"Түрмеден шықса, жанында жүремін". Танымал композитор экс-министрге қолдау білдірді

Оның сөзінше, кезінде өзін де жат ағым жолына тартқысы келгендер болған. Есесіне әжептәуір ақша ұсыныпты.

dalanews.kz

Танымал композитор Қалдыбек Құрманәлі Bilgen durys YouTube-арнасына берген сұхбатында үлкен ақша үшін жат ағымға сатылғандар кімдер екенін, Заманбек Нұрқаділовтің құпияға толы хаттары туралы және Арыстанбек Мұхамедиұлы шын мәнінде қандай адам екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, кезінде өзін де жат ағым жолына тартқысы келгендер болған. Есесіне әжептәуір ақша ұсыныпты.

"Өзімді де тартпақшы болды. Алматыда пәтер жалдап, қиналып жүрген кезімде үлкен ақша ұсынды. Арымның алдында ұялатынымды білдім. Бекболат Тілеуханов өз саласында биікке шыққан. Мұхамеджан Тазабеков айтыстың биігіне шыққан. Керемет азаматтардың бәрі ақшадан қиналып жүрген кездер болды. Үйі жоқ, Алматыдан пәтер жалдап тұрды. Мен көрген қиындықты олар да көрді. Сол қиындыққа шыдай алмай, ..."онда тұрған не бар, бұл да дін ғой, Ислам дінін насихаттап жатырмыз ғой" деп, салафиттер мемлекетке қауіп төндіретінін, дұрыс еместігін білмеді", - дейді ол.

Қалдыбек Құрманәлі осы тұста Бекболат Тілеуханды ашық айыптады.

"Бекболат Тілеухан жат ағым жетегінде жүр. Ол діннің басқа ағымы ғой. Оның алып келіп отырғаны - діннің басқа ағымы. Оның діни ұстанымын қолдамаймын. Мені қателесіп отыр деп айтуы мүмкін. Өткенде Құран ұстап отыр. Қандай арзан қойылым?!" - дейді композитор.

Сондай-ақ, ол Заманбек Нұрқаділов өлер алдында хат жазып кеткен адамдар әлі күнге арамызда жүргенін жеткізді.

"Өлер алдында Заманбек Нұрқаділовтің төрт папкасы болды. Ішінде құжаттары бар. Соның үшеуі маған берілді.

Заманбек Нұрқаділов "Қалдыбекке бер" деп үш хат беріп кеткен. Біреуі Асанәлі Әшімовке. Біреуі Амалбек Тшановқа. Екеуі де тірі. Үшіншісі Мұхтар Шахановқа.

Қара фломастермен жазған. Қайтыс болғаннан кейін қолыма тиді. Екеуі өзі алды. Шаханов маған "ішінде не жазылғанын оқы" деді. "Жоқ, өзіңіз оқы" дедім.

Үш хат, үш адамға берілді. Не жазылғанын үш адам біледі", - дейді ол.

Композитор Нұрқаділовтің шетелдегі құнды құжаттарының да шет жағасын айтты.

"Шетелде бір жерде үлкен құжат жатқан сияқты. Нұрқаділов бір жерге құжат қойған. Бүкіл қылмысты ашатын айғақтар болса керек.

...Арыстан жүректі Нұрқаділовті атты. Билік атты.

Нұрқаділовтің "биліктің әр кезде бір оғы артық тұрады" дейтін сөзі болатын. Қажет емес адамды ойыннан шығарып жіберу үшін қолданылатын қару болады. Сол қару Зәкеңнің өзіне тиіп кетті", - деді Қалдыбек Құрманәлі.

Композитордың сөзінше, сотты болған шенеунік Мұхамедиұлы - жақсы азамат, ал істеген ісі жүйенің кесірі-мыс.

"Арыстанбек Мұхамедиұлының жеке кінәсі емес. Ол - жүйенің қателігі.

Он бір жылға соттады ғой, түрмеден шықса, қарсы алып, бірге жүруге қуанар едім. Жақсы азамат.

Оның істеген әрекеті өзінің әрекеті емес қой. Мемлекеттік жүйеде жеуге, қол салуға мүмкіндік беріп тұр ғой. Министрлерге, министрлердің орынбасарларына, мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттің қаржысына қол салмауға жағдай жасап қойса, жасамайды ғой ешкім", - дейді ол.

Айта кетейік, жақында ғана сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Loading...