Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 7-8 бөлімдер

Есімді жиып, орнымнан тез тұрып солай қарай беттедім. Жүргізуші ер адам үлкен үйдің есігін ашты, әйелдер толық үйге кіріп кетті. Мен барарымды, не бармасымды білмей тұрмын. Ер адамдар да үйге кірді, барлық жердің шамы жағылды. Үйден екі жас бала шығып, бірі қаша сыртына, екіншісі біздің үй жаққа беттеді. Мен баланың алдынан шықтым, ол жақындағанда Семсердің үлкен ұлы екенін таныдым. Бойы өсіп, әкесі сияқты ірі болыпты.

Ашық дереккөзі

— Ассалаумағалейкум, аға,-деп қолын созды.

Өте үрейлі жаман хабар айтқалы тұрғаны көрініп тұр.

— Уағалейкумассалам, балам, амансың ба, бармысыңдар ма?,-деп қолын ала құшақтадым.

— Аға, әкем қайтыс болды, сол кісіні ата-анасының қасына қоюуға келдік,-деді салмақты дауыспен.

Семсер өліпті, маған Семсердің өлімі еш әсер берген жоқ. Балаға ұялғаннан:

—Арты жақсы болсын, көп қиналды ғой, -деп басу айттым.

Жан-жақтан көршілер жиналып, тегіс үйге кірдік. Төрт әйел қатар отыр, дауыс шығармай амандасып қайғыларына ортақ екенімізді білдірдік. Мен қол алысып Жұлдыздың қасынан өткенде, әлде маған солай көрінді ме, оның сұлуланып кеткенін байқадым. Жұлдыз басын көтермей амандықты алды. Бар ағайын, туыстары жиналып, Семсерді шығарып салу шараларына кірісті. Біз мал сою, жер қазу, қонақтарды жайғастыру, келген кісілерді күтіп алу шаруаларын атқардық. Семсерді жаны күйзеліп жоқтап тұрған жан табылмады. Қонаға ас беріліп болып, біраз адамдар үйге кіріп тынышталып қалғанда, Жұлдыз ет асып отырған біздер жаққа келді.

—Айналайын ағайын, көмектеріңізге рахмет, мен алдарыңыңызда айыптымын, бір ауыз айтпай Отағасын алып бір күнде көштім, бәрі асығыс болды, бата алып жөнімізді айтып кетсек мүмкін басқаша болар ма еді? Бар ойым емдетіп аяғынан тұрғызып әкелем деген үміт бар еді, міне, сүйегін әкелдім,-деді салмақты дауыспен.

—Жұлдыз, олай деме, бәрі бір Алланың ісі, –деді арамыздағы жасы үлкен көршіміз.

—Жазмыштан озмыш жоқ деген, біз сендер қайда жүрсеңдер де амандықтарыңды тіледік,–деді тағы бір көрші.

—Өз денсаулығың қалай?-деп көрші келіншек қасына отырды.

—Рахмет, мен жақсымын, осы жылдары Отағасы жатқан сауықтыру орталығында жұмыс істедім, ұлдар әскери оқу орнында өз қалауларымен оқыды. Отағасына неше мәрте ота жасалды, соңғы кезде сәл сөйлеп, қолдарын көтеріп, беті бері қараған еді. Соңғы айда қайта ауырды, бауырларын алдыртып, қайта ауруханаға жатқыздым, көп қиналып жатып көз жұмды,–деді өте мұңды дауыспен.

Мен Семсер тұралы аянышты жанашыр сөздерді естігім келмей кетіп қалдым. Еттерді жөндеп жатқан қоймаға барып шаруама кірістім. Жұлдызды жақыннан көріп, даусын естіген соң, кеудемде бір түйін пайда болып түйіліп қалды. Әлде мына қаза солай тоқтатып тұр ма, ұқпадым. Жұлдызбен сөйлескім де келмейді. Біраз уақыт өз ойыммен алысқа кетіп қалғандай болдым. Семсер тұралы ойламаймын десем де ойым сол, өкпем әлі басылмай, оған деген ашуым келіп өліп қалса да кешіре алмай, не істеп тұрғанымды өзім ұқпай тұрмын.

—Абайлашы, қолыңды кесіп алма,–деген дауысқа жалт қарадым.

Жұлдыз екен. Мен үнсіз бетіне қарап не айтарымды білмей қалдым. Не істеп тұрғаныма қарасам, етті тұраааап тастаппын.

