауылдан қалаға оқу ауыстырып кетті ғой, енді ол келсе келесі жазда келеді» деп айтып үлгермей, тынып қалды...

Таң атты. Қораз қайтадан шақырды. Бірақ тым көңілсіз...

М. Ақан

Loading...