Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 6-бөлім

Мені елеңдеп күтіп отыр екен. — Семсер жатыр, сені сұрасам жымияды, –дедім. Жұлдыз әлі қорқып отыр. —Айтшы не болды?–дедім жанына отырып.

Ашық дереккөзі

—Қасына жақындап төсегін жөндегем, білегімнен көтерілмейтін қолымен ұстады, түсінбей бетіне қарағаным сол еді, жаны бар қозғалатын қолында лезвия бар екен, сонымен міне, тіліп жіберіп жағамнан шап беріп ұстап алып, жібермей қойды. Қан атқылап ағып жатыр, әрең жұлынып босадым да, қорқып осында келдім. Еркебала, айтшы ол не істемек болды?–деп жылаған дауыспен қаны сыртына шығып тұрған білегіндегі байлаған жерді ұстады.

—ОЛ ИТ СЕНІ ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ,–дедім ашуланып даусым қатты шығып.

—Қалай сонда?

—Тамырыңды кесіп, сені босатпай ұстап жатса, сен қансырап өлер едің. НЕ ДЕГЕН ИТ А, НЕ ДЕГЕН АРАМ ОЛ?–деп қайта орнымнан тұрып едім.

Жұлдыз мойныма асылып бетімнен сүйіп:

—Бармашы, жоламашы, тиіспеші, -деп сүйгіштеп кетті, өзі дір–дір етеді.

Бұндайды күтпеген мен сәл тартынып барып, оны құшақтап алдым. Менің өн бойым балқып, Жұлдыздың ерніне жабыстым. Ол тартынбады, беріле сүйісті. Екеуміздің жанымыз от болып, махаббатқа мас болдық. Мен өз жанымның жартысын енді тапқандай болдым. Жұлдызды аймалап, сүймеген жерім қалмады, мен арманыма қол жеткіздім, мен бақыттымын. Шылқып тер болып, екеүмізде есімізден айырылдық. Бірімізге біріміз тоймадық, ләззат алдық рахаттандық. Бірер сағаттан соң ес жиып, Жұлдыз тез киініп кетуге ыңғайланды.

—Жаным, кетпеші,–дедім білегінен тартып.

—Мен... барайын, ана жерді тазалайын, балалар келсе шошып қалар, –деді.

— Мен қасыңда болам.

—Жоқ, Кенже, жоқ болмайды.

—Сен мені Кенже деп айттың,–дедім күліп, Жұлдыз қызарып шығып кетті.

Мен де киініп соңынан ілестім, үйге кірмей сыртынан бақылап тұрдым. Бейшара әйел қанды жуып-шайып тазалап жүр. Семсер ұйықтап жатыр. Жұлдыз арғы бөлмеге кіріп, көйлегін орамалын алып, газ үстінен шәугімді алып, монша жаққа беттегенде артынан бардым. Әдейі қорқып қалмасын деп жарыққа көріне бардым.

—Сен не қарап тұрғансың ба?–деп ақырын сөйлеп жақындады.

Мен белінен шап беріп құшақтап, ыстық ерніне жабыстым. Монша ішіне кіре аймаласып кеттік.

—Кенже, мен жуынып алуға келгем,–деді ақырын.

—Мен сені сүйем, білесің бе,–дедім көздеріне қарап.

Жұлдыз толқығандай бүкіл денесімен селк ете қалды.

—Жұлдыз, мен саған сонау алғаш көргенде ғашық болғам,–дедім.

Жұлдыз аузымды саусағымен жапты да:

—Үйіңе бара ғой, мен онсыз да күнә жасадым, енді жуынып алайыншы,–деді.

—Жұлдыз, сенікі күнә емес, сені Семсер өлтірмекші болды ғой, ол сен адал болып жүрсең де сенбей арам ойлап, өлтірмек болды,–дедім.

Жұлдыз құлағын басып алды. Мен білегін көрсетіп:

—Міне, дәлел, осыған қара да, оның саған сенбейтінін ұқ,-деп шығып кеттім.

Жұлдызды қинағым келмеді. Ол ойлы көзбен білегіне қарап отырып қалды.

Өзім от болып жанып, Жұлдызбен болған әр сәтті санама сақтап, екеуміз болған бөлмеге кіріп әр затты иіскеп балқып ұйықтап кеттім. Ертеңіні елеңдеп Жұлдыздың үйіне қараумен болдым. "Көмек керек пе?"-деп әдейі бардым. Жұлдыз бетіме қарамайды. Балаларың қасына жинап, оңаша қалғысы келмейді. Менен үркетіндей. "Не болды, не ұнамады? –деп үйіме келдім. Бірнеше күнде жындануға шақ қалдым, Жұлдыз жолатпайды. Тіпті жалғыз жарым кездесіп те қалмадық, мен оны аңсаумен азаптанып алысып жүрмін.

