Жұмыссыз жүрген жастарға миллион теңгеден беріледі

Қазақстанда жастарға өз идеясын жүзеге асыру үшін миллион теңге алуына мүмкіндік беретін жоба іске қосылды.

Ашық дереккөздерден

Қазақстанда жастарға өз идеясын жүзеге асыру үшін миллион теңге алуына мүмкіндік беретін жоба іске қосылды. Бұл бағдарлама жайлы мәдениет және ақпарат министрлігі нақтылап өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жобаның уақытша жұмыссыз жүрген жастарға арналғанын айтты.

“Бұл – жұмыспен қамту және білім беру салаларынан тыс, уақытша жұмыссыз, білім беру ұйымдарында оқымайтын, кәсіптік даярлықтан немесе қайта даярлаудан өтпеген жастар”, – деп түсіндірді ол.

Zhas project қатысушылары жергілікті қоғамдастықтардың мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларға конкурстық негізде 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар ала алады. Қаржыландыруды алу үшін қатысушылар мынадай талаптарға сәйкес келуі керек:

  • Қазақстан азаматы болуы;
  • жасы – 18 жастан 35 жасқа дейін (34 жас – қоса алғанда);
  • өтініш берген кезде өңірде тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы;
  • өтініш беру кезінде уақытша жұмыссыз жастар мәртебесінде болуы.

Конкурс 25 наурызда басталады. Өтініштер 24 сәуірде сағат 23:59-ға дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 15 мамырда жарияланады.

Жобаға барлығы 360 миллион теңге бөлінген, оның 280 миллион теңгесін қатысушылар алады. Шенеуніктің айтуынша, қалған сома түсіндіру жұмыстарына жұмсалады.

Loading...