«Өз халқын сорлы көрсетуден жарыс болса, бірінші орын беруге болады»: Ғалым Қытайда жүлде алған қазақ киносын сынады

Әртістер өз халқын масқаралағанды кәсіп қылып алған.

Фото: kazgazeta.kz

Филология ғылымының докторы Ләззат Дүйсембекова Қытайда жүлде алып келген “Талақ” фильмін қатаң сынға алды. Бұл туралы профессор Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Ғалым кино түсірілген шығарма желісіне кеңірек тоқталып өтті.

Өз халқын сорлы қылып көрсетуден бірінші орын беруге болады. Кешелі бері мына кино Қытайдан жүлде алып келіпті деп жатыр. Олар не үшін бергенін білмеймін жүлдені, бірақ мына суреттерге қарап бұл киноға қазақты қорлаудан бірінші орын беруге болатын шығар деп ойлап отырмын.
Б.Майлиннің «Талақ» әңгімесі Айдарбек пен Зейнептің арасындағы сезім мен діни ұғымның, түсініктің арпалысуы туралы. Айдарбек ашу үстінде әйеліне «Атаңа нәлет! Сен не қылмадың… Қараңды батыр, кет! Мен сенен талақ!»,  — деп айтып қалады. «Құдай! Құдай! Не жаздым құдай!», — деп Зейнеп өкіріп жылайды. Бірақ артынан Айдарбек өкінеді. Екеуі де қиналады. «Ашумен кісі не айтпайды, ашумен айтқан сөзді періште жазбайды», — деп, сол күні кешкісін-ақ екеуі татуласады. Болды.

Ләззат Дүйсембеков әртістердің халықты масқаралауды кәсіп қылғанын айтып ашуланды.

Әңгімедегі кейіпкерлер мына кинодағы сияқты ел көрмей, тамақ пен киім көрмей қаңғып жүрген қайыршы құсатып, алба-жұлба киім кигізіп түсіретіндей емес. Әңгімеде өздеріңің қоңырқай тұрмыстары бар адамдар суреттеледі. Айдарбек талдан керіп тор тоқып, Зейнеп пешке арқасын сүйеп ұршық иіріп отырады. Қыздары Күләмза қуыршағын киіндіріп ойнап отырады. Әп-әдемі етіп түсіруге де болады ғой соны, алба-жұлбаларын шығармай. Әлде өз ұлтын жамандап, берекесін кетіріп түсірсе, бірден марапат бере ме екен? Жоқ, кинодағы қазақтардың аянышты түрлерін көріп берді ме? Қазақтар киімнің түр-түрінен кенде болған жоқ, қолдарында ұстаған малдарын ұқсатып, жіп иіріп, тері илеп киінген жоқ па? Оның сыртында саудагерлерден алған матаның түр-түрі бар. Қазақ әйелдері қолдарына ине ұстай алған. Осыдан жүз жыл бұрын ғана болған оқиға ғой Бейімбет Майлиннің әңгімесінде суреттелген жай. Бұдан 400-500, тіпті 1000 жыл бұрынға ата-бабалары туралы кино түсіреді түріктер, гректер, қытайлар т.б. Үстеріндегі киімдеріне адам қызығады. Мынандай алба-жұлбасы шығып жүрген жоқ. Соншалықты жабайы, надан, бейшара етіп көрсететіндей не болды сонша, өз ұлтын өзі қорлап. Әртістер өз халқын масқаралағанды кәсіп қылып алған. Ана жерде Тұрсынбек Қабатов тұрады телеарналардың төрін бермей, қазақты мазақ қылып. Баяғыда КВН командасы болатын Москваға барып, қазақтарды мазақ қылып ыржаң-ыржаң күлетін. Оны бүкіл Советтік кеңістікке тарайтын арнадан көрсетіп жататын.

Ғалымның сөзінше жүлделі болды деп ауыз толтырып айтудың еш қажеті жоқ. Өйткені ондай туындылар бізде өте көп. 

Бұл киноға өз халқын сорлы қылып көрсетуден жарыс болса, бірінші орын беруге болады. Анандай қардың ортасында отыратын жері жоқ еді ғой әңгіменің. Неге бұрмалайды? Әңгімеде бір-ақ күн суреттеледі. Айдарбек тоқымды төсеп жіберіп есік алдында отырады, соған қарағанда күн жылы уақыт.
Кино шетелден орын алыпты деп, бөрікті сонша аспанға атудың да қажеті жоқ. Жыл сайын шетелде қаншама фестиваль болып, қаншама киноға орын беріледі. Кейбір фестиваль қатысатын режиссер таппай, келіп қатысыңдаршы деп жалынып жүреді. Қазақфильмнің, өз бетінше түсірген режииссерлардың қаншама киносы бар орын алып келген. Ешкім көрмейді. Жатыр”, — деп жазды профессор.

Loading...