Қазақстанда көлігі барларға салық күрт артады

Бұл өзгеріс келесі 2025 жылы күшіне енбек.

Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Республикада қымбат көлігі барларға қосымша "салтанат салығы" енгізіледі. Тиісті заңнамалық түзетулер таяуда Мәжіліске енгізілген және 2025 жылы күшіне енуге тиіс Салық кодексінде қарастырылады.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев хабарлады.  

Оның айтуынша, қазіргі кезде мүлік салығы ставкасының мөлшерлемесі әрбір объектінің бағалаулық құнына байланысты болып келеді. Яғни, мүліктің бағасы неғұрлым қымбат болса, салық төлемі де соғұрлым жоғары болмақ. Осының өзін бірқатар сарапшы "салтанат салығы" деп атап жүр.

Алайда, Президент 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Үкіметке "салтанат салығын" жеке алым түрінде енгізуді жүктеген.

"Салық реформасы аясында "сән-салтанатқа салық" салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады", – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі кезде салық реформасы басталды. Қолданыстағы құжат – "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" деген атауға ие. Жаңа қабылданатын құжат жай ғана "Салық кодексі" деп аталатын болады.

Ерлан Сағынаевтың түсіндіруінше, осы кодекс жобасына өзгерістер енгізілгеннен кейін кедендік құны 75 миллион теңгеден асатын автомобильдерден утиль алым, бастапқы тіркеу алымы және басқасы сыртында, қосымша акциз алымы жиналатын болады.

Жаңа акциз әзірге екі сатыға бөлінбек. Біріншісі – машиналарға қатысты және мөлшері автокөліктің 75 миллион теңгеден асқан құнның 10%-ын құрайды.

Екіншісі – суперқымбат өзге де салтанат заттарына қатысты және алым мөлшері объектінің "кедендік құнының" 100 миллион теңгеден асқан сомасының 10%-ын құрайды. Бұл акциз жеке ұшақтардан, кеме-яхталардан, пароходтардан, виллалардан және басқасынан жиналады.

Мысалы, салтанат салығы туралы әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар шетел түгіл, өзіміздің Каспий, Қапшағай, Балқаш пен Бұқтырма құны салмақты кеме-яхталарға толып тұрғанын айтуда.

Үшінші түрі де болуы мүмкін, ол қымбат сигара, ішімдік және басқа да ұсақтау салтанат салықтарынан жиналуы ықтимал.

"Аса құнды мүлікті сатып алуға ауқаты, қауқары жететін тұлғалар бюджетке қосымша алым-салық төлейді. Бұл оларға салық мөлшерін арттыру, акциз төлеттіру арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, бір талы 10 мың теңгеден басталып, бірнеше мыңға жететін сигараны ғана шегетін тұлғалар бар. Оларды да елге импорттағанда белгілі бір межеден артқан сомасының 10%-ы көлемінде акциз жиналады. Қымбат алкогольді ішімдіктерге де солай: егер шартты түрде алғанда 1 литрінің бағасы жарты миллион теңгеден асып түссе, артқан сомасынан 10% акциз алынады. Біз бүгінде салтанат салығы бойынша осындай тәсілдемелерді түздік", – деді Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев.

Салтанат салығы сыртында, жаңа Салық кодексінде ескі автокөліктердің салығын керісінше, төмендету қарастырылған.

Жаңа Салық кодексінің басқа жаңалықтары қандай?

Премьер-министр Олжас Бектенов Салық кодексінің "бүкіл философиясын өзгертуге" уәде етті.

"Сарапшылар мен бизнес қоғамдастықтарының пікірлері ескеріледі. Салық кодексі бизнестің белсенді болуына жағдай жасап, оны іріленуге ынталандыруы керек. Құжатты дайындап, пысықтау кезінде әкімшілендіру толық цифрландырылады, салық жеңілдіктерін беру мәселесі реттеледі", – деді Олжас Бектенов.

Оның сендіруінше, реформа нәтижесінде отандық бизнес пен инвесторлар "мемлекет фискалдық шығындар мен әкімшілік жүктемелерді арттырады" деп қорықпай, "өсу" қағидаты бойынша жұмыс істеп, батыл ірілене алады. Қолданыстағы кодекс оларды керісінше, бизнесті бөлшектеп, шағын және орта бизнесті ғана көбейтуге іңкәрландырады.

Жаңа Салық кодексі аясында "әкімшілендірудің сервистік моделі" енгізілетін болады. Оған сәйкес, Бектеновтың түсіндіруінше, салық төлеуші бизнеске, компанияларға тіркелген сәттен бастап, оны тіркеуден шығаруға дейін фискалдық көмек көрсетіледі.

Нәтижесінде, елдегі салық есептілігі 30%-ға, салық бойынша төлемдер саны 20%-ға қысқарады деп күтілуде. Бұл ретте "бизнес үшін ынталандыратын тиімді жеңілдіктер сақталатын болады".

