Украинаның дрондары бүкіл әлемге қауіпті болып шықты

"Лукойл" өз жанар-жағармай құю станцияларына отынды Беларусьтен импорттауға мәжбүр.

Фото: imghub.ru

Дереккөзі: inbusiness.kz

Германиялық Deutsche Welle жазуынша, соғыс басталғалы, Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына кем дегенде 37 рет шабуыл жасады. Соның жиырма шақтысы биылғы жыл басталғалы жүзеге асырылды. 

Ресейлік Forbes ресейлік құзырлы органдардың мұнай өнімдерін шығаратын 11 кәсіпорынға шабуылды ресми танығанын жазды. Жалпы алғанда, қашыққа ұшатын украиналық дрондар жарып жіберген зауыттар бұған дейін бүкіл елдегі мұнай өнімдерінің жалпы өндірісінің үштен бірін беріп келіпті.

Басылым шабуылға ұшырау салдарынан зақымдалған, жұмысын доғарған кәсіпорындардың нақты саны да, соның кесірінен Ресейдің қанша қуаттылықтан айрылғаны да беймәлім екенін ескертеді. Мәскеу бұл тұрғыда толыққанды ақпарат бермейді. Бір белгілісі, дрондар соққысынан кейін өнім шығаруды толық немесе ішінара тоқтата тұратындарын жариялаған 7 МӨЗ бұған дейін 102,5 миллион тонна мұнай өнімдерін өндіріп келді.

Ресей вице-премьері Александр Новак 2023 жылы Ресейдің 275 млн тонна мұнайды өңдегенін мәлімдеді. Демек, Украина қарсыласын соның кем дегенде үштен бір бөлігінен айырғанға ұқсайды.

Бұған дейін Ресей мұнай өңдеу жөнінен әлемдік держава болып келді. Кең ауқымды соғысына дейін солтүстік көрші жылына 340 миллион тоннадан астам бензин, дизель, мазут және басқа мұнай өнімдерін жасайтын. Сөйтіп, алдына тек АҚШ-ты (900 млн тонна) және Қытайды (860 млн тонна) ғана жіберді.

Сондықтан америкалық басылымдар әлемде ЖЖМ тапшылығын туындатпау үшін Ақ үйдің Киевтен ресейлік МӨЗ-дерге шабуылды доғаруын талап еткенін жазды. Соған амалсыз көнсе керек, Украина өткен аптадан бері жауының бұл нысандарына шабуыл жасаған жоқ.

Дегенмен, ресейлік сарапшылардың хабарлауынша, Ресейде отын тапшылығының туындауына жыл басынан бергі жойқын шабуылдар да жеткілікті болды. Бұл көршіде мұнай өнімдерінің көтерме бағасының шығандап өсуіне соқтырды. Билік тек бөлшек сауданың "аяғын" тұсаулап отыр.

Жыл басынан бері Ресейдің көтерме сауда нарығында АИ-92 бағасы бірден 135%-ға өсіп шыға келді. АИ-95 болса, екі есеге жуық (145%) қымбаттаған. Бөлшек саудада да баға ақырындап өсе бастады.

"Алайда сарапшылар мұның тек басы ғана екенін, көктемде дизель, жазда бензин айтарлықтай қымбат тұратынын ескертіп жатыр. Бағалардың шарықтауын біз тек биржалық деректерден ғана емес, тікелей бензоколонкалардан көретін боламыз. Ол күн жақын қалды. Бұған украиналық дрондардан басқа да жайттар ықпал етпек", – дейді салаға маманданған ресейлік журналист Елена Петрова.

Мәселен, бұған әлемдік биржаларда мұнай мен мұнай өнімдері құнының арта бастауы да түрткі болатын көрінеді. Ресейде дәстүрлі түрде көктем мен жазда отын бағасы жоғарылайды. Бір жағынан көктемгі егіс жұмыстары басталады. Екінші жағынан, сапарлар мен демалыстар маусымы бастау алады. Шетелге шығудан аяқ тартқан ресейліктер тынығу үшін өз елін көлігімен немесе таксимен шарлап, аралай бастайды.

Бұл туралы Ресей Энергетика және қаржы институтының директоры Алексей Белогорьев те айтып отыр. Ол бұған тағы бір "бейбіт себеп" – инфляция әсер ететінін жеткізді.

Сарапшылардың пікірінше, Ресейде инфляция биыл ең кемі 7-8%-дан асады. Тиісінше, дәстүр бойынша бензин ең жақсы дегенде 8%-ға тағы қымбаттайды.

"Егер Украина Вашингтонның тілін алмай, ресейлік мұнай инфрақұрылымына шабуылын жалғастырса, елдегі отын құны рекордтық шамаларға жетуі, тапшылық өрістеуі мүмкін. Бірақ мұны әлеуметтік, экономикалық апатты білдіретін "қара аққуларға" жатқызып отырмыз. Олар Украина жақтан "ұшып" келуі ықтимал. Елде теміржол цистерналары тапшы, ол да ЖЖМ бағасына серпін береді", – деді сарапшы.

