"Басың ауған жаққа қаңғи бер, текесақал": Шешенстанға көшетінін айтқан Қайрат Рысқұлбековтың інісі елден оңбай сөз естіді

Осыдан бірнеше күн бұрын Желтоқсан оқиғасының батыры Қайрат Рысқұлбековтің туған інісі Талғат Рысқұлбеков әлеуметтік желіде жұртқа мұңын шағып, хиджап тақырыбын талқыға салған еді.

Stan.kz

Оның видеоүндеу жолдаудағы басты мақсаты орамалға тұмшаланған оқушы қыздарды мектепте еш кедергісіз кіргізсін деп талап қоюы болатын,- деп хабарлайды OnNews.kz тілшісі Stan.kz ақпарат порталына сілтеме беріп.

Талғат Рысқұлбеков facebook парақшасында Қазақстан Президентінен бастап, үкімет басшысы мен депутаттарға дейін, сондай-ақ Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың да аккаунтын белгілеген. Ашуға булыққан ол хиждап киген қызын мектепке кіргізбесе, Шешенстанға көшетінін ашық айтқан еді. 

"1 қыркүйек күні қызымды орамалмен мектепке апарамын. Кіргізбесе, видеоға түсіремін. Инша Аллах, біреулер Түркияға, Қырғызстанға, Өзбекстанға көшіп жатыр ғой. Жетіскеннен ғой дейсің бе, өз ұрпағымыздың ақыреті үшін көшіп жатырмыз. Мен Шешенстанға көшемін, Рамзан Қадыровты белгілеймін. Кезінде аталарымыз шешен халқын панамызға алды. Бір нанды бөліп жеп, екі бөлмесінің бір бөлмесін беріп деген сияқты... Оны шешендердің ақсақалдары әлі күнге дейін айтып жатыр. Сондықтан бізді де қарсы алады деген үміттеміз. Олар орамалмен оқытып жатыр. Егер кіргізбесе, Шешенстанға көшуге бел байладым. Кімде-кім менімен ілесемін десе, жекеме хабарласыңдар", – деді Талғат Рысқұлбеков.  


Оның дәл осы бейнежазбасы әлеуметтік желіде бірден қызу талқыға түсті. Оның бұл шешімін жақтағандар да, келеке қылып даттағандарды да табылды. 

"Қызыңды орамалсыз осында қалдырып, өзің басың ауған жаққа қаңғи берсеңші. Текесақал!", "Шешенстанға көшемін дегеніңізге қарсымын. Қанша қазақ атажұртын аңсап, еліне жете алмай жүр", "Орамал сапалы білімге әсер етеді дейді. Министрдің ойлау жүйесі таяз ба?", – деп жазды желідегі жұрт.   


Талғат Рысқұлбеков Шешенстанға көшіп кетсе, таңғалмаңыз. Өйткені хиджап киген қаршадай қыздардың мектептегі мәселесі ол қалағандай шешімін таппайтыны анық. Бұған келтірер дәлел де бар. Таяуда ғана оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев БАҚ өкілдеріне берген кезекті сұхбатында стандартты мектеп формасына қатысты нақты жауап берген еді. Яғни білім ордасына балалардың тұмшаланып келуіне рұқсат жоқ екенін қадап тұрып айтты.

"Біздің мемлекетіміз конституция бойынша зайырлы мемлекет деп есептеледі. Мектеп те зайырлы. Оның үстіне оқушылардың киіміне, формасына қатысты 2016 жылы бекітілген бұйрық бар. Ол ешқандай өзгеріске түскен жоқ. Сондықтан да мектеп формасы талап бойынша оқушылардың барлығы мектепке оқушы формасымен келу керек", – деді оқу-ағарту министрі.

Loading...