"100 мың бергендері ұят": Өнер иелері неліктен 100 мың теңгеден жинағанын түсіндірді

Елімізде су тасқыны ахуалы басталғалы бері кәсіпкрелер, еріктілер мен өнер иелері де шетте қалмады. Жақында желіде су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат жинаған жұлдыздардың тізімі пайда болды. Жұрт 100 мың теңге аударым жасаған өнер иелерін сынап тастады.

Бейнежазбадан үзінді

Бұл чатты құрғандардың бірі Құдайберген Бекіш пен Шахизада неге 100 мың теңгеден жинағанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы өнер иелері "ХабарLike" бағдарламасына берген сұхбатта бөлісті. 

"Көкейде жүрген осы сұраққа бүгін жауап берейін деп келдік. Үлкен нәубат келіп, су ала бастағаннан кейін өнер адамдары әп-сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жан-жақтан хабарласып, ортақ чат аштық. Оны қазақтың аяулы қызы Роза Әлқожа бастады. Шаһизада, Гүлзира Айдарбекова, Өктем Алтаев, Ерғали деген бауырымыз бар "Кім қанша қаражат бере алады?" деп, барлығым жиналдық. Арамызда ешқандай кикілжің болған жоқ. "Мынадай сомада жинайсың" деп ешкім айтпады, саяси тапсырыс емес. Ең азы 100 мың теңгеден, 500 мың теңге, 700 мың теңге, 2-3 миллион теңгеден жинадық. Әркім жағдайына қарай берді. Бір айлыққа қарап отырған әнші мен актерлер бар. 1 миллион теңгені бірден беруге жағдайлары жетпейтіндер бар. Сондықтан халыққа көмек болсын, Алланың алдында арымыз таза болсын деген көңілмен бердік. Әлі жиналып жатыр, беремін дегендер бар. Риза болғаным, "жұмыла басталған жүк жеңіл" демекші, біз танымайтын өнер адамдары, жастар, журналистер, актерлер мен суретшілер де бар. Ешкім қарсы болған жоқ", - деді Құдайберген Бекіш.

Шаһизаданың айтуынша, өнер иелері жинаған қаражат 30 миллион теңгеден асқан.

"Жиналған ақша 30 миллион теңгеден асты. Чаттың өзінде 500 адамдай жиналды. Кей әншінің жағдай жоқ. Қазір бұрынғыдай табыс табу жоқ. Мааған кейбір әншілер кешірім сұрап, ақша бере алмайтынын айтып жазды. Ондай кезде сабырлыққа келіп, жағдайды түсіндік. Бұл жерде "сен осынша ақша саласың" деген жоқ. Біз де халықпыз. Мен бұл чатты өшірмейік деген ұсыныс жасадым. "Бізден қанша адам көмек сұрайды. Соларға көмектесу үшін тұра берсін" деген ой", - деді Шаһизада.

Ал асаба Бақыт Тұшаев асабалардың басын біріктіріп, генератор, қайық, күректер алғанын айтты. 

"Мен ғана жинаған жоқпын. Асабалық та үлкен өнер. Асабалар да қарап қалған жоқ. Генератор, қайық, күректер алып, апарып жеткіздік. Әлі де аударып жатырмыз", - дейді ол. 

Бағдарлама жүргізушісі Аман Тасыған халықтың пікірін айтты. Олар 100 мың теңгеден жинаған өнер иелеріне разы болмаған. 

"100 мың теңгелеріңді қайтарып алыңдар. Халық сендерсіз-ақ көтеріліп алады", "100 мың бергендері ұят нәрсе", "Әйтеуір хайп жинау", - деп жазған олар. 

Loading...