Жекпе-жек кезінде қайтыс болған 17 жасар спортшы ораза ұстап, ауыз бекітіп жүрген

Марқұм кикбоксингтен әлем чемпионы болған

Бейнежазбадан үзінді

Ақтауда NOMAD ММА бойынша өткен ел чемпионатында аса ауыр салмақта сынға түскен Қанат Ахуновтың өлімінен кейін жеке бапкері Элвин Агаев «Бірінші бол» тілшісіне сұхбат берді. Ол марқұмды соңғы үш айдан бері жаттықтырып келген.

17 жастағы Қанат Ахунов Ақтаудағы политехникалық колледждің үшінші курсында оқыған. 31 наурызда Ақтауда өткен облыс чемпионатында ол ауыр соққы алып, артынша қайтыс болды.

«Кеше трагедиялық жағдай болды. Бұл қасіретті ешкімнің басына тілемеймін. Мұндай жағдайды бастан кешу мен үшін өте ауыр. Марқұм спортшы менің қол астымда 3 ай бойы жаттықты. Осыған дейін ол бірде -бір рет денсаулығына шағым айтқан жоқ. Жаттығуға келмей қалған кездерінде смс жазып, ескертіп жүрді. Ол жасөспірімдер арасында кикбокстан әлем және Азия чемпионы болған», - деді Элвин Агаев.

Элвин АгаевЭлвин Агаев

Оның айтуынша, жарыстан 2-3 апта бұрын жарысқа шақырту келіп отырады. Бұл ретте бапкер шәкірттерінің арасынан балаларды таңдап апарып, қатыстыратынын жеткізді.

«Қайтыс болған Қанат аса ауыр салмақта өнер көрсетті. Әлем чемпионатына қатысқанда ол бұдан жеңіл салмақта өнер көрсеткен. Кейін бір жылдай үзіліс жасап, қайтадан спортқа оралды. Ата-анасымен таныс емеспін. Жарысқа қатысатындардың тізімін жасағанда ол да бұл чемпионатқа қатысқысы келетінін айтты. Оның ауыр салмақта сынға түсе алатыны анық көрініп тұрды. Салмағы да жеткілікті, қол-аяғы күшті еді. Бірінші жекпе-жекте уақытынан бұрын жеңіске жетті. 20 секундтқа жетпей қарсыласынан басым түсті. Екінші жекпе-жекпе шығып, өз мүмкіндігін көрсетіп жатты. Алайда, кездесудің ортасына жеткенде қарасам бұрынғыдай болмады. Үзілісте бапкер ретінде әрі секундант болып тұрып аузынан капасын алдым. "Өзіңді қалай сезініп тұрсың?" дегенімде: "бәрі жақсы, жалғастырамын" деді. Терең тыныс алып көрді. Су бүркідім. Осылайша ол қайта айқасқа шықты. Шамамен 30 секунд өткенде ол құлады. Бейнежазбада оның барлығы көрініп тұрды. Шәкіртім соққы тигенше құлап бара жатты. Қанат ол соққыдан құламайтын еді», - деді бапкері.

Белгілі болғандай, марқұм Рамазан айында ауыз бекітіп, ораза ұстап жүрген екен. Мұны бапкері білмедім деп отыр.

«Ата-анасы, өзге де жақындары маған келіп ол туралы айтқан жоқ. Ол жанып тұрған жас бала болатын. Спортпен өмір сүретіні көрініп тұратын. Өте тәжірибелі еді. Кейбір ата-аналар баласының шамасын біліп, алдын ала ескертіп, артық салмақ салмауды сұрайтын. Ал Қанатта ондай болмады. Денсаулығы бәрі жақсы еді. Тіпті ораза ұстаған екен. Мен оны білгенім жоқ. Егер білсем оны жарыстан тыс қалдырар едім», - деді бапкері.

Жекпе-жекте марқұм спортшының қарсыласымен салмағы сәйкес келген. Сондай-ақ, дәрігерлер де денсаулығына қатысты анықтама бергенде ешқандай кінәрат таппаған.

«Оның денсаулығы жарамды екені туралы анықтама өздері барып клиникадан алады. Бізде мұндай мәселе болмады. Кеше қайғылы оқиғадан кейін бізді жинады. Оқиға туралы болған жайтты айтып бердік. Ата-анасына бүгін барып көңіл айтамын. Құлаған сәтте дәрігер шұғыл көмек көрсетті. Жедел жәрдем қызметі 10-15 минутта келді. Сосын жансақтау бөліміне әкетті. Барлық мүмкіндікті жасаған екен», - дейді бапкер.

Элвин Агаев шәкірті айқас кезінде құлағанда төреші бірден капа мен шлемін шешкенін айтты. Өзі де де кілемге жүгіріп шыққан.

«Тілін жұтып қойды ма деп ойлап, аузына қарадым. Бәрі орнында болды. Залдағы ел оны нокаутқа түсті деп ойлады. Қарсыласы да қуанып жатты. Бірақ ол соққыға дейін құлап бара жатқан еді. Осыдан кейін чемпионат тоқтатылды», - деді ол.

Кейін дәрігерлер өлімнің себебін жүректің тоқтауымен түсіндірген. Ал жас спортшы жарыс алдында өзін өте жақсы сезініпті.

«Қанат екінші қарсыласын жақсы танитынын айтты. Араласамыз дегені есімде. Бірінші раундта жақсы өткізіп, екіншісінде сыр берді. Бұл оның 3 ай ішінде менің қол астымда жаттығып қатысқан алғашқы жарысы еді. Жаттығу кезінде өзін үнемі жақсы жағынан көрсетіп жүрді», - деді Элвин Агаев.

Loading...