Қазақ тілін "Мәмбеттер тілі" деп қорлаған Тиктокер қызға сот үкім шығарды

TikTok желісінде қазақ тілін қорлаған алматылық қызға үкім шықты.

ашық дереккөзі

21 жастағы Элина Лю күзде Tiktok желісінде стримға кіріп, он мыңға жуық көрермен жинаған. Сол кезде желі қолданушылардың бірі оның ұлты мен дінін сұрап, мемлекеттік тілде сөйлеуін талап еткен.

Сол кезде 21 жастағы тиктокер қазақ тіліне деген жеккөрушілігін көрсеткен.

Ол қазақ тілін ұнатпайтынын, және ол мәмбеттер тілі екенін, мәмбеттердің кесірінен Абай көшесінде кептеліс болатынын айтқан. Қыздың сөзінше, Алматыда ешкім қазақша сөйлемейді.

Оның трансляциясының жазбасы желіге тарап, полиция департаменті іс қозғады. Оның сөздері сараптамаға жіберілді.

"Мен қазақ тілін ұнатпаймын, шынымды айтсам, бұл – мәмбеттер тілі" деген сөз тіркестерінде қазақ ұлтын тілдік негізде кемсітетін баға бар және бұл қоғамдық мораль нормаларын бұзады. Мұндай мәлімдемелер қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты қорлау болып саналады. Осыдан ұлттық араздықты немесе алауыздықты қоздыру белгілері бар”, – делінген сараптама қорытындысында.

Элина Лю желі қолданушысы оны осыған жеткізгенін және ашуына тигенін айтып ақталды.

Элина Лю қылмыстық кодекстің 174-бабы "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бойынша сотталып, екі жыл ең төменгі қауіпсіздік колониясында жазасын өтейді.

Ал оның баласы әжесіне беріледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Loading...