«Тіршілік көзін» үнемдеу туралы тақырып тарқатылды

Универститетте оқитын студенттерге  сапалы білім берумен қатар, түрлі бағытта тәрбие беру оқытудың басты принциптері болып табылады.  Осы ұстанымда университет оқытушылары сабақтан тыс уақыттарда әртүрлі тақырыптарда тәрбиелік іс-шаралар өткізіп, шетелден келген азаматтарды жаңа ортаға бейімдеп, жергілікті халықтың өмірімен етене жақын таныстырып келеді.

OnNews.kz

Жұмбағы көп жаңа ортаға келген шетелдікті жаңа орта ақпараттарын қабылдата отырып, қызықтырып, жаңа нәрсеге үйрету, олардың санасында жаңа ақпараттың берік жатталып қалуы үшін пәрмені басым әдіс.

            Осы оқу жылында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  ЖОО дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының  оқытушылары доцент Г.Ә. Мұсаева,   аға оқытушылар  Г.Ә. Машинбаева, М.П. Ешимов, Р.И. Дүйсенбаева  шетелдік студенттермен ТДМ-6 «Таза су және санитария» аясында «Су- тіршілік көзі» тақырыбында  ашық кураторлық іс-шара өткізді. Мақсаты - әлемдегі су тапшылығының алдын алу, суды үнемдеудің жолдарын үйрету. Әлемдегі су көздері өзен, теңіз, көлдерден және мұздықтардан алынатыны туралы айтыла келе дегенмен оларды орынды қолданбай, сырап жасау әлемдік су тапшылығы проблемасына әкелетіндігі жөнінде  қадап айтылды. Сондай-ақ су көздерінен алынатын сулардың барлығы бірдей ауыз суға жараймайтынын, олардың барлығы бірдей  тұщы су емес екендігіне назар аударылды. Іс-шара барысында шетелдік тыңдаушыларға әлемдегі су мәселесі, әсіресе ауыз су тапшылығын болдырмас үшін жүргізілетін жұмыстар туралы мәліметтер берілді. Тыңдаушылар да өз елдеріндегі суды үнемдеуге  қатысты ақпараттармен бөлісті. Осы орайда қытайлықтардың су тапшылығын болдырмауға  қатысты ұсыныстары ортаға салынды.  Биылғы жылы кафедраға келген шетелдіктердің дені қытайлық азаматтар. Олардың ішінде ұлты қазағы, яғни қандастарымыз да бар. Олардың айтуынша Қытай елі де су тапшылығы бар ел. Сондықтан миллардтаған халқы бар алып көршіміз ауыз су мәселесіне қатысты дабыл қағып қана қоймай, «тіршілік көзін» үнемдеудің жолдарын мектеп жасындағы балалардан бастап үйретеді екен. Қытайлық азаматтар суды үнемдеуге қатысты төмендегідей ұсыныстар жасады:

1. Көкөніс жуған сумен өсімдіктерді суғаруға болады.

2. Күріш жуған суды бет тазартуға немесе ыдыстарға қалып қалған қара дақтарды кетіру үшін пайдаланған дұрыс.

3. Көкөніс немесе күріш жуған сумен аяқты жуып, таза сумен шайса су көп ысырап болмайды.

4. Ыдыс жуғанда ыдыс жуатын сабынды аз қолдану.

5. Ыдысты не тісті жуғанда суды арнайы ыдысқа құйып алып жуу.

            Бұл іс-шарада шетелдіктер су тақырып нысанаға алып еркін  пікірталаса алды, өз ойларын қорытып, баяндау,  ұсыныстар айту мүмкіншілігіне ие болды. Ұстаздар тарапынан өткізілген мұндай ұтымды шаралар қатары көбейе түскені дұрыс. Бұл сапалы білім берудің бірден-бір ұтқыр әдісі деп білеміз. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Г. Ә. Машинбаева,
Р. И. Дүйсенбаева,
Г.Ә. Мұсаева,
М.П. Ешимов

 

 

 

 

Loading...