—Кенже, қалың қалай? Балалар аман ба?– деді салмақты дауыспен.

Мен Жұлдызға қарап тұрып, талай өкпе наз айтқым келді, бірақ айта алмадым. Ол ойлы көзбен қарап тұрды да:

—Сен маған өкпелісің білем, Кенже, түсінші, мен сенімен қоштаса алмадым, –деді.

Мен көзімді алмай қарап тұрмын, иә Жұлдыз сұлу болып кетіпті. Бұрынғыдай арыыық емес, сәл толған, өзіне толықтық жарасады, алқызыл беттері томпайып, көздері жанып тұр. Көздері, сол қалпы әдемі, адамның іші-бауырына кіретін көздері дәл қазір муңайып тұрса да әдемі. Ұзын бойына жарасатын халат киген, басына таққан орамалы да жарасып тұр, шаршаңқы болғаны болмаса өзіне тартып-ақ тұр. Жұлдыз қасыма жақынырақ келіп орындыққа отырды. Мен де отырдым.

—Сырласайықшы,–деді көздеріме қарап, қолымның сыртынан ұстап.

Мен басымды изедім.

—Мен Семсерды күтіп-баптауға тиісті едім, ол Алла алдындағы жарым еді, ал саған сол Семсерді қарағаным ұнамайтынын білем, сен соңғы кезде өзіңді ұстай алмадың ғой, мен сені тоқтата алмай ақыры қудым. Кенже, мен де күнәһардың күнәһарымын. Мен саған жақындасқанда күнәға белшемнен баттым....,–дегенде мен сөзін бөлгім келіп :

—Олай деме....,–деп қалып едім:

—Кенже, мен саған ағымнан жарылып сырымды айтпақпын, өтініш сөзімді бөлмеші. Дәл осы түні айтуым керек, ертең жаназа болады, біз бір-бірімізге кешірім бермесек өзімізге қиын болады,–деп тоқтап, терең күрсініп алды да, қалтасынан үнтаспа(кассета) шығарды.

— Мында Семсердің саған айтқаны бар, сен тыңда, ал менің сенен жасырған құпиям бар, мен соны саған көрсеткім келеді, –деп орнынан тұрып сыртқа шықты.

Маған ілес деген ым білдірді. Біздің жаздық бір кездегі Жұлдызбен кездескен бөлек үйге келдік, есікті ақырын ашып Жұлдыз ішке кірді. Менің жүрегім тарсылдап соғып, "Жұлдыз не істемек, ана жақта Семсер жатыр ғой,"-деп ойлап та кеттім, өзім оны құшақтап аймалағым да келіп тұр. Бөлме ішінде жоғары жақтағы төсекте кішірек үш-төрт жасар қыз бала ұйықтап жатыр. Жұлдыз жақындап келіп маңдайынан сипап, шашынан иіскеп:

— Бері жақындашы,-деді

Мен жақынырақ келдім, ойлап қоямын, бұл туыстарының қызы шығар, ауылдық жерде балаларды көршінің үйіне қондыру қалыпты жағдай, мынандай қазада тіпті үй де босатып береміз. Күндіз біраз келген қонақтар біздікіне қонуға кеткен, солардың баласы деп ойлап мән де бермей жәй қарадым да, Жұлдызға қарап тұрмын, оны аймалағым келіп, бойымда қан жүгіріп, біртүрлі болып тұрмын. Жұлдыз басыла отырып, маған да отыр деген белгі берді. Мен отырдым:

—Қарашы кімге ұқсайды?–деп қызды иегімен нұсқады, Жұлдыздың көздері күлімдеп тұр.

Мен балақайға қарадым, томпайып ұйықтап жатқан титтей қыз. Иығымды көтеріп қиқаң еткіздім. Жұлдыз орнынан тұрды да:

—Үнтаспаны тыңдайтын магнитофоның бар ма?-деді.

Мен ойланып, жоқ екені есіме түсіп:

—Бір күні тыңдармын, магнитофон жоқ,–дедім жақтырмай.

— Кенже, өтінем бүгін тыңдашы, біз келген көлік әне тұр магнитофоны бар, ішіне кір де тыңдашы, алдағы таңда біз бәріміз жаңа өмір бастауымыз керек, сен мынаны тыңдамасаң жаңа өмір бастай алмайсың,–деді мейірімді көзқараспен қарап.

