Депутат су басып жатқан аймақтардағы оқушыларды ҰБТ-дан босатуды және тегін білім грантын беруді талап етті: Ал министрлік не дейді

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желіде топан су алған өңірлердегі жұмыссыз қалған ұстаздар мен оқушылардың ахуалы мәз емес екенін айтып, мәселені тиісті деңгейде шешуді талап етті.

Фото: Stan.kz коллажы

Осыған орай Stan.kz тілшісі ғылым және және жоғары білім министрлігінің пікірін білді. 

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Instagram желісіндегі парақшасында су астындағы қалған аймақтардағы оқушылардың қалай ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыратынын айтып, тегін білім грантын тағайындауды ұсынды. 

"Ұлттық бірыңғай тест ол сіз су астында қалдыңыз ба, су астында қалдыңыз ба, құрғақ жерде отырдыңыз бе, еш нәрсеге қарамайды. Барлығына ортақ талап енетін болады. Бірақ қазір 2-3 ай бойы онсызда үйінен, мал мүлкінен айырылып, ата-анасының еңіреп, етегі жасқа толып жүргенін көрген оқушы бала ұлттық бірыңғай тестілеуде сапалы білім көрсеткішін көрсетеді дегенге сенесіз бе?! Мен мүлдем сенбеймін... Сондықтан қойған талабымның бірі – эвакуациялық аймақтардағы, орталықтардағы оқушыларды толықтай емтихандардан, сынақтар босату. Сонымен қатар төтенше жағдайдағы аймақтардағы 11 сынып оқушылары сынаққа дайындалуға мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан олардың барлығына білім гранты берілу керек деген мәселені көтердім. Жылда мыңдаған грант игерілмей қалады. Сол себепті осы мәселені шешу бойынша әрекет жасап жатырмыз", – деді Нартай Аралбайұлы.

Депутат премьер-министр оның талабының ескергенін, тиісінше, оқу-ағарту министріне тапсырма бергенін айтып өтті.

"Кеше оқу-ағарту вице-министрінің сөзіне сүйенсем, 3 мыңнан аса оқушы және 600 ұстаз эвакуациялық орталықтарға орналасқан деді. Бұл өте маңызды мәселе. Су астында қалған бұл ұстаздар қазір сабақ беріп жүрген жоқ. Демек олардың сағаты толмайды. Апталық, тәуліктік сағаты ескерілмейді. Демек олардың автоматты түрде жалақысы да тоқтауы керек немесе жалақысы төленбейтін еңбек демалысына шығуы қажет. Бірақ оған ұстаздың кінәсі жоқ қой. Аймақтың су астында қалғанына сол жердегі шенді-шекпенділер кінәлі. Ол үшін қарапайым ұстаздар жапа шекпеуін және олардың айлығын сақтап қалуымыз керек. Ұстаздардың өтетін арнайы біліктілікті бағалау тестілеуі бар ғой, соған шақырып жатыр дейді. Осыны да доғару мәселесімен айналысып жатырмыз. Апат аймағанда қалып, үй-күйінен айырылып, "балапан басына, тұрымтай тұста" орталықтан келіп, сынақ өткізу мүлдем ақылға сыймайды", – деді Нартай Аралбайұлы.

11-сынып бітіруші түлектеріне грант тағайындау мәселесі бойынша ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгіндік. Алайда ведомствоның баспасөз қызметі ҰБТ-ны кейінге шегеру мен шәкіртақы бөлу барысы үкімет деңгейінде шешілетін мәселе деп айтты. 

Ал Ақтөбе облысы білім басқармасының баспасөз қызметі өңірдегі білім беру ұйымдарында БЖБ – бөлім, ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау, ТЖБ – тоқсандық жиынтық бағалау өткізу тоқтатылғанын мәлімдеді.

Мұғалімдердің еңбекақысының төленуіне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. "Сабақ оқыту процесі тоқтатылған жоқ. Онлайн және офлайн форматында жалғасып жатыр. Төтенше ахуал шаралары кезеңінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Еңбек Кодекстің 112-бабына сәйкес еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалған  мөлшерінде жүргізіледі. Осыған сәйкес бүгінде облыстың төтенше жағдай жарияланған аудандардың педагогтер мен басқа да қызметкерлердің жалақылары бекітілген тарификация бойынша төленіп жатыр", – деп жауап берді Ақтөбе облысы білім басқармасы.

Сонымен қатар білім басқармасы төтенше жағдай кезінде педагогтерді біліктілікті бағалау тестілеуінен өтуге мәжбүрлеу фактісі болмағанын атап өтті.

"Қазір облыстың орталығы мен кейбір аудандарында жарияланған төтенше жағдайға байланысты тестілеуді өткізу уақытша тоқтатылып тұр. Жағдай тұрақталғаннан кейін біліктілік тестілеуін өткізуге қатысты уәкілетті орган, яғни оқу-ағарту министрлігі тарапынан нақты шешім қабылданатын болады. Егер оны өткізуге рұқсат етілсе, апаттан зардап шегіп, аттестациядан өтуге мүмкіндігі жоқ педагогтерге қолданыстағы нормативтік құқықтық актіде жеңілдіктер қарастырылған", – деді білім басқармасының өкілі.

Ақтөбе білім басқармасы аралық және мемлекеттік емтихан тапсыру уақыты жыл сайын дәстүрлі түрде мамыр айының соңғы күндері және маусым айында жоспарланғанын айтады. Алайда апатқа байланысты мемлекеттік емтихан өткізу рәсіміне қатысты әзірге ешқандай өзгерістер енгізілмегінін жеткізді.

Бұдан бөлек Ақтөбедегі мектептердің бірінде сабақ беретін Айнұр Бекетаева есімді ұстаз апаттан кейін өңірде жағдай оңай емес екенін тілге тиек етті.

"Бізде оқушыларға емтихан, сынақтар бәрі онлайн өтті. Өңірдегі ахуал күрделі болғандықтан топансудан зардап шеккен отбасыларды және ұстаздарды біздің мектепке эвакуацияландырып алып келді. Біздің білім мекемемізде тамақ беріп, жағдайын жасап, әр күні мұғалімдерді кезекшілікке және кураторлыққа тұрғызып жатыр. Бұл қызметтегі ұстаздар мектеп жасындағы және мектепте дейінгі балаларға, жас ерекшеліктеріне қарай түрлі тапсырма, ойын, сабақ өткізді. Соған байланысты мұғалімдерге айлықтан бөлек, ақша түсті. Айлығымыз жүріп тұрды. Себебі эвакуацияланған ата-аналардың балаларымен жұмыс істегеніміз үшін қосымша қаражат бөлінді", – деді ақтөбелік ұстаз.

Loading...