«Өмірімізге қауіп төнген соң тегімді өзгерттім»: Әнші Әли Оқапов тегін үш рет ауыстырғанын айтты

Роза Рымбаеваның ұлы, әнші, музыкант Әли Оқапов «Менің өмірім» бағдарламасында отбасылық өміріндегі барлық құпияны ашып, айтып берді.

Ашық дереккөздерден

SMARTNEWS басылымының хабарлауынша, Роза Рымбаеваның ұлы, әнші, музыкант Әли Оқапов «Менің өмірім» бағдарламасында отбасылық өміріндегі барлық құпияны ашып, айтып берді. Бұл туралы ernur.kz жазды.


Әнші ұлы Зейіннің есімін өзі қойғанын, бұған анасы Роза Рымбаева ренжімегенін айтты. - Ол кісінің рұқсатын алып қойдым. Бірнеше нұсқа айтып, реакциясын байқадым. Біздің анамыздың тәрбиесінің ерекшелігі, бізге көп еркіндік берді. Қай мектепке баратынымызды, қай оқу орнына түсетінімізді, қандай жұмыс істейтінімізді өз еркімізге қалдырған.

- Міндетті түрде мынадай боласың» деп шектемеген. Балаға ат таңдарда да «өзің шеш» деп ерікті өзіме берді. Үш есімді атадым, Сұңқар, Батырхан, сосын Зейін дедім. Сұңқар мен Батырханға көбірек бүйрек бұрып, бала туғанға дейін солай қоямыз деп ойлап келдік. Бірақ босануға екі күн қалғанда Зейін деген атқа тоқталдым. Бірақ тегін таңдарда көп ойландым. Атасының атын алып, Тасқын Зейін болса да болар еді. Ол да жақсы, бірақ екінші жағынан, Оқапов деген фамилия үшін әкеміз екеуміз талай тер төктік. Сөйтіп бір шешімге келе алмай, анамнан «Тасқын бола ма, Оқапов бола ма әлде жай ғана Әли боп қала ма?» деп сұрадым. «Оқапов деген ерекше естіледі ғой, солай қойсаң қалай?» деді. Содан Зейін Оқапов боп қойдық, - деді әнші.

Әнші бауыры Мәди Рымбаев туралы әңгімелеп, тегінің үш рет ауысуының құпиясын ашып айтты.

- Мәди жаңа ғасырдың, жаңа мыңжылдықтың сәбиі, биыл 24-ке келді. Негізі үйленетін жасқа жетті ғой, бірақ ішкі дүниесі, көзқарасы бойынша әлі ертелеу сияқты. Мен 29-жаста отау құрдым. Бірақ ерте есейіп кеттім. Әкемнен ерте айырылған соң сол кісінің орнын басуға тырысып, Мәдиге қамқорлық көрсетуге тырыстым. Әкеміз өмірден кеткен соң біз үшін өте қиын кезеңдер болды. Барлығын ашып айта алмаймын, бірақ отбасымызға қауіп төнген жағдайлар да өтті. Соған байланысты тегімді үш рет ауыстырғам. Негізі Оқапов боп туылғам, кейін Тасқынұлы болдым. Сосын Рымбаев деп өзгерттім. Кейін, алғашқы төлқұжатымды аларда «Мама, енді бәрі тынышталған сияқты, біз үшін ештеңе қауіпті емес шығар. Қалай қарайсың, мен негізі Оқаповпын ғой, түрім де, мінезім дә әкеме тартқан. Сен қарсы болмасаң, құжатымды Оқапов деп алсам» деп едім. Анам қарсы болған жоқ, «өзің шеш» деп айтты, - деді әнші.

Сондай-ақ Әли Оқапов отбасына қауіп төндірген жағдайды ашық баяндаудан бас тартты.

- Себебін айта алмаймын, өткен нәрсе өтті. Біз аман-есенбіз, арты жақсы болды, бастысы – сол. Қазір енді арада көп уақыт өтіп кетті ғой. Кей кездері «осы шынымен болды ма, болмады ма» деп сенбей, ойланып қалам, - деді Әли Оқапов.
 

 

Loading...