Метеоридтер мен шоқжұлдыздар жауыны: Қазақстандықтар 12-13 тамыз күні ғажайып көріністі тамашалай алады

Алматыда 13 маусымда қала тұрғындары метеорид жауынына ұқсас ерекше құбылысты таңғалыса тамашалады. Дегенмен кейін мамандар мұның әуедегі жанып кеткен аппараттың қалдығы екенін айтты.

Фото pixabay

Осы тұста көпшілікке метеоридті қалай, қандай жағдайда көруге болатыны қызықтыруда. Stan.kz тілшісі Бақылау астрофизикасы бөлімінің бастығы Александр Серебрянскийден қазақстандықтардың метеоридтер жауыны секілді ғажап көріністі қашан көре алатынын сұрап білді.

Маманның айтуынша алматылықтар көрген көрініс метеоридтер ағынынан мүлде басқаша. Бұл Starlink секілді төмен орбиталы аппараттар.

“Starlink секілді төмен орбиталы аппараттар арнайы тәсілде атмосфера қабатында ыңғайланып жасалған. Олар 380 мың километр биіктікте ғарышқа шығарылады. Кейін тұтас орбита қабатында болады. Міне орбита деңгейіне жеткен кезде қандай да бір кедергілер мен ақаулар туындауы мүмкін. Сондай сәтте ол сигнал беріп, өз өзінен жою функциясын іске қосады. Starlink секілді аппараттар арнайы тәсілмен жасалған. Ол орбита қабатынан түсіп, әуеде өздігінен түгелдей жанып кете алады”, – деді астрофизик. 

Александр Серебрянский бүгін түнде алматылықтар көрген көрініс алдағы уақытта жиірек қайталанатын ескертті. Айтуынша Starlink аппараттары қандайда бір мерзімде орбита қабатына енді жиі шығарылып отырады.

“Алайда олар адамдар үшін ешқандай зиян келтірмейді. Қазақстандықтар осындай кезекті оқиғаның куәгері болды. Бір жыл бұрын қытайлық аппарат аспанда толығымен жанып, дәл осындай көрініс болған еді. Алайда ешқандай қалдықтар Жерге құламады. Қазір ғаламда бізді ғаламтормен, желілермен байланыстыратын осындай аппараттар көбеюде. Сондықтан алдағы уақытта мұндай көріністерді де көптеп кезіктіреміз деп айта аламын”,- деп қосты ол.

Астрофизик мұндай апппарттарды жасарда мамандар олардың әуеде түгелдей жойылып кетуін қамтамасыз ететінін жеткізді.

“Сондықтан қорқудың қажеті жоқ. Әрине кей жағдайларда ақау әсерінен олардың Жерге құлау фактілері тіркелген. Мәселен АҚШ-та сондай оқиға болды. Алайда бұл тұрғыда да мамандар аппараттың адамдар шоғырланбаған мұхиттарға ашық ешкім жүрмейтін жерлерге құлауын қамтамасыз етеді. 

Қазір ғалымдар осы аппараттан қалған күл, шаңдардың қандай да бір дәрежеде экологияға әсері болатынын айтуда. Бастысы олардың жанып кеткеннен соң қалатын қалдықтарының құрамында радиактивті заттардың болмауы маңызды. Себебі Канадада құлаған аппаратттың құрамында радиактивті элемент табылған кездер де болды. Қазір мамандар дәл осы мәселемен айналысып жатыр. Біз қазір шетелдік әріптестерімізбен байланыстамыз. Осы Starlink аппаратының жойылатыны туралы бізге хабарланған болатын. Алайда біз 12 маусым деп күткен едік”, – деді Александр Серебрянский.

Маман метеорлардың жауыны мен аппараттардың әуеде жанып кетуі екі түрлі құбылыс екенін ескертті. 

Александр Серебрянский көпшілік метеоридтер деп атап жүргені шындығында кішкентай метеор, болид тастары екенін түсіндірді. 

“Метеорлар жауыны жыл сайын, тәулік бойы жүреді. Шамамен сағатына жүздеген тастар жаууы мүмкін. Негізінде Жер қозғалыста тұрғандықтан үлкен кометалардың жанынан өтеді. Ал Жердегі адамдар көрген кішігірім нүкте ретінде аққан жұлдыз сол кометалардың құйрығы болуы мүмкін. Олар персидтер ағыны деп аталады. Олардың ағынын қазақстандықтар 12-13 тамыз күні көре алады. Және тек түнде тамашалай алады. Негізінде персидтер жауыны жыл сайын дәл осындай уақытта Жерге көрінеді”, – деп қосты маман. 

Маман сонымен қатар алдағы уақытта геменидтер деп аталатын егіз шоқжұлдыздарының да жауыны күтілетінін алға тартты. Қазақстандықтар бұл ғажайып көріністі 14-15 желтоқсанда тамашалай алады. 

“Бұл бір екі сағатты ғана құрамайды. Олар тәулік бойына дейін ағып өтуі мүмкін. Түнде оларды көру оңайырақ. Одан бөлек қаладағы жарықшамдар олардың анық көрінуіне кедергі жасайды. Сондықтан егер сіздер метеорлар жауынын анық тамашалағыларыңыз келсе қаладан тыс жарықшамдар жоқ тауға баруға кеңес береміз. Олардың көлемдері өте үлкен. Ал анық айқын көріне ме, әлде байқалмай өте ме бізге белгісіз”, – деп қосты ол.

Маман сөз соңында метеорлардың экологияға табиғатқа, ауа райына мүлде әсер етпейтінін тілге тиек етті.

“Күн жүйесіндегі планеталар неден пайда болса, олар да дәл солай жаратылған. Былайша айтқанда олардың құрамы біздің алғаш пайда болу құрамымен бірдей. Метеорлар радиоактивті заттарға жатпайды. Олар әдетте кәдімгі құм мен тастан тұрады. Жермен салыстырғанда жалғыз айырмашылық пен ерекшелігі олардың құрамы мүлде өзгеріске ұшырамаған. Яғни Күн жүйесіндегі жаратылыс бірінші күні қалай пайда болса, олар сол қалпын сақтап қалған. Метеорлардың арасында құрамында никель элементі бар темір, тасты метеоридтер де кездеседі”, – деп қорытындылады маман. 

Еске салсақ, Алматы облысының тұрғындары 13 маусымға қараған түні аспаннан ерекше жарықтарды байқаған еді.

Loading...