Жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар бар?

1 қыр­күйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алады

abai.kz

Елімізде 7 724 мектеп бар. Оның 3 957-сі – қазақ тілінде, 1 203-сі – орыс тілінде, аралас тілде – 2 551 білім береді. 1 қыр­күйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алады, олардың 364 мыңы мектеп табалдырығын аттайды. Сонымен қатар биыл балалардың 68,2 пайы­зы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірінші сынып оқушыларының көпшілігі Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында. Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдаудың пайызы жоғары өңірлер Қызылорда (89,6 %), Ұлытау (86,6 %), Маңғыстау (86,2 %), Жамбыл (80,4 %) облыстары.

Биыл қазақша оқитын 1-сыныптарда шет тілі пәндері болмайды. Қазақ тілінде оқытатын 1-сыныптарда «Әліппе», «Ана тілі» пәндері, ал «Орыс тілі» оқу пәні 2-сыныптан бастап оқытылатын болады. Орыс тілінде оқытатын сыныптарда 1-сынып оқушылары «Қазақ тілі» және «Букварь» пәндерін оқитын болады. Сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2-сыныпта «Көркем еңбек» пәнінің орнына «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері енгізілді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сонымен қатар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған.

Астанадағы жалпы білім беретін 26 650 бірінші сынып оқушысын қабылдады. Олардың 15 929 қазақ тілінде, 10 571 орыс тілінде оқиды. Елордада жаңа оқу жылына 10, 11 (12) сыныптарға білім алушыларды қабылдау 15 тамызда аяқталды. Айта кетейік, қазіргі уақытта Астана мектептеріндегі оқушылардың жалпы саны – 255 мың.

Алматыда жаңа оқу жылында алғаш рет мектепке 30 146 бала барады. 1-сыныпқа қабылдау 1 тамызда аяқталды. Бүгінгі таңда 30 146 бала қабылданды, оның ішінде жекеменшік мектептерге баратын – 3 789 бала. Орта білім беру ұйымдарында пәндік кабинеттердің 75,6% жаңартылды. Мектептерде барлығы 847 пәндік кабинет (химия, физика, биология, оның ішінде 640 кабинет заманауи жабдықтармен (жаңа модификациямен) жарақтандырылды, сонымен қатар 75 STEM және робототехника кабинеттері сатып алынды.

Шымкентте 28 042 оқушы 1-сыныпқа барады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы 24 500 бала, 2022 жылы 26 500 бала 1-сыныпқа барған. Яғни жыл сайын қалада бала саны өсіп келеді. Оның ішінде қазақ тілінде – 21 572, орыс тілінде – 4 125, өзбек тілінде – 2 345 оқушы қабылданып отыр. Ал жалпы, бүгінде 246 қала мектебінде 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Жүзге жуық мектеп жекеменшік болса, қалғаны мемлекеттік мектептер санатында.

Солтүстік Қазақстан облысында 454 мектептің әрбір төртіншісі ғана таза қазақ тілінде сабақ береді. Петропавлдағы үш орыс мектебінде қазақ сыныптары ашылғанымен, бала санын жеткізе алмай жатыр.

Облыста 454 жалпы бiлiм беретiн мектеп бар: 112-сі немесе 24,7% қазақ тiлiнде, 21,1% немесе 96-сы - аралас және 54,2% немесе 246-сы орыс тiлiнде оқытады. Осы оқу жылында қазақ тілінде оқитын балалардың санын арттыру мақсатында облыстың 5 ауданында 8 мектепте қазақ тілінде сыныптар ашылды. Сондай-ақ, Чкалов арнайы мектеп-интернатында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған қазақ тілінде оқытатын сынып ашылды. Осы оқу жылында 1 сыныпқа 7739 бала қабылданды, оның ішінде 1775 бала қазақ тілінде оқып жатыр, бұл 23% құрайды.

