«Үлкен сабақ болды»: Дана Нұржігіт те зорлық-зомбылық көргенін айтты

Екінші некем баянсыз болды, дейді ол

фото: әлеуметтік желіден

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт отбасылық өмірде зорлық-зомбылыққа тап болғанын ашып айтты. Екінші некесі сәтсіз тоқтаған БАҚ өкілі тіпті өзін заңды түрде қорғауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Halyq-uni 

Дана Нұржігіт Instagram-дағы парақшасында жазба жариялап, оқырмандарына басынан өткен жағдайды баяндап берді. Тележүргізуші зорлық-зомбылық мәселесі өзін айналып өтпегенін айтты.

Ол бұрынғы күйеуімен ажырасарда бір мәмілеге келе алмай, ақыры араларындағы жағдай сот процесіне дейін жеткен.

Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақыбыры менің жеке басымды айналып өтпеді. Жәбірленушінің орнында болып, сот залында отырамын дегенді кім білген? Қиындық кімде жоқ?! Менде мойымай «бастысы денсаулығым мен кәсібімнен айырмасын» деуші едім. Алайда моральдік-психологиялық қысым алдымен денсаулығыма кесірін тигізді. Сосын телевизияда жұмыс істей алмайтын жағдайға жеткізді. Сол кезде басшыға өзім барып, кетемін деп шештім. Өйткені түске дейін тергеушінің алдында, түстен кейін камераға, тікелей эфирде жұмыс істеуге жарамай қалдым.

Екінші некем баянсыз болып, тоғыспайтын жерден М.Ә. есімді жігітпен мәмілеге келіп, адамша екі жаққа кетудің орнына, іс насырға шауып, жабық есік жағдайындағы сот процесіне дейін жетті. Екі жарым жыл бұрын заңды түрде ажырасқан едік. Содан соң он айға жуық менің талабым бойынша оның үстінен қозғалған қылмыстық істің тергеу процесінен өттім. Соңғы нүктесі 28 мамырда қойылды. Үкім 13 маусымда күшіне енді.

Істің мән-жайын айтпауға сотқа қатысқандар қолхат бердік. Сондықтан артық сұрақ қоймаңыздар. Иә, мен заңды түрде қорғануға мәжбүр болдым. Басында бәріміз пендеміз ғой, бір шешімге келерміз деп жеңіл көрінген істің арты осыншама уақытымды, денсаулығымды алады деп ойламадым. Жұмыстың, үйдің, баламның берекесі қашты. Қаржылық шығын, жүйкенің тозғанын айтпағанда. Бұл оқиға мен үшін үлкен сынақ та, сабақ та болды (...), - деп баяндады ол оқиғасын.

Loading...