Екеуміз бөлмеден шыққанда мен бұл жерге неге кіргенімізді түсіне алмадым. Жұлдыз көлік есігін ашып, магнитофонды қосып, үнтаспаны салды да:

—Ең құрығанда мен үшін тыңдашы,-деп кетті.

Мен көлікке отырып тыңдағым келмей, қолым бір тетікті (кнопка) баса алмай кәдігімдей қиналдым. Амал жоқ, Жұлдыз өтінді, бастым, әлсіз қырылдаған Семсердің дауысы:

—"Ассалаумағалейкум Кенже, иә, сен менің сәлемімді де алмайтын жөнің бар, өтінем, мені соңына дейін тыңдашы. Мен ауыр күнәһар жүгін арқалап кетіп барам, сен мені аяма, сенің аянышыңа да лайық адам емеспін. Мен дәл сенің алдыңда күнәһар екенімді айтпасам да білесің. Мен осынша жыл азаптанып жатып, сенен кешірім сұрауым керек екенін түсіндім. Кенже, мен білем сен мені кешірмейсің, кешіре алмайсың, кешіруге тиісті емессің. Сонда да бауырым мені кешір, кешірмесең де түсінерсің, түсінбесең де біліп жүр. "Сүйіп қалу, жүрегіңмен құлай сүюдің не екенін сен менен де жақсы білесің. Сенің сол сезімді сезінгеніңе күмәнім жоқ. Ол ауыр, ол азап, оны кеудеңнен жұлып алып тастай да алмайсың. Оны сен сияқты сезінген адам біледі. Кенже, сен дегенмен ұстамды мықты екенсің, ал мен ше...., Мен осал екем, мен нәпсінің құлы болдым. Кенже, сен білмейсің ғой, мен Құралайды сенен бұрын таныған едім, ол кезде сен оқуда едің. Ол менің алғашқы махаббатым еді. Ауылға келген қонақ қызға мен ғашық болдым, алғаш қол ұстасу, алғашқы сүйісу Құралаймен болған еді. Құралай оқушы болған соң, менің қолым жетпей өз өмір жолыммен оқуыма кеткем. Құралайды оқуда жүріп ұмыта алмадым, ол мен үшін ерекше, дара, ең сұлу еді. Екі жыл армандап келсем, ол сенің жарың.... Мен тек бақыт тілеп қайта кеттім. Басқа қыз тауып үйлене де салғым келді, бірақ маған тек Құралай керек еді. Ауылға келгенде Құралай бірінші ұлыңның анасы екен. Сол бір қарғыс атқыр оңаша қалған күн, біздің өшпей тұрған отымызды лаулатып жағып жіберді. Мен бар болғаны Құралайдан "Сен бақыттысың ба?"-деп сұраған едім. Ол мұңды көзбен қарап ерніме жабысты, қалай не болғанын өзім түсінбей қалдым. Ес жиып екеумізде қорықтық, ол менің, мен оның бетіне қарай алмай қысылдық. Бір тәулік өтпей мен Құралайға барып, "Менімен жүр, сені тастамаймын, сүйемін,"--дедім. Ол жылап бас тартты, себеп қызыңа аяғы ауыр екен."Күнә жасасам да екі баламның әкесі Кенжені тастай алмаймын,"-деді. "Сен оны сүймейсің, енді оны қаламайтын боласың, қалай өмір сүресің?",-деп те айттым. Ол сені жерге қаратқысы келмеді, жылап тұрып менің ұмытуымды, ауылдан кетуімді өтінді. Мен кеттім, бірақ, Құралайдан кете алмадым. Жуас қызды іздеп тауып Жұлдызға үйлендім де, бәрі бір жүрегім Құралай деп соғып тұрды. Құралайым екі баланың анасы екенін көрсем де армандадым, ұмыта алмадым. Мен өзіме ие бола алмайтын күйге түстім. Ауылдан көшіп кетейін десем ата-анам кәрі, жылы орнынан қозғап ішқұса қылып өлтірем ба деп қорықтым. Біз сәті түскен жерде ыстық сүйісіп, ажырай алмай күйіп-жанып жүретін болдық. Құралай да мені қатты жақсы көретін. Әр кездескенімізде жылап айырылысатын. Жұлдыз жүкті болып, қиналып жүрген кезде, біз екінші рет от бастық, сол кезде Құралай менен жүкті болғанын айтты. Бас қатты, Жұлдыз ұл туды, енді не істеймін деп көп ойландым. Құралай жылап менің тастамауымды өтінді. Көшпеуіме жалынды, ол ұлымды өмірге әкелді, содан біз арсыз болып кеткенімізді білмей де қалдық. Айтып сенің намысыңа тимейін. Қорлықты Жұлдызым көрді, мен ешкім біліп қоймасын деп бар күшімді салдым, сонда да Жұлдыз үстімізден түсті. Мен Жұлдыздың аузын жауып қана қоймай, қорқытып ұстадым. Ауылдан қашып келмей де жүрдім, келсем Құралайды көрсем жынды болатын болдым. Бетіміз ашылған біз сорлы ұят дегенді ұмыттық, ақыры қалада бірге тұрдық. Иә, Құралай маған ұл, қыз тудым деп айтты, олардың нақты менің балаларым екеніне көзімізді жеткізбедік. Себебі ол сенің де қойныңда да болды. Кенже, мен кешірілмес опасыз сенің алдыңда қателік жасадым. Ал сен танымайтын сүймейтін Құралайды қалауынсыз әйел етем деп қателік жасадың. Сезім, махаббат ол адамды түбі жеңеді екен. Сүймеген жарың уақыт өте келе суынып кетеді. Сондай қаншама отбасы бар. Ал жаратқан мен сүйген қызды дәл көз алдыма қойып азаптап, нәпсімді қоздырып қинады. Мен жеңе алмадым, мен малдан арман болдым. Өлтірсе оқ зая кетті дейтін жан болдым. Ал Аллам мені жай өлтіре салмады, тағы сынақ берді, Құралай өлді, менің өмірім үзілмей азаптың әкесімен таныстым. Аллам махаббат азабымен қосып, ар тапталған қандай екенін жаныммен сезіндірді. Жұлдызды мен саған қимадым, саған қалдырғанша өлтіргенім артық деп ойладым, өлтірмек болдым, ай Аллам-ай, өздерің білесіңдер сол түні не болғанын..., Мен Жұлдызды күнәһар деп санамаймын, Аллам өзі оның кім екенін шешеді, мен үшін ол періштем болып қалады. Ал сенен туған қызы оның жұмаққа барар жолының есік ашары болсын. Кенже, мен де сенің қызыңды қызым деп білсем де қабылдадым. Аллам, бізге осындай өмір беріп, неге бізді сонша сынағына алды екен. Ар-намыс деп тәрбиелеген қайран ата-анамыз, біз нәпсінің оңай құлы болдық, перзенттеріміз тексіз болды. Енді ол жаққа барғанда өз жазамды алуға дайынмын. Ал сендер некелесіңдер, мен Жұлдызға рұқсатымды бергем, сендер ересек адамсыңдар, сендер біріңе бірің керексіңдер, бақытты болыңдар, балаларымызды бақытқа бөлеңдер, сендердің өмірлерің алдаааа. Қош аман болыңдар!'-депті......

