Алматыдағы лай көшкіні: Құтқарушылар барлық төрт адамның мәйітін тапты

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті селден кейін үйінді астынан төрт адамның мәйіті табылғанын мәлімдеді.

stan.kz

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті селден кейін үйінді астынан төрт адамның мәйіті табылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Құтқарушылардың мәліметіне сәйкес, оқиға орнында үйінділерді бөлшектеу және балшық массасынан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. 

“Жұмыстар өткір заттар, әйнек, арматура және т.б. заттар араласқан саз балшық массасының үлкен көлемімен, сондай-ақ үйге кіру жолының тар болуымен, техниканы барынша пайдалану мүмкін еместігімен қиындай түсті. Құтқарушылар жұмысты негізінен қолмен жүргізуде”, – делінген ақпаратта. 

Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып, алып шықты.

“ТЖМ психологтары туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетуде”, – делінген ТЖД хабарламасында. 

Еске салайық, Алматыдағы Медеу ауданында 8 ақпанға қараған түні сел жүріп, екі үй зақымдалған еді. Оқиға орнына келген құтқарушылар үйде болған 4 адамды іздестірген. 

ТЖД құбырдың жарылуы селдің алдын ала себебі болуы мүмкін екенін айтқан. 

"Сел көшкініне суық су құбырының бұзылып, топырақтың батпақтануы себеп болды. Көшкіннің көлемі – 3200 текше метр. "Қазселденқорғау" ММ күштері мен құралдары, 109 құтқару қызметі, республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды", – делінген Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында. 

Loading...