Нархоз университеті қазақ тілінде білім беруден бас тартты: Оқу орны журналистің сынына жауап берді

Желіде Алматыдағы Нархоз университетінің қазақ тілінде білім беруден бас тартқаны туралы ақпарат тарады.

Фото: Bulatutemuratov.kz

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Журналистің айтуынша, оқу орнының ең негізгі төрт факультетінің қазақша, орысша топтары жабылған. 

“Алматыдағы Нархоз университеті қазақ тілінен бас тартыпты. Оқу ордасындағы ең негізгі деген төрт факультеттің қазақша, орысша топтары жабылды. Атап айтқанда экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп, қаржылық тәуекел менеджмент, бизнестегі ақпараттық технология мамандықтары бойынша білім аламын дегендер енді тек ағылшынша сайрауы керек. Былтыр бұл мамандықтар бойынша қазақша бірде-бір топ болмаған. Биыл да “қазақтарды” қабылдамаймыз деп шешім қабылдапты”, – делінген жазбада. 

Журналист университеттің бұл әрекетін қазақ тіліне жасалған қастандық деп санайды. 

“Бұл – барып тұрған бассыздық. Қазақ тілін құртудың төте жолы. Себебі дүниежүзі сөйлейтін тілде сабақ береміз деген сылтаумен қазақ тілін тұқыртып отыр. НАРХОЗ-ға негізінен ауыл балалары келіп оқиды. Ағылшыншаны емес, орысшаны әрең түсінетін жастардың санасын да, тілін де қойыртпақтап жатыр деуге негіз бар. Биылғы құрылтайда президент қазақ тілін меңгергендер 70 пайыздан асты деп айтты. Ал президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев қазақша сөйлейтіндер саны 81 пайызға тең деп сұхбат бергені есімізде. Ендеше қазақ елінде, қазақтың жерінде НАРХОЗ-дың қазақша оқытпаймыз дегені қай сасқаны? Бұл қазақтардың құқығын таптау емей немене?” – дейді журналист. 

Желіде тараған ақпаратқа қатысты университет басшылығы мәлімдеме жасады. 

“Нархоз университетіндегі оқу жоспарына сәйкес, студенттер қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде пәндерді таңдайды. Біз студенттерге өз қалауын таңдауына және назар аударуға мүмкіндік береміз. Бүгінде көптеген университет студенттері көптеген пәндерді ағылшын тілінде оқуды таңдайды. Өйткені ағылшын тілін жақсы меңгеру оларға жаһандық білім базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір әлемде ғылыми білімнің 90%-дан астамы ағылшын тілінде шығарылады. Бұл көзқарас университеттің тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелде де сұранысқа ие түлектерді дайындауға бағытталған миссиясынан көрінеді”, – делінген университет хабарламасында. 

Loading...