Семсердің айтқанын тыңдап алып одан ары есеңгіреп, "Қызы несі? Қайдағы қыз? Бағанағы балақай сонда менің қызым ба?",-деп көліктен шықтым. Жеке тұрған үйге жүгіре басып кірдім. Қыздың төменгі жағында Жұлдыз қисайып жатыр екен, мен тез қасына барғанда ол басын көтерді.

— Қыз..., Осы қыз ба?–дедім.

Жұлдыз қызарып жерге қарады. Мен ақырын Жұлдызды орнынан тұрғызып, есік жаққа жақындап ойлы көзбен жүзіне қарадым.

— Сол түннен..., Сен неге маған айтпадың? Сен қалай....,-деп едім.

— Кенже, мен Семсерді күтуім керек еді. Иә, мен жүкті болғанымды білгенсоң сенен алыс кетуім керек екенін ұқтым. Мен осында жүктілікпен жүрсем, сен сезер едің, сосын мазаң кетер еді, өміріміз өмір болмай, қалған абыройым ашылар еді,-деді көздеріме қарап.

— Сен кетіп қалған соң мен мазасызданбады деп кім айтты саған? Өмірім өмір болды ма, мен сенсіз өмір сүрдім бе?--дедім ашулана.

— Кенже, мен сенен алыстауым керек болды, мен Семсердің жазылатынына сенімді болдым. Мен ол аяғынан тұрып, адам қатарына қосылған соң, өмірімді өзгертем деп ойладым.

