«Берікті Күлпаш деп қабылдамаймын»: Актриса Қарлығаш Ахметовамен сыр-сұхбат

Актриса, «Шымкент шоу» театрының әртісі Қарлығаш Тұрсынбекова «Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат беріп, отбасы, күйеуімен қарым-қатынасыжайлы әдемі әңгіме өрбітті.

Ашық дереккөзі

- Қарлығаш, әңгімемізді сіздің туған жеріңізден бастасақ.

- Мен Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келгем. Әкем совхоз директоры боп еңбек еткен. Анам тігіншілікпен айналысқан. Бірақ кейін ата-ененің қызметінде қалып, үй шаруасының басында болды. Біз енді әкемнің жұмысына қарай көшіп-қонып жүрдік. Үш мектепте білім алыппын, қазір қарап отырсам.

- Ал өнердің нақ ортасына, қақ ортасына қалай түстіңіз?

- 1995-1996 жылдарда, біздің Қызылорданың Арал, Қазалы аудандарынан халық жаппай көше бастады. Сол кезде менің әкем Алматы жаққа көшкісі келіп, жер іздеп, біраз әрекеттенді. Бірақ Алланың қалауы, бұйрығымен 1998-жылы Шымкентке көшіп келдік. Ол кезде мектепті бітіріп қойғам. Сонда да «Шымкентте маған не бар? Әке-шешемді көшірісіп, бір-екі айдан соң Қызылодаға қайтам» деп ойладым. Менің жоспарымда Шымкентте қалу болмаған.

Ендігі мәселе, әкем Қазалыдағы үйді сатқан соң, Шымкентке көшерде «сатсақ кішкене ақша болады» деп күріш ала кеткен. Алдын ала шымкенттік бір кәріс кісімен келісіп алған екен. Қанша екені есімде жоқ, бірнеше тонна күріш ала шықты. Біз өз көлігімізбен кеттік, күрішті сататындар оны жүк көлігіне тиеп жіберетін боп келістік. Бірақ Шымкентке келсек, әлгі бізге сатқан күріштің ортасына майдасын ұрып, салып жіберіпті. Әкем алданып қалды. Сөйтіп өз ақшасын әрең шығарды. Майда күріш қап-қап болып қалды.

Сосын енді әкем маған «мынаны базарға шығарып, анаң екеуің сатыңдар» деп тапсырды. Онда да қалатын ойым жоқ, «Сатысып болып кетемін» деген ниетпен анама көмектестім. Қосымша алма, жүгері саттық. Ол кездері Шымкентте жарық жиі сөнетін, сөйтіп жанына майшам қосып саттық, сұрағандарға дайын тұрсын деп тығылып керосин де саттық.

Сол базарда сауда істеп жүргенде «Жаңадан театр ашылып жатыр, соған өнерлі жастарды қабылдаймыз» деген жарнаманы көріп қалдым. Сөйтіп үйдегілерге айтпай, әлгі жарнама бойынша кастингке бардым. Басталып кеткен екен. Ұзын бойлы, қараторы, бұйра шашты бір жігіт сахнада тұрып өнерін көрсетіп жатыр. Оған отырғандар ду күледі. Әлгінің түріне қарап «мынау өзбек пе, басқа ұлттың баласы-ау» деп баға беріп қойдым. Сөйтіп алдымда отырған қазылар алқасына «мен де осы кастингке келген едім, өнерімді көрсетсем бола ма» деп өтіндім. Артынша өнерімді көрсетіп, әлгі сахнадағы бұйра шашты жігітпен сахна сыртында таныстым. Ол Берік болатын. Екеуміз кастингтен өтіп, содан бері бірге келе жатырмыз.

- Сахнада танысыпсыздар, махабаттарыңыз қалай басталды?

- Біз бір жылдай бір театрда жұмыс істеп жүрген соң дос боп араластық. Беріктің мінезі ашық, бірақ көп сөйлемейтін. Бірінші боп өзім тиісуші едім. Аңқылдаған мінезіммен «жай ғана досым ғой» деп оған бірталай сырымды ашып қойғам. Кейін сөз саларын қайдан білейін. Кейін қыз бен жігіт боп жүріп, соңында үйлендік.

- Актриса келінді Берік мырзаның анасы қалай қабылдады? Қандай келін болдыңыз?

- Енем менің Алланың берген сыйы болды. Өзімнің пейіліме де берген шығар. Өте керемет адам болды. Ол кісіні жуас деп айтуға келмейтін, мінезі бар. Бірақ біздің тірлігімізге араласпайтын. Сосын мені еркелетіп, «әртіс келін» деп қабылдады. Ауылға барғанда емін-еркін жүріп тұратынмын. Ондайды кейде ағайынның адамдары көре алмай, көтере алмай «келініңе айтсайшы» деп айтатын көрінеді. Сондайда енем «келін менікі, ол – әртіс, сендерге артық бірдеңе деді ме, жүрсе жүре берсін» деп сөзімді сөйлейді екен. Қазір ойлап отырсам ұялып кетем, қысқа киіп, шашымды ақ-сарыға бояп, ашық-шашық киіммен ауылға барып-келіп жүрген екем. Енем марқұм өте жақсы кісі еді. Менің анаммен сыйластығы ерекше болды.

- Өзіңіз де үш ұл тәрбиелеп отырсыз. Қандай ене болам деп ойлайсыз?

