Ағзаға пайдалы болу үшін наурыз көжені қалай дайындаған дұрыс?

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес.

Ашық дереккөзі

Бұл күні әрбір үй жеті түрлі тағамнан тамақ пісіріп, молшылық болсын деп ниет еткен. Наурыз көженің пайдасы қандай? Ол ағзамызға пайдалы болу үшін оны қалай дайындаған дұрыс? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне эндокринолог Махаббат Ибрагим жауап берді.

Эндокринолог көктем мезгілінде адам ағзасы әлсіз болатынын айтты.

"Көктем - ағзаның әлсірейтін кезеңі. Ағза бұл кезде жеп жатқан тағамнан керекті макро және микроэлементтерді, дәрумендерді, пайдалы жасұнықты өте аз алады. Өйткені көктемгі азық-түлікте пайдалы заттар деңгейі төмендеу келеді. Ағза қажетті заттарды алмағандықтан, әлсірей бастайды. Қазақ ежелден көктем мезгілін "жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген уақыты" дейді. Көктемнің алғашқы айы ағза үшін өте маңызды. Сол тапшылықты жабу үшін ағзаға пайдасы мол "Наурыз көже" тағамын жасаған", - дейді Махаббат Ибрагим.

Маманның айтуынша, наурыз көже - "дәруменді коктейль". Ол пайдалы заттарға бай:

  • Макро және микроэлементтер;
  • Ақуыз;
  • Пайдалы ферменттер (қатықта мол болады);
  • Күрделі көмірсу (қандағы қантты көтермейді);
  • Пайдалы майлар;
  • ⁠Дәрумендер;
  • Жасұнық.

Махаббат Ибрагим наурыз көже әсіресе асқазан-ішек жолдарына пайдалы екенін ескертті.

"Наурыз көженің бүкіл ағзаға ықпалы зор. Ол тапшылықтарды толықтырады, асқорытуға жағымды әсер етеді, шөл мен қарын ашқанды басады. Сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына емдік қасиеті мол", - дейді эндокринолог.

Наурыз көже әр өлкеде, тіпті бір ауылдағы әр үйде әртүрлі әзірленеді. Жыл бойы молшылық, береке болсын деп мейлінше етті, ақты, дәнді дақылды көп қосуға тырысады.

"Наурыз көжені тек қайнатып жасау керек. Әр дәнді дақылды алдын ала жуып, суға жібітіп алады, осылай дәнді дақылдар өзінің пайдалы жақтарын ашады. Соңында қатық қосады (айран), ал ол - пайдалы фермент пен кальцийдің көзі", - деп кеңес берді Махаббат Ибрагим.

Loading...