Экономика жоғарғы мектебінің Мұнай-газ саласындағы зерттеулер орталығының директоры Вячеслав Кулагин жағдайды ушығуға дейін жібермеуге биліктің мүмкіндігі барына сенімді.

"Үкімет бағаларды инфляция шегінде ұстап қалуға тырысатын болады. Бұл үшін тетіктері бар. Ресейдің аман қалған МӨЗ-дері өндіретін мұнай өнімдері ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтеуге жетеді. Ол үшін мұнай өнімдерінің экспортын әрі қарай шектей алады. Осы арқылы нарықты теңгерімге келтіреді. Бірақ көп нәрсе ағымдағы ахуалдың өрбу барысына байланысты. Ресейді нарығын күйретер жағымсыз сюрприздер күтіп тұруы ғажап емес", – деді В.Кулагин.

Демек, Ресей Үкіметі үшін бастысы – ЖЖМ тапшылығының өршуіне, барлық "заправкаларда" ұзын-сонар кезектердің пайда болуына жол бермеу болмақ.

Вячеслав Кулагин Киевтің Ресей үшін "қара аққуды" тосыннан тудыра алатынына назар аудартты. Ресейдің ең ірі МӨЗ-дерінің барлығы дерлік елдің еуропалық бөлігінде орналасқан және 1 мың шақырымға дейін ұшатын украиналық "Лютый" дрондарының қамту аймағына кіреді.

"Олар Еділ-Волгаға дейінгі барлық мұнай өңдеу зауыттарына қауіп төндіреді. Мұнай өңдеу секторы қаншалықты зақымданып, күйрейді, мемлекет пен қожайындары оларды қаншалықты қорғау алады – отандық сұраныстың жеткілікті өтелуі де осыған байланысты болады. Бірақ әр өңірде нақты, жергілікті ауқымдағы проблемалары міндетті түрде болады. Сондықтан мәселе туындағанда отынды өңіраралық бөлу тетіктері тез, тиімді жұмыс істеуге тиіс. Жарылған МӨЗ-дерді жөндеуді жылдамдату да маңызды", – деді Мұнай-газ саласындағы зерттеулер орталығының директоры.  

Сарапшы шабуыл немесе тозу кесірінен болсын, инфрақұрылымның бұзылуы Ресейде әлден бензин өндірісінің қысқаруына соқтырғанын айтты. Тек соңғы аптада ғана оны шығару көлемі тағы 4%-ға кеміді. Жыл басынан бері Ресей бензин өндірісінің 14%-ын жоғалтты.

Қазіргі кезде компаниялар тапшылықты "жабу" үшін бұрыннан бері жинаған қорларын шығындап жатыр. Өткен жылдары мұнай компаниялары 2 миллион тонна қор жинап үлгерген екен.

Бұған қоса, Мәскеу бензин экспортына тыйым енгізді.

Вячеслав Кулагин дағдарыс ұзаққа созылса, Ресейдің бензинсіз, соляркасыз қалатынын болжады. Жер астындағы алып қоймаларда мұнай мен газдың орасан зор қорларын түзетін Еуропамен салыстырғанда, Ресей үлкен қорларды сақтамайды. Өйткені бұған дейін өндірушілер ішкі және сыртқы нарыққа қажетті кез келген көлемде отын өндіріп, лезде жеткізе алады деп саналды. "Біздің қоймамыз – Сібірдегі кен орындары!" деген сенім болды. Украина дрондарымен бірге бұл сенімнің парша-паршасын шығарып отыр.

В.Кулагин Ресей тығырыққа тірелсе, Беларусь пен Қазақстанға жүгінуге тура келетінін айтты. "Лукойл" компаниясы өз жанар-жағармай құю станцияларын қамтамасыз ету үшін одақтас елдерден бензин мен дизель тасуды жоспарлап отырғанын жариялады.

"Бұл елдерге дрондар қауіп төндірмейді. Мысалы, Беларусьтің МӨЗ-дері толыққанды жүктелмеген. Олар бұрын ресейлік мұнайды алып, өзінде өңдеп, Еуропаға ЖЖМ түрінде өткізетін. Бүгінде бұл схема істемейді. Оның МӨЗ-дерінің қуаттылығын біз пайдалана аламыз. Бұл оларға да тиімді. Қаңтарылып тұрғаннан жұмыс істеген қызықты. Қазақстанда мұнай өнімдері арзан, келісіп, одақ аясында одан да таси аламыз. Қорыта айтқанда, жыл Ресей үшін күрделі болады. Содан шетін шараларға баруға тура келмек", – деді ресейлік эксперт.

Қазақстанға дрондар қауіп төндірмес. Алайда Ресей тапшылығын Қазақстанның есебінен өтесе, бізде бензин мен дизель дефициті басталуы мүмкін.

Loading...