—Сен Семсерді шын сүйген екенсің, сен оны тастай алмадың.

—Иә, мен Семсерді сүйдім ол рас, ол оны бағаламады, қорлады да, зорлады да, менде дәл сол жағдай болғанға дейін тамырымды Семсер кескенді айтам, үміт болған. Ол мені түбі сүйеді, бағалайды деп ойлағам, ол болса себепсіз өлтірмек болды. Мен өмірге өкініп тұрып, жүрегім қақ айырылып тұрып, еш өкінбестен сенімен қатынаста болдым. Жүкті болғанымды білгенде алдырып тастауға асықпадым, мен өш алғым келді. Ол мені өзі итеріп осындай жағдайға жеткізгенін көзіне шұқығым келді. Алғаш айларда солай батыл болып, Семсерді күтіп қарап, жүріп,тек : "кек алу, кек алу",-дедім. Сосын қорқа бастадым, өзімнен қорықтым, мен арсыз әйел болғаным аздай, енді опасыз әйел болам ба?-деп баланы алдыртпақ болдым. Семсер бәрін сезіпті, ол алғаш дауысы шыққанда "Баланы алдырма" деді. Сол күні мен егіліп жылап бәрін айттым, ол да жылап жатып кешірім сұрады.

—" Жатырыңдағы бала ол менің жасаған опасыздығымның айнасы, Жұлдыз, өтінем балаға тиіспе, сені ешкім сөз етпейді, менің көзім тірі, жаным бар жатырмын, кім менің қай мүшем қалай жұмыс жасап жатқанын зерттеп жатыр дейсің, балалар да, туыстар да, ел-жұрт та менің балам деп қабылдайды, мен де бұл нәрестені өз балам деп қабылдаймын. Жұлдыз, сен білесің Құралай менен екі құрсақ көтеріп, Кенжеге балаң деп туып берді, Кенже оларды білмей балам деп қабылдады, міне, Алланың алдыма әкелгені, мен сені Кенжеге қимай тұрып, өзім қойнына салдым, құрсағыңа бір кездесуден бала бітті, ол бала өмірге келу керек. Айналайын жарық Жұлдызым, сен сол нәрестені өмірге әкелсең күнәңнан кешірілесің, ал алдыртсаң кешірілмейтін күнәға батасың, Аллам сыйлаған екен, бұл сыйын қабыл алайық,"деді. Мен егіліп жылап келісе алмай қиналдым. Семсер менен бетер қиналды.

"Жұлдызым, жарық Жұлдызым, адалым, ағым, періштем, сен мені кешір, өзіңді қинама, бала саған да маған да бақыт әкеледі, көр де тұр. Аллам алғысы келсе ол баланы алып кетер, бірақ, мен сезем осы нәресте бізге бақыт әкеледі. Осыдан адам болсам, жазылсам, алақаныма салып өтем, кетсем саған рұқсатымды бердім, Кенжемен сөйлес, ол түсінсе, кешірсе, қабыл алса, басыңды қос",-деді.

Мен егіліп жылап отырып:

—"Өзімді кешіре алмаймын, басқаны алдағанмен өзімді алдай алмаймын ғой, қалай өмір сүрем, қай бетіммен балаларыма қараймын, –дедім.

Семсер қолдарымнан ұстап қиналып жатып:

—Кешірші, мен кінәлімін, кешірші, бірге өмір сүрейікші, мен жазылуға бар күшімді салып, ендігіарі сені жылатпаймын, қасымда қалшы,-деді. Мен" Жоқ, сен жазылсаң мен кетем, аяғыңнан тұрып асыңды жей алатын болсаң мен кетем. Нәресте мен жасаған күнәмнің айнасы болып көз алдымда жүру керек болса, оны да көтерем. Ал сен кетіп қалсаң, мен балалармен өмір сүрем, Кенжеге жоламаймын жалғыз боламын, маған еркек керек емес дегем. Ол міне, соңғы сағатына дейін "жалғыз қалма",- деп кетті. Қызым өмірге келгенде ол өте қатты қуанды, қасына жатқызуымды өтінетін. Иіскеп, аймалап, бақытқа бөленетін. Қызым туылған соң бір ғажайып болғандай болды, Семсер отыра алатын, сол қолымен қызымды құшақтап, сағаттап отыратын болды. Мүгедектер арбасына алдына салып, алып ары-бері жүріп, қызыма қарап, ойнатып, маған көмектесті. Біз сол орталықта тұрдық, мен жұмыс жасадым, Семсер емделді. Жылдар өте берді Семсер жыл өткен сайын нашарлай берді. Оның ағзасының сау жері жоқ еді, ол тірі отырып ең ауыр азап ауру азабын тартты. Ол жанын көзіне көрсететін аурудан қажыды. "Ауырып барам, болмаса ауырып тұр",-деп маған айтпады, дымын шығармады. Соңғы жыл ол менсіз жалғыз бөлмеге басқа науқастың қасына ауыстыруымды өтінді. Ол өзінің жан ұшыра азаптанып жатқанын көрсеткісі келмеді. Салған дәрілер көмек бермеді. Дәрігерлер маған бәрін түсіндіріп айтып берді. Ол осы өмірдің тозағында болды, ол ең ауыр азапты тартты....

