1 сәуірден бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүреді

Бұған дейін зейнеткерлер жолақысының жартысын ғана төлеп келген еді.

Ашық дереккөзі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыстық мәслихаттың кезекті оныншы сессиясында ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.

Айта кетейік, қазіргі уақытта қалалық қоғамдық көлікте Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар тегін жүреді. Бұдан өзге, зейнеткерлерге жасы бойынша 50% мөлшеріндегі жолақысы қарастырылған. Бұл жеңілдіктер 2021 жылдың қыркүйегінен бастап іске асты.

Аймақ басшысы сондай-ақ, 2025 жылы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе қаласында патриоттық орталық салынатынын да мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған басты тапсырмасы — облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту. Сондықтан қазір біз бюджет қаржысын барынша тиімді және өзекті мәселелерді шешуге жұмсауымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, биыл облыста 14 мектеп, бірнеше жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар ірі нысандар салынады, жолдарды жөндеуде ірі жобалар қолға алынуда. Бұдан бөлек, ауылдарды газдандыру бағытында да жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Жуырда қаламыздағы автобус паркі жаңа 30 автобуспен толықты. Тағы да жаңа 65 автобус әкелінеді.

Қала тұрғындарын қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етуде биыл қаржы мәселесін шеше отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік жасаймыз. Бұл бастама алдағы сессияларда қаралып, шешілетін болады. Сондай-ақ келер жылы батыр апамыз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе қаласында патриоттық орталық салынады. Қазіргі таңда Әлия апамыздың ескерткішіне жақын аумаққа ғимарат салу мәселесі бойынша қала әкімдігі жұмыстанып жатыр. Бұл жоба да сәтті жүзеге асады деп сенемін», — деп атап өтті облыс әкімі Шахаров.

Ол жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтап, депутаттарды бірлесе жұмылып жұмыс жасауға шақырды.

Loading...