Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға оралды ма?

Сыртқы істер министрлігі жауап берді.

Фото: tengrinews.kz

Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға оралғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ресми өкілден әлеуметтік желіде жарияланған Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға оралды деген ақпарат қаншалық рас екені сұралды.

Айбек Смадияров бұл мәліметті растамады.

"Бізде мұндай ақпарат жоқ. Ол расталмаған. Сіз Tik Tok-тағы ақпаратты айтып тұрған шығарсыз. Онда сенімсіз мәлімет жариялана да береді", - деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, 2014 жылы наурызда Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында ұсталған еді. Оған шекарадан 4,5 келі есірткі алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол ұсталған кезде 20 жаста болған.

2015 жылғы маусымда Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Loading...