"Семсер мен Құралай жылдап ойнас болды ғой, бізге неге болмайды?",-деп ашуланам. Бірнеше рет балалардың жоғын пайдаланып әдейілеп батылданып та баса көктеп Жұлдызға жетіп бардым, ондай кезде ол дәл Семсердің қасына барып алып, оны сипалап, сүрткіштеп, аялап жүріп алады. Мен ашумен Семсерге тесіле қарап:

—Ұятсыз, оңбаған,Жұлдызға сен не істедің? Сен арам жатып алып та Жұлдызды құрығыңнан шығармайсың, жібер оны, босат, өл, неге өле қалмайсың? Сен арам Жұлдыздың тамырын кескенше өз тамырыңды неге кесіп өлмейсің? Менің өмірімді де құрттың ғой, сен Құралаймен қай бетіңмен ойнас болдың? Сені бауыр,дос деп жүрдім ғой, сол бауырлық достық қадірді сен таптадың ғой, сен Құралай екеуің беттсізсіңдер, кәпірсіңдер!–деп ашуға беріліп жағасынан алып сілкіп-сілкіп жібердім.

Жұлдыз шырылдап мені итеріп бөлмеден қуып, есі шықты. Көздерінен жастары ағып:

— Өтінем, жалынам баршы, кетші, ендігі әрі келмеші,–деп жалынды.

— Семсер, ей Семсер, мен Жұлдызды сүйем, естимісің мен Жұлдызды сүйемін, сен оны сен жіберші оны, босат, бағын байлама, қор қылып жатсың ғой. Сен құдайдан неге қорықпайсың. Сен неге ажал сұрамайсың? Сен арамсың, сен қара бетсің,–_деймін Семсерге төніп.

Жұлдыз итеріп шығарып:

—Бар, кет, жолама, жоғал, енді сені көрмейтін болайын,-деді.

—Жұлдыз, жаным не дұрыс емес... Сен...,-деп алдындағы ыстық қушағымен тәтті махаббатын айтпақ болып едім. Жұлдыз шапалақпен салып кеп қалды.

—Шық деймін саған, жоғал,-деді сыбырлаған өксік аралас сондай аянышты дауыспен.

Мен бетімді уқалап үйіме кеттім. Не істерімді білмей ит болып, күйініп таусылып, өзімді қоярға жер таппай екі көзім Жұлдыздың үй жағына телмірумен, кеш болса келер деген үмітпен жүріп жатырмын. Бір ай өтті. Демалысым бітіп, жұмысым басталды. Күнен күнге есім ауып Жұлдызды сағынып, жынданарға шақ қалып мен жүрмін. Осынша жасқа келіп дәл осылай азаптанамын деп ойламаппын. Бір көріп тілдескім келеді, бұрынғыдай сырласқым келеді. Жұмыста жүрсем де есіл-дертім Жұлдыз. Міне, нағыз махаббат, аңсау сағыну, күйіне, іздеу. Ұжымда түрлі келіншектер бар, байқаймын бойдағы, жаңадан келгендері жақындағысы келіп сөзге тартып, сыланып әдеміленіп қасымнан шықпайды. Маған Жұлдыз керек. Мен Жұлдызды аңсаймын, сол үшін үйіме асығам, келіп алып телміріп қарап отырам, бара алмаймын, ол мені қуды ғой. Аздап оған ашулымын да, неге ол солай жасады деп түсіне алмаймын. Тағы жарты ай өтті, жұмысыма кеткем, жиналыс болып кеш келдім. Сабақ әлі басталмаған болатын, балалар үйде еді, мен келсем:

— Әке, Семсер ағалар көшіп кетті,-дейді балам.

— Қалай көшіп кетті?

— Әке, қалайы несі? Кәдімгідей көшіп кетті. Біз тағы басқа көршілер көмектестік.

— Қ қ қайда көшті?

— Білмеймін.

Тез көшеге шығып, көршіге бардым.

— Семсерлердің көшетінін білмеппін, сендер білуші ме едіңдер? --дедім.

— Жоқ, аяқ-асты көшті-ау деймін. Жүк көлігі келгенде көмекке шақырды.

— Қайда көшті?

— Жұлдыз нақты айтпады.

— Қалай айтпады?

— Неше мәрте сұрадым, Аға, мен нақты мекен-жайды білмеймін, сосын хабарын беремін,-деді.

— Неге көшіпті?

— Қалалы жерге барып емдетем, балаларды оқуға берем дегендей айтты, шыны керек Жұлдыз тым асығыс болды, көп ештеңе айта алмады, дүниесі сол бойымен қалды, біз Семсерді көтерісіп көлікке жатқызып бердік, соның төсегін ғана алды.

— Иә, көрші тұрып айтпай кеткені қызық, -деп үйіме келдім.

Еркек басыммен жылағым келді. "Бүгін неменеге жұмысқа бардым",– деп өкіндім. Мен сындым, мені өмірге жетелеп тұрған Жұлдыз екенін сол кезде ұқтым. Жалғыз қалғанымды сол кезде түсіндім. Анам қайтыс болғанда дәл осылай қиналмағам. Жұлдыздан айырылып жүрегім қақ айырылды. Сұрамаған адамым қалмады, тіпті Семсердің туыстарына да бардым, білетін жан жоқ. Зарығып жүріп жарты жыл өтті, көктем шығып, жұмысымнан үйіме келсем Семсердің үйінің көрпе жастығы сыртқа жайылып тұр, қуанып жүгіріп барсам, Семсердің апайлары жүр екен. Амандық-саулық сұрасып Жұлдызды іздеп тұрмын, көрінбейді.