Мен сенің бізді тапқаныңды қаламадым, туыстарға мені кім сұраса да"білмейміз таба алмай жүрміз деңдер,"-деп ескерттім. Мен бар күшімді, бар көңілімді тек Семсерге бөлдім, мен оны кешірдім. Біз пендеміз жолдан таюымыз оңай екен, біз тез шайтанның азғыруымен, нәпсіміздің құлы болып кетеді екенбіз. Аллам бізді кешірсін. Аллам Семсер мен Құралайды кешірсін. Сен өз өкпеңді жібересің ба, жоқ па өз еркің. Мен сені кінәламаймын. Сүймейтін жар таңдап тұрып жатқан жалғыз сен емессің. Мен айтар едім сүйгеніне, шын сүйгеніне қосылғандар өте сирек. Ал сүймей қосылғандар баршылық, олар уақыт өте үйренісіп, сыйласып, бақытты болуда. Сенің маған ғашық екеніңді мен сезетінмін, сен мен ауруханада жатқанымда келгенде білдірдің. Мен сенімен жақын дос сырлас болғым келеді. Біз қоштаспайық біз сырласайық, одан басқа ештеңе қажет емес. Міне, таң да атты, бірер сағаттан соң жаназа. Мен ақ жүрегіммен Семсерді кешіріп тұрып, шығарып салам. Ол мені баяғыда кешірген, ол мені періштем деп кетті,-деп Жұлдыз терең күрсініп тоқтады.

Көздерінен домалап-домалап жастары ағып кетті. Менің де көзіме жас үйіріліп, мен үйден тез шығып кеттім. Ойым он саққа бөлінді, біз адамдар кейде неге хайуаннан да азғын болып кетеміз? Иә, жамандық жасасақ, адам ойлап таппайтын әдісі жоқ, түрлі сұмдыққа барамыз.. Азғырсақ адамнан асқан нәпсі құмар жан табылмас. Ал мейірімділік пен кешірімге келсек иә, адам көп нәрсені кешіре алады екен. Менің тек арқамнан емес, өн бойымнан ауыр жүк түскендей болды. Тынысым кеңейіп, көкке шуағын шашып көтеріліп келе жатқан жаңа күнге күліп қарап тұрдым. Мен Семсерді де, Құралайды да кешірдім.

Жаназа болды, мен шын жүрегіммен Семсерді кешіріп, шығарып салып, топырағын салып келдім. Семсер азғындыққа барды, оның азабын оншақты жыл тартты. Дұшпаныңа ондай азап тілемейсің. Ал мен оның азаптанып жатқанын көріп жүрсем де, оны жек көргенім соншалық, өлім тіледім, ауыр-ауыр сөздер айтып, ол аз болса есі шығып әлсіз қиналып жүрген Жұлдызды иелендім, қайсы менің адами қасиетім? Менің нем Семсерден артық? Мен демде-ақ соның кейіпіне оңай кірдім, Жұлдыз көнсе Семсердің науқас жатқанына қарамай, көз алдында ойнас болуға дайын болдым. Қайсы менің қымбат ыстық махаббатым? Нәпсінің құтыруымен мен оны ластай жаздадым. Ал Жұлдыз бір осалдық жасаған соң есін жиды, ол кек қайтармақ болдым дегенмен кегін қайтармады. Ол шын жүрегімен кек қайтарғысы келсе, менімен көңіл қосып, білгенін жасар еді. Дегенмен, Семсер айтпақшы ол—таза жан. Жұлдыз Семсердің жанын ауыртпай менен алшақ кетіп қалды. Дәл қасымда жүріп, мен оның жүкті екенін көрсем не істер едім, білмеймін? Мен оның да, өзімнің де Семсердің де мазасын алып жынданып кетер ме едім. Жұлдыз – өте ақылды, ұстамды, шыдамды, батыл әйел.

