Жоғары құрмет пен сенімге негізделген серіктестік

Мемлекет басшысы Тәжікстан Прези­дентімен келіссөз жүргізді.

aikyn.kz

Тәжікстан Президентінің Астанаға сапары ша­ғын құрамдағы келіссөздерден басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтас­тықты нығайту үшін бұл сапардың маңызы зор еке­нін атап өтті.

– Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз ара­сындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Аста­надағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады, – деді Президент. 

Өз кезегінде Эмомали Рахмон көрсетілген құр­мет үшін ризашылығын білдірді.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыр­туыңыз­ға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсет­кеніңіз­ге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін Сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перс­­пективаларын, сондай-ақ халықаралық және ай­мақтық мәселелерді талқылағым келеді, – деді Тә­жік­­стан Президенті.

Одан кейін келіссөздер екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Тәжікстан­мен арадағы достық қарым-қатынасты жоғары ба­ға­лайтынын жеткізді.

– Бауырлас тәжік халқына қазақ жерінде айрық­ша құрметпен қарайды. Отандастарымыз қазіргі Тә­жікстан туралы көбірек біліп, тәжік халқының бай мәдениетімен тереңірек танысқысы келеді. Осы орайда сіздің осындай ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру туралы бастамаңызды Қазақстан халқы мен еліміздің қонақтары ерекше ықыласпен қабыл алды. Бұл айтулы шара екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толған кезеңде өткізілуінің ерекше символдық мәні бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде су және энер­ге­тика кешеніндегі өзара іс-әрекеттің қарқынды да­мып келе жатқанын атап өтті.

– Су және энергетика салаларындағы мін­дет­те­ме­лерді орындауға, атап айтқанда, Қазақ­стан­ға су жә­не электр энергиясын жеткізуге байланысты ше­шімді уақытылы қабылдағаныңыз үшін Сізге жә­не бар­ша тәжік тарапына алғысымыз шексіз. Қа­зақ­стан өз тарапынан Сіздің алдыңғы сапарыңыз ке­зінде өзара келіскен барлық міндеттемені орындап жатыр, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмонның мамыр айында Қазақстанға са­пары кезінде қол қойылған Қазақстан мен Тәжік­стан арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияның сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, биыл 6 айда тауар айналымы 500 миллион доллардан асқан. Бұл ретте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Тәжікстан Президенті де екіжақты ынтымақ­тас­тықтың қазіргі жағдайына жоғары баға берді.

– Тәжікстанның мәдениет күндерін және көр­месін, сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секторы өнімдерінің жәрмеңкесін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткізуге қол­дау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұл шара­ларды Тәжікстан мен Қазақстан ара­сын­дағы қарым-қа­тынастың, стратегиялық серіктестік пен одақтас­тықтың үздіксіз дамуының бір белгісі деп бағалаймыз. Бұл шаралар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас­тардың орнаға­нына 30 жыл толған кезеңде өтуінің өзіндік мәні бар. Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қаты­настың өзара түсіністік, жоғары құрмет пен се­нім­ге негізделгені қуантады. Байланыс­тары­мыз­ды одан әрі нығайту Тәжік­стан­ның сыртқы саяса­ты­ның негізгі басымдығы болып қала береді, – деді Тәжікстан Президенті.

Әңгімелесу барысында сауда-экономика, көлік-ло­гистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-әрекетті одан әрі дамыту перспективалары тал­қы­ланды.

Loading...