—Семсерлер келмеген бе?--дедім жан-жағыма қарап.

— Жоооқ, олар келмейді, ұлдар сабақтарынан маусымда босайды, Жұлдыз жұмыста,-деді апайы.

— Семсерді кім қарап отыр? Олар өзі қайда?--дедім.

— Кенже, біз нақты білмейміз, Семсер арнайы мүгедектер үйінде екен, Жұлдыз сол жерде жұмыс жасап қасында тұрады екен. Екі ұлдары әскери училищеде жатып оқиды екен, соны хатпен жазды. Анамның асына келе алмайтындарын Семсерді ары-бері тасып қинамай отыра берейін деді, бізден рұқсат сұрады, амал жоқ рұқсатымызды бердік. Келесі апта ас, соған әзірлік жасау үшін ертерек келдік, -деп анықтап айтып берді.

— Хатта мекен жай бар шығар, сол орталық қайда екен? Жол түссе бауырымды көріп келер едім,--дедім қайткенде де Жұлдыз қайда екенін анықтағым келіп.

— Қайтар мекен-жайды жазбапты. Керек кезде Жұлдыз байланысқа (переговор) шығыпсөйлеседі,-деді апай ойлы көзбен.

"Қап, Жұлдыз жақсылап жасырынды, енді қайдан тапсам екен"-деп ойға батып үйіме келдім. Кіші ұлым мен қызым кәдімгідей ересектеніп, бойлары өсіп қалған. Мен бақ жақтан келе жатсам, ұлым тапшанда жастыққа жантайып жатыр екен. Жүрегім зууу ете қалды, Аллам-ай тұра Семсер. Тұрған жерімде мелшиіп тұрып қалдым. Жылағым келді ме, ашуым келді ме өзім түсінбедім. Ұлымнан көз ала алмай ұзақ тұрдым. "Әттең ай, әттең, мына қорлықты ай,"-деп үйге кіріп фото альбомды ашып, 14-15жас кезіміздегі суреттерімізді қарадым, иә ұлым Семсердің аузынан түсіп қалған. Бұл бала Семсердің ұлы. Не деген қорлық еді, баланың еш жазығы жоқ қой, сонда да менің өн бойым суып қоя берді. Менің азаптанып жүргенім аз еді, енді Семсерден аумай қалған ұлым қосылды. Мен "балаларымды бөлмеймін, бәрі өз балам",-деп көңіл бөлмей жүрген едім, енді ұлымды көрген сайын Семсерді көргендей болып ашуланам. Қызым аумаған анасы Құралай, оның да жүрісі, мүсіні, дауысы, көз қарасы бәрі-бәрі анасына ұқсаған. Қызым да Семсердің қызы болуы мүмкін бе,"-деп ойлай беретінді шығардым. Өз анам қайтыс болған соң біз үшеуміз қалған едік. Қызым ас әзірлеу, кір жууды өз мойнына көтерген. Үй жинау, ыдыс-аяқ жууды үшеуміз тең істейтінбіз. Сиырды сатып жібергем, қаршадай қызымды сол малдың астына салмай-ақ қояйын дегем. Үлкен ұл мен үлкен қыз Алматыда жоғары оқу орнына түскен. Құралай қайтыс болғалы бері бесінші жылдан асты. Менің жалғыз басты еркек екенімді білген қыз келіншектердің түр-түрі бас қосқысы келіп, ортаға адам салғандары да кездесіп жатты. Мен жолай алмадым. Ойымнан Жұлдыз кетпей қойды, соны сағынам соны аңсаймын. Ол кеткелі екінші жылға кетті. Кеш бата тапшанда жатсам Семсердің қақпасы айқара ашылып екі көлік қатар кірді. Кімдер екен деп басымды көтеріп қарап жатырмын. Екі әйел адам шығып, бүйірін таянып тұрып қалды. Келесі көліктен екі жас бала шықты, артынан асықпай әйел адам шыққанда жүрегім аузымнан шығардай дүрсілдеп соғып кетті. Ол әйел Жұлдыз. Мен шатаспай таныдым. Дәл сол сәтте ауа жетпей кеудем қысылып отырып қалдым. Өкпе, ренішім жоқ болып, сағыныш бойымды билеп, көзімді алмай қарап отырмын. Жұлдыз шашын сипалап, орамал тақты. Жанындағы әйелдерді де тани бастадым – бірі Семсердің жеңгесі, екіншісі апайы, ер адамдар –бауыры, жездесі екен. Мен бара алмай отырмын.....

6-бөлімнің соңы, жалғасы бар

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

 

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 1-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 2-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 3-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 4-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 5-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 6-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 7-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 8-бөлім

Loading...