Семсердің қазасынан соң бір жыл көрші ретінде ғана араластық. Жыл өткен соң мен Жұлдызға сөз салдым:

— Біз қоштаспайықшы, біз сырласайықшы, бірге болайықшы,--дедім.

Ол жылап тұрып келісімін берді. Балаларымыз қарсы болмады, туыстар түсінді. Мұсылманша некеге отырдық, еш бір балаларымызға сен осындайсың, сен осылай өмірге келгенсің демей, өсіріп жеткізіп үлкен әулет болдық. Жұлдыз қырық сегіз жасында маған тәтті қыз сыйлады. Сонымен бізде төрт ұл, төрт қыз болды. Жиырма бес жылдан астам біргеміз, біз сырласпыз, біз мұңдаспыз, біз бір-бірімізге керекпіз, міне, жетпіске де жеттім. Немерелі, жиенді болып жастар арасында дымымызды білдірмей өмір сүріп жатырмыз. Жұлдызыма күтім қажет, ол денсаулығын о баста құртып алған соң оған қиын болып жүр. Бала-шаға анасының денсаулығын қадағалап алақандарына салып отыр. Мен өте бақыттымын.

Кейіпкер: —Жеңісгүл қызымды ауруханада жолықтырып, әңгімелесіп, кім екенін білген соң, осы ауыр өмір жолымызды сәл өзгертіп, көркемдеп жазуын өтіндік. Жария ету себебіміз, адамдар арын аттамаса екен, нәпсісінің құлы болмаса деген ойдамыз. Шын сүйе білу деген ол – "Бақыт". Шын ғашық болу–"Арман". Ол сезімдер таза болғанда ғана құнды екен. Былғанған соң сен сол бір тәтті өн бойыңды қоздырып, сондай күштің иесі екеніңді білдірмей сөнеді екен. Жылдар бойы сырттай ғашық болып, сол адамды армандау — ол тәніңнің көктемі, сол арман қиялың сенің жаныңа гүл сыйлайды. Мен ғашығыма қосылдым, бақыттымын да, бірақ қандай ауыр жолмен қосылдым? Сәл болғанда мәңгілікке жоғалтар едім. Мен Аллама шүкір етем, өмірге ризамын. Оқырмандар бұл оқиғадан өзіне тек жақсы жағын сабақ қылып алар деген үміттеміз. Аман-сау болыңыздар, ағайын!

Автор: —Құрметті оқырмандар жазбамнан тым ашық жазылып кеткен жерлерінен кешірім өтінем. Оны жазбасам бұл нәпсінің қаншалықты адам баласын иеленіп алатынын түсіндіру қиын. Сондықтан атай мен апай еш қысылмай ашық жеткізе айтып берген. Бұл оқиғаны мен "Махаббат құрбандары" -деп атағым келген. Бірақ кейіпкерлер өз әрекеттерін махаббатқа жатқызбай, бірімен-бірі қоштаса алмай сырласу үшін қосылғандарын айтады. "Махаббат деген мөлдір таза болу керек",- дейді.

Семсер мен Құралайдікі де махаббат емес, Семсер қаншалықты Құралайды сүйдім, онсыз өмір сүре алмадым дегенімен оныкі тек құмарлық еді. Ал Кенже ол шынымен сүйгені сүйді, бір көргеніне риза болып, бақытқа бөленді, аңсады, сағынды, сәл түйіскен көзқарастан ләззат алды, сол үшін қысылды, ұялды, міне– махаббат, ғашықтық сезім, құштарлық.

Өкінішке орай Кенже де махаббатын ашумен ластап алды. Аз болғанда мәңгіге жоғалтар еді. Аллам оларды қосты, ұзақ ғұмыр беріп, бала шағасын өсіріп, қызығын көруде. Бұл кісілерге бұл бақыт не үшін берілді деп ойлайсыздар?

СОҢЫ.

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

 

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 1-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 2-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 3-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 4-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 5-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 6-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 7-8 бөлімдер

Loading...