"Хабар" арнасының жүргізушілері тікелей эфирде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелді күйеуімен татуласуға мәжбүрледі

12 наурызда "Хабар" арнасының "Бірақ" отбасылық ток-шоуында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелге арналған бағдарлама көрсетілді.

Фото: Видеодан кадр

Ток-шоу кезінде жүргізушілер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелді күйеуімен татуласуға мәжбүрледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ток-шоуда кейіпкердің отбасында күйеуінен көрген зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды. Бағдарлама барысында әйел күйеуімен 18 жыл отасқанын, алайда жылдар бойы қорлық көргенін, соңында қолын сындырғанын жеткізді. Осы оқиғадан кейін келіншек алты баласын алып Шымкенттен Астанаға көшіп кеткен. Ол елордадағы дағдарыс орталығында тұрып жатқан кезде журналистер хабарласып, аталған ток-шоуға шақырған. Кейіпкер келісім берген. Алайда журналистер эфирге тосынсый деп оның күйеуін шығарған.

Олар осылайша әйелден кешірім беруін сұрап, татуластырмақ болған. Аталған жағдай ел арасында сынға ұшырап, бағдарлама тарапына түрлі пікірлер келіп жатыр.

"Қорғау Астана" қорының жетекшісі Анна Рыль телеарна жүргізушілеріне келіншектің байланыс нөмірін бергенін, алайда мұндай жағдайды күтпегенін жеткізді. 

"Кезінде мен бұдан былай ток-шоуларға қатыспаймын деп өзіме ант берген едім. Жемісті жұмыс істеп келе жатқан "Хабар" телеарнасының журналистері келгенше осы сөзімді берік ұстандым. Журналистер 6 баласымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, қазір бізден пана тапқан әйелге хабарласты. Бағдарлама арқылы келіншекке көмектескісі келетіндер табылар деген үмітпен байланыс нөмірін бердім. Ток-шоу басталмас бұрын журналистер Г мен оның үлкен қызынан сұхбат алды. Екеуі де жылап отырып, көрген қорлығы туралы айтып берді. Шоу басталар алдында журналистер әйелге күйеуі эфирге келмейтінін айтып, екіжақты келіскен. Әйел бағдарламаға бетпердемен шығатынын айтқан. Бірақ шоу кезінде әйел өзінің жағдайын айтып отырғанда күйеуі кіріп келді. Ол келіншектен бетпердесін шешуді өтініп, гүл ұсынды. Бұл бағдарлама тікелей эфирде болғандықтан, әйел үшін де,  бәріміз үшін де күтпеген жағдай болды", – дейді Анна Рыль. 

Сондай-ақ ол ток-шоу барысында журналистер әкесінің балаларымен кездесуіне рұқсат беруін сұрап, әйелдің келісімін алған. 

"Олар ер адамды татуласу үшін шоуға шақырған. Күйеуі шоуға шыққан кезде Г күйзелісте болды. Ер адамға жақындамауды өтініп, жылап отырып оның өзін қалай ұрғанын, омыртқасын жарақаттағанын айтып берді. Оның балаларымен кездесуіне қарсы емес екенін айтты. Мен рейтинг үшін әйелді азап шегуге мәжбүр еткеніне ашуландым. Олар осы қойылымды қоймас бұрын екі күн бұрын дағдарыс орталығына ер адамның ішіп келгенін, балаларын көруді талап етіп, балағат сөздер айтқанын көруі керек еді”, – деді "Қорғау Астана" қорының жетекшісі.

Жүргізушінің де шын мәнінде ер адамның жағына шығып, күйеуін кешіруге шақырғаны көрермендердің наразылығын тудырды. Тіпті студияда әйелге отбасын сақтап қалуды ұсынған сарапшылар да болған. Олардың пікірінше, мұндай жанжал барлық отбасында болады және бұл әдеттегі жағдай.

Көп арасында дау тудырған жағдайдан кейін "Хабар" басшылығы оқиғаға пікір білдірді. “Хабар” агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев "Бірақ..." бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болғанын, оның мақсаты қоғамды алаңдатқан мәселелерді шешу екенін жеткізді. 

“Қалдырған пікірлердің ішінде бағдарламаның жүргізушілерін, авторларын іздеп, біраз сұрақ туындатқан екен. "Бірақ..." бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болды. Жобаның басты мақсаты – қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер, отбасылық құндылықтар және басқа өзекті мәселелерді көтере отырып, спикерлер, психологтар, заңгерлер мен басқа да сала мамандарымен бірлесіп, талқылау және шешу жолдарын іздеу. Бұл тақырыпты қозғап, нақ осы кейіпкерлермен бағдарлама жасау арқылы қоғамды дүрліктіріп, вирустық контентке айналдыру ниетінен аулақпыз”, – деді ол. 

Кемелбек Ойшыбаев ток-шоуда кеткен қатенің түзелетінін айтты. 

“"Бірақ"-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар! Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз”, – деді төраға. 

“Хабар” агенттігінің төрағасы ток-шоуды ақтағанымен мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева “Бірақ...” ток-шоуының жабылатынын мәлімдеді.

“11 наурыздан бастап "Хабар" арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, оны шешуге бағытталған "Бірақ..." бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікір туындатты. Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуге тиіс еді. Ең алдымен, редакция барлық этикалық норманы сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуі, кейіпкерлерді көп алдында қорламауы қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады”, – деді министр. 

Loading...