Бірақ күзде басталатын үшінші сессияда жаңа Салық кодексі айналасында қызылкеңірдек пікірталас жүретінге ұқсайды. Парламентте лобби тайталасының көрігі қазірден қызуда.

Мысалы, депутаттардың бір бөлігі Президенттің уәдесін еске салып, олигархтарды, қаржылық-өнеркәсіптік топтарды керісінше, жаппай салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтардан айыруды талап етті. Сонда бюджет бірден триллиондап толар еді. Лобби болса, Салық кодексінің жобасына мұндай ұсыныстардың көп еніп кетуіне жол бермеуге күш салуда.

"Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, 2023 жылы салық түсімдері бойынша жоспар 1 триллион 400 миллиард теңгеге орындалмаған. Бұл – тарихи рекорд. Мысалы, корпоративтік табыс салығы былтыр небары 78 пайызға ғана жиналыпты. Депутаттарды: "қазынамызды қалай толтырамыз?" деген сұрақ толғандырады. Бюджеттің кіріс бөлігін өсірудің мықты бір жолы ‒ салықтық жеңілдіктерді күрт қысқарту. Әйтпесе, қолданыстағы Салық кодексінде 700-ден астам салықтық жеңілдіктердің нормасы бар екен. Бұл тым көп. Осыны 20 пайызға қысқартсақ, бюджетке қосымша 2 триллиондай, шамамен 1 триллион 900 миллиард теңге түсіреді екенбіз", – деді Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов.

Оның айтуынша, көптеген жеңілдіктер мен артықшылық-преференциялардың қарапайым халыққа да, елімізге де пайдасы жоқ. Бірақ Үкіметтегілер оларды олигархтар үшін сақтап қалуға жан салуда.

"Мысалы, құрылыс компанияларына қаптаған салықтық жеңілдіктер берілген, ал, мұнысы тұрғын үй бағасына игі әсер етпейді. Қазақстандағы баспана – әлемдегі ең қымбатының бірі. Тіпті кейбір жерде баға ары қарай жоғарылап барады. Фармкомпаниялар да көптеген жеңілдікті пайдаланады, қосымша құн салығынан босатылған. Одан отандық дәрілердің ассортиментінің өскені шамалы. Бағасы да тоқтаусыз қымбаттауда. Сондықтан жаңа Салық кодексі аясында Үкімет бұрын енгізілген салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне және сол арқылы қол жеткізілген мақсаттар мен міндеттеріне талдау жүргізуі шарт", – дейді депутаттар.

Шенеуніктер өткен отыз жылдықта салықтық жеңілдіктерден ел қазынасы қанша триллион теңге қаражаттан қағылғанын да дөп басып айта алмайды, немесе айтқысы келмейді.

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров салықтық жеңілдіктерге ревизия жасауға уәде етті.

"Жаңа Салық кодексі жобасының аясында біз бұл жұмысты белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Жеңілдіктер бойынша мен мысалы, депутаттармен келісемін. Әрине, оларды жою – сөзсіз, бюджетті толтырудың көзі болып табылады. Біздің талдауымыз бойынша Салық кодексінде 734 салықтық жеңілдіктер бары анықталды. Олардың жалпы сомасы 9,5 триллион теңгеден асып кетті", – деді еліміздің бас экономисті.

Бірақ мемлекет отандық және шетелдік бизнесті тегіс салықтық жеңілдіктен қаға алмайды, онда олар ел экономикасына инвестиция салмай қояды.

Алайда мысалы, еліміздегі 14 арнайы экономикалық аймақтың, сондай-ақ индустриалдық аймақтардың тиімділігі әділетті сын тудырып жүр. "QazIndustry" дерегінше, тірлігі белгісіз "Алатау" АЭА-сын қоспағанда, 13 АЭА аумағында тәуелсіздіктің өткен онжылдықтарында жалпы сомасы 2,3 трлн теңгені құрайтын бар-жоғы 317 жоба жүзеге асырылыпты. Сарапшылардың айтуынша, оның біразы – көзбояушылық, тіпті капиталды заңдастыру болуы да ғажап емес. Өйткені ашылып, жобалық қаражаты игерілген соң кәсіпорын өнім шығармай, тез жабылып қалған.

Бұған қоса, өз қатысушыларына жеңілдікті пайдаланып, Қазақстанда көптеген салықты төлемеуге мүмкіндік беретін, бірақ өздері ел бюджетінен қаржыландырылып, масыл болып отырған Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі, "Астана" халықаралық қаржы орталығы сияқты ұйымдардың пайдасы да елеусіз көрінеді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жоғарыда айтылған 9,5 триллион теңгенің ішінде 3,3 триллион теңгесі – әлдебір компанияларға тікелей берілген салықтық жеңілдіктер.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде министрлік жаңа Салық кодексінде 100-ден астам салықтық жеңілдікті алып тастауды ұсынды. Егер олар алып тасталса, бюджетке тек 1 триллион теңгеден астам қаржы қосымша түседі екен.

Loading...