Петропавл бойынша 36 мектеп болса, оның ішінде таза қазақ мектебінің саны алтау ғана. Бұл білім мекемелеріндегі оқушы саны - 3891. Облыс орталығындағы 5 аралас мектепте 1123 бала қазақша білім алып жатыр. Сонымен қазақ тілінде білім алып отырған қалалық оқушылардың саны- 5014, жалпы 26790 оқушы болса, бұл соның 18,7 % ғана.

Маңғыстауда облыс тұрғындарынан барлығы 20 мың өтініш келіп түсті. Оның ішінде бірінші сыныпқа 19820 оқушы қабылданды. Оның 17 439-ы мемлекеттік мектептерге оқуға барады. Бірінші сыныпқа 188 (болжам бойынша) жалпы білім беретін мектептер қабылданады: оның 145 - і күндізгі мемлекеттік, төртеуі кешкі және 39 – ы жеке.

Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылында 377 жалпы білім беретін мектептерде 121 мыңнан астам оқушы білім алады. 1 сыныпқа 13006 оқушы қабылданды. Облыста жалпы 32 627 баланы қамтитын 532 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

Абай облысында 1-сыныпқа баратын оқушылардың 70% қазақ тілінде оқуға ниет білдірді. Ата-аналардан баланы мектепке қабылдау туралы 10 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 5016-сы Семей​ қаласына тиесілі. Балалардың 70%-ы қазақ тілінде оқуға ниет білдірді.

Шығыс Қазақстанда 9654 оқушы бірінші сыныпқа барады. Бұл соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш. Аймақтағы 343 мектепте 98 мыңдай оқушы білім алады.  Олардың 9 654-і – бірінші сынып оқушылары. 

Түркістан облысында 51 621 бала 1-сыныпқа барады. Бүгінде 52 мыңға жуық баланың, яғни 94%-ының ата-анасы құжат тапсырды. Оның ішінде 77%-ы баласы үшін (36 678 бала) қазақ тілінде білім беретін мектепті таңдаған. Өзге ұлт өкілдерінен қазақ сыныбына 1 496 бала 1-сыныпқа құжат тапсырды. Жалпы, өңірде 907 мемлекеттік мектеп бар. Онда 490 920 оқушы білім алады.

Қызылорда облысында 2023-2024 оқу жылында облыстағы мектептерге 17 296 бала 1-сыныпқа қабылданды.

Атырау облысында2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа 15 200-ден аса бала қабылданды, оның ішінде орыс сыныбына 3 660 бала барады. Алайда мектептерде бастауыштың орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалім тапшы. Мысалы, қазір 85 маманның орны бос тұр. Сондай-ақ математикадан сабақ беретін 46 мұғалім қажет. Облыста 201 мектеп бар.

Ақтөбе облысында 1 тамызға 1 сыныпқа 18 459 бала қабылданды, оның 14 058 – і қазақ тілінде, 4 401-і орыс тілінде оқытылады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 429 білім беру ұйымдарында 183 мыңға жуық бала білім алады, оның ішінде 18590 бала – бірінші сынып оқушылары.

Қостанай облысында 454 мектеп бар. Оның 112-сі ғана қазақ тілінде, 227 мектеп таза орыс тілінде, 115 аралас (орыс және қазақ тілінде оқытатын) мектеп бар. Орыс мектептерінің 60 пайызын қазақ балалар толтырған.

Биыл 1 қыркүйекте 10 384 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Осы балдырғандардың 71 пайыздан астамы орыс сыныптарына қабылданған. Қалған 29 пайызы ғана қазақ мектебіне барады.

Қарағанды облысында 17 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бірінші сыныпқа 16 403 бала қабылданды. Бірінші сынып оқушыларының 53 % (7772 адам) мемлекеттік тілде оқуға шешім қабылдады, - делінген Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ұлытау облысында 4 342 бала мектеп табал­ды­рығын аттағалы тұр. Осы балалардың 81,3 пайызы, яғни, 3 519-ы қазақ сыныптарына таң­дау жасапты.

Жаңа 2023-2024 оқу жылында Ақмола облысындағы 542 мектепте 137 мыңнан астам оқушы білім алатын болады, оның ішінде 14395 бала бірінші сыныпқа барады

Loading...