Тоқаев көңілге қонымды тарифтерді 5-7 жылға енгізуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев президент жолдауында электр энергиясы жағынан еліміздің көрші елдерге тәуелді болмауы тиіс екенін айтты.

Эфирден скриншот

"Қазақстан негізінен электр энергиясын импорттамауы, көрші елдерге тәуелді болмауы тиіс. Қазір болып жатқан жағдайға барлық жағынан, ең алдымен мемлекеттің қауіпсіздігі тұрғысынан жол берілмейді.

Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру жалғасады. Гидроэлектростанциялардың дамуына ерекше назар аудару қажет.

Энергиямен, жылумен және сумен жабдықтау біртұтас технологиялық өзара байланысты жүйе болып табылады. Оған экономиканың жеке маңызды саласы ретінде қарау керек. Қазіргі тәсіл негізінен таусылды. Бүгін жаңа шешімдер қажет", – дейді Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, тариф саясатын түбегейлі қайта қарау қажет. Осы орайда тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет.

"Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Мемлекет басшысы монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажеттігін де ерекше атап өтті. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы халық тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады.

Loading...