- Кім-кімнің де жаман ене болғысы келмейтін шығар. Келген қыз да сол отбасына бақытты болам, сіңісіп кетем деп келеді. Бірінші кезекте өзім бірінші қадам жасап, үйдің шаруасына, жазылмаған заңдарына бет бұрғызып, ыңғайлап, сіңісіп кетуіне жағдай жасаймын деп ойлаймын.

- Отбасыңызда қандай заң бар?

- Ерін сыйласа болды. Үш ұл өсіріп отырмын ғой енді. Оларға қазірден «әке-шешеме қараймын, оларға борыштармын, алдымен солардың жағдайын жасайын деп ойламаңдар» деп айтып отырамын. Менікі дұрыс па, бұрыс па, білмеймін. Олар өз отбасының жауапкершілігін арқаласын. Өз әйелдерін ішкізіп, жегізіп, балаларын жеткізсін. Маған Бекең жетеді. Менің бар сенерім сол кісі. Соны аман қылса болды. Сол енді, келіндеріме артылар жауапкершілік көп емес. Күйеулерін сыйлап, отбасын жақсы ұстап, балаларына жақсы тәрбие берсе болды.

- Бір сұхбатыңызда «Танысқан кездегі Берік – басқа, үйленген кездегі Берік – басқа, ал қазіргісі мүлдем бөлек» депсіз. Бұл қалай сонда?

- Кез келген адам өзгереді. Енді өмірдің ағысына қарай, көрген-түйгеніңе қарай, әртүрлі жағдайға қарай адамның мінезі, ақыл-ойы, санасы өзгереді ғой. Кемелденесің, ақыл тоқтатасың. Сол сияқты Бекең де өзгерген. Мен де өзгердім. Бекең бұрын ашық мінезді-тұғын. Қазір мінезі тұйық, жабылып қалған. Көп нәрседен өзін тыйған. Енді ол өзінің бөлек әлемі. Ерлі-зайыптылар ретінде ортақ әлемнен бөлек тағы бір әлемі бар. Оған мен кіре алмаймын. Басында «бұл қалай» деп түсіне алмай жүруші едім. Сөйтсем өмірде біз ашпай-ақ қоятын есіктер болады екен. Білмей-ақ қойғаның дұрыс сырлар болады.

- Сіз жұмбақтап, бірдеңені айтпай отырсыз ғой.

- Мен кірмеген есікке сіздер кіріп не керек? Бір құпиясы бар деп ойлап отырған шығарсыздар. Жоқ, олай емес. Ол өзінің өнердегі, өзімен өзі сырласатын бір әлемі ғой.

- Берік мырза бір сөзінде «Менен киім сұрамайды, шуба әпер деп жыламайды» деп айтып қалды.Дүниеге қызығасыз ба? Неге күйеуіңізден ондайды талап етпейсіз?

- Үйім бар, қарным тоқ, несін талап етем? Алтынды ел тағып жатыр, рахмет. Киім де солай, керек кезінде алам, бей-берекет емес. Шубаға о бастан қызықпайм, жұрт киіп жатыр екен деп жүгіре беретіндерден емеспін. Қызықпағасын бәрі бекер екен. Талай алтын жоғалды, қолды болды. Сахна сыртында киініп-шешініп жүріп бірталай алтын жоғалттым. Кейде қайын әпкелерім де «Қарлығаш, жинақталсайшы, балаларың өсіп қалды, алтын жина, ақша жина» деп ұрысады. Олардыкі енді жанашырлық қой. Деніміз сау болсын, алтын мен дүниеден де маңызды нәрселер бар.

- Сіз үшін маңызды нәрсе не?

- Мен үшін ең маңызды нәрсе – уақыт, бала-шағаның амандығы, оларға дер кезінде дұрыс тәрбие беріп, жақсы адам етіп шығару.

- Берік мырзаны қатты қызғанады деп естідік...

-Енді, орнымен. Беталды қызғану деген жоқ. Ол менің телефонымды қарамайды, мен оның телефонын ақтармаймын. Оны іздеп, «кімге не жазыпты» деп тімісілеу болғанм емес. Отасқанымызға 23 жыл болыпты. Біреуден қызғанып, оны отбасы арасында талқылап, үлкен проблемаға айналдырмаппын.

Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырлап қалады ғой. Бірақ біздің ыдыс-аяқ екеумізге емес, көбіне біреулер үшін сылдырлайды екен. Ондайда Бекең қырсық мінезіне басып, бір айлап сөйлемей жүре береді. Мен де кейде «көрейінші» деп сөйлемей ары кетсе 5 күн жүрем, ақырында шыдай алмай өзім сөйлеп қоям.

- Өнерде Каталек пен Күлпаш боп киноға түстіңіздер. Абысын-құрбының рөлін сомдау, образға ену қиын болмады ма?

- Мен негізі Берікті Күлпаш деп қабылдамаған адаммын. Күлпаштың образынан өзімнің қайынәпкелерімді көрдім. Күлгені, сөйлегені, жүрісі, мінезі, бәрінен әр қайынәпшемнің болмысын байқадым. Солармен сөйлескендей болдым. Ал еркелегенде Күлпашқа емес, Берікке еркелеп тұрғандай ойнадым.

- Қарлығаш, өнерде де, өмірде де жұптарыңыз жазылмай, бақытты ғұмыр кешіңіздер.

Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған – А. ҚАСЫМБЕК.

Дереккөзі: ernur.kz

Loading...