"Өздерің сатып алыңдар": Шымкентте оқулық жетіспей жатыр

Шымкентте мектептерде оқулық жетіспеушілігі байқалып жатыр.

almaty-akshamy.kz

Қаладағы мектептердің бірінің әкімшілігі "ата-аналар оқулықты өздері табу керек екенін" айтқан. Осы мәселеге байланысты Massaget.kz тілшісі мектеп өкілдерімен сөйлесіп, қаншалық кітап жетпейтінін сұрады.

Шымкентке биыл көшіп барған ата-ананың сөзінше, мұндай мәселе мектептерде бұрыннан бар. Биыл да сабақ басталар шақта сынып жетекшілері ата-аналарға "кітапты өздері табуы" қажет екенін айтқан.

"Шымкентте мектептерде оқулық жетіспеушілігі - үлкен проблема. Биыл көшіп келгенбіз. Мектеп балаларға оқулық бермейді, бір-бір кітаптан ғана береді екен. "Өздерің сатып алыңдар" дейді. Кеше бір жарнама көрдім, сұрасам, бір кітап 2000 теңгеден. Бір балаға 10-12 кітаптан керек. Екі-үш оқушысы барлар қыруар ақшаға кітап сатып алады екен. Жылда сондай болады. Шымкенттің ата-аналары біледі екен. Демалысқа шыққанда, бірден кітап сатып ала бастайды немесе жан-жақтан іздестіреді", - дейді ол.

Ата-ана баласын Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектепке бергенін жеткізді.

"Ақылы мектеп болғанымен, мемлекет қаржыландырады. Сөйтіп, тегін оқытады. Келген кезде "еңбек, музыка болмауы мүмкін, бірақ негізгі оқулықтарды береміз" деген. Енді бір апта бұрын "өздерің тауып алыңдар" деді", - дейді ата-ана.

Сондай-ақ, оның айтуынша, оқулық сататындар көп, алайда мектептерде оқулық тапшы.

"Мұғалімдердің бар айтатын сылтауы - оқушы көптігі. Сондықтан жетпейді дейді. Кітапханашылар басқа мектептермен байланысты болатынын білемін. Бір-бірімен жоқ кітаптарды алмасып, алдын-ала толықтырылады ғой", - дейді ол.

Тіпті ата-ананың сөзінше, бір баласының сынып жетекшісі оқулық сататындардың байланыс нөмірлерін берген. Ал тағы бір баласының сынып жетекішісі екі кітап бере алатынын, қалғанын ата-ана өздері қарастыра беруі керек екенін айтқан.

Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі мұндай мәселе бар екенін, бірақ мектеп 80-90 пайыз кітаппен жабдықталғанын айтады.

"Ондай жоқ (кітап жетіспеушілігі - еск.). Қай ата-ана жазып жіберіңіз, сол ата-анаға ұйымдастырып береміз. Кітап берілу керек. Кішкене бар, көп емес (кітап жетіспеушілігі - еск.). 80-90 пайыз жабдықталған. Жекеменшік мектеп болғандықтан, мемлекеттікі сияқты кітап берілмейді. Жоқ оқушыларға ұйымдастырамыз, алып беріп жатырмыз. Ақша түскен кезде бір бөлігіне кітап сатып алып отырамыз", - дейді мектеп өкілі.

Loading...