Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 4-бөлім

Ашумен не істеп жатқанымды өзім түсінбедім, бар білгенім Құралайды намыстан өлтіргім келді. Тамағына жабысқаннан жабысып, жерге құлатып қыса бердім, қылқындыра бердім.

Ашық дереккөзі

Құралайдың алайған көздеріне тесіле қарап, сонау жастық шағымыз, оның үлбіреп келін болып босаға аттағаны, сосын ұлымды босанып перзентханадан шыққаны елестеп, кешегі күні жалаңаш ас бөлмеде мас тұрғаны, Семсердің жалаңаш жүгіріп келгені, кино лентасындай көз алдымнан өтіп, ашуым одан ары басымды қысып, жабысқан тамақтан қолымды алмай қылқындырып, жерге құлатып, үстіне отырып алып баса бердім. Біреу кеудемнен құшақтай артқа тартып, сосын жұдырықпен желкенен қойып кеп қалды. Мен талықсып қолым босағанда, құшақтай сүйреп, Құралайдың үстінен тартып жерге итерді. Желкеме тиген соққы ауыр болды, тынысым тарылып, буын-буыным босап, көзім қарауытып, жерге таяна құладым. Кім екен деп басымды көтеріп қарасам Семсер екен. Ол Құралайдың басын көтеріп, бетін сипалап, қайта жатқызып кеудесін бірнеше рет басып, аузынан үрлегенде, мен дәл маңдайдан бір тептім. Семсер шалқасынан құлады, ұшып барып оның да тамағына жабысып едім. Ол білегіме жабысып қылғындыртпай қолдарымды ашып жіберіп, аунап кетті. Арт жағынан тамағына жабыстым, сіресіп жерге етбетімен құлата үстінде жатырмын. Семсер бой бермей жұлынып, күшке салып, орнынан тұрмақшы болып, жерге тіреліп кеудесін көтерді. Саусақтарым қарыстырып қыса бердім, Семсер неше мәрте қолымды тамағынан ажыратпақ болып жабысып, жантая құлап, аяқтары тырбаңдап, демі бітіп, талықсып бара жатқанында менің басыма қатты соққы тиді. Талып бара жатсам да Семсердің тамағын қыса көзім қарауытып есімнен айырылдым. Мен есімді жисам жанымда ешкім жоқ, жалғыз жатырмын. Орнымнан тұрайын десем басым қатты ауырып тұр. Біраз жаттым да сосын тұрдым. Мен қора ішінде жатыр екенмін, дала қап -қараңғы. "Кенже, Кенже",-деген дауыс алыстан естілетіндей, есікті теуіп ашып сыртқа шықтым. Мені іздеп жүрген үлкен бауырым екен қасыма жүгіріп келді.

— Кенже, саған не болды? Кенже, не болды деймін?-деп қолтығымнан демеп жарыққа апарды.

— Ойбай, басың жарылыпты ғой, саған не болды?-деп бауырым тез су әкеліп, басымды жуып, жарақатымды қарап есі шықты.

— Не болды?-деп бетіме қарап қояды.

Мен сөйлейін десем тілім икемге келмей, құсып жібердім.

— Білмеймін... біреу... артымнан... ұрды, -дегенді күрмелген тіліммен әрең айттым.

— Анам шошып кетпесін, мен қазір дәрі әкеліп көрейін не болғанын ,-деп бауырым үйге жүгіріп кетті.

Мен тез орнымнан тұрып, Семсердің үй жағына бардым, көлігі жоқ, олар қашып кетіпті. Қаным басыма шауып "олар тірі кетті",- деп жыным ұстап, сол жерде қайта талып кетіппін. Есімді жарық бөлмеде жидым, ауруханада екенмін. "Неге мен мына масқараны көтеріп жүруім керек, неге мен өле қалмадым",-деген өкініш өзегімді өртеп, көзімді ашпай екі тәулік жаттым. Шыны керек өмір сүргім келмей қалды. Бір сондай айтуға сөзім жетпейтін күйге түсіп, өз жаныммен алысып жер болып жатырмын. Әкемнің: "Балам...,Аллам... сүйген құлына... түрлі сынақ... дайындап... қояды... екен, сол сынақты.... пендесі көтере алатын... болған соң, береді... екен"-деп айтқан әлсіз дауысы құлағыма келгендей болды. Көздерімнен жастарым ағып, бұл масқараға қалай шыдауға болады? Енді мен қалай басымды көтеріп жүрем, мен өз ортамда жүре аламын ба?"-деп күйіндім. Тағы әкемнің қарлыққан әлсіз дауысы естілгендей, "Сен... мықтысың..., Сен...батыл бол, Балам...басыңа ауыр сынақ түсті, сен көтер, КӨТЕР....,КӨТЕРУІҢ КЕРЕК...., Мен тәрбиелеген еркетайым қайратты",-деп сосын, "Сынба, сынушы болма",-деп қайталап дәл қасымда айтқандай болды. Әкем біле тұра айтпай кетті ме? Әлде осындай бірдеңе боларын сезді ме? Не болып кетті?-деп тағы бір тәулік жатырмын. Дәрігерлер келіп тексеріп қарап, ақырын орнымнан тұрып жүруімді өтінді. Басыма тиген соққы миымды шайқапты, бірақ сынбапты. Кешке қарай учаскелік полиция келіп маған шағым жазасың ба деп сұрады. Ешқандайда шағым жазбаймын, өз ара болған дау деп бетін жаба салдым. Дегенмен ішімде өшпенділік қалып қойды. Бауырларым тамақ алып келіп не болғанын сұрай берді, мен ауыз ашпадым. Құралайдың жоқ болып кеткенін, Семсер де кетіп қалғанын айта берді.

— Олар аман-сау, олар тұралы маған айтпаңдар,-деп туыстарымды қағып тастадым.

Ауруханада жатқаныма бір апта болды, ешкімді көргім келмейді, бағып жүрген балаларымның өзі өз туған балам емес болуы мүмкін екенін ойласам безіп кеткім келеді. Терезеден сыртқа қарап, өзімді-өзім жеп, Құралаймен сүрген жылдарды сарапқа салып күйініп тұрсам есік қағылды.

— КІР,--дедім зілді дауыспен.

Есік ашылып, ақырын басып, біреу кіргенін естісем де бұрылып қарамадым.

— А А Амансыз ба?,-деген дауысты бірден танып жалт қарадым –Жұлдыз!

Ол басын сәл қисайтып, мұңды көздерімен көзіме қарап, сәл басын игендей болды. Мен қалай қасына жетіп барғанымда білмей қалдым. Ол тым арық, әрі аппақ. Қолындағы сөмкесін екі қолымен мықтап ұстап, сәл еңкейіп тұр, сонысына қарағанда ауыр сияқты. Тез сөмкені қолынан алдым, расымен ауыр екен.

— Сен қайдан жүрсің? Мына сөмкең ауыр ғой,–дедім сөмкені тумба үстіне қойып.

— Еркебала, Әкеңіздің арты қайырлы болсын,-деп иығымнан ұстап аз құшақтады да, қолымнан ұстап төсек шетіне отырды, мен жақын отырмын, басымды изеп қабыл алғанымды білдірдім. Жұлдыз көздерін көзімнен алмай кезек-кезек жүгіртіп қарап алды да:

— Сізге оларды іздеме деп едім....,-деп көздерінен жас ағып, төмен қарады.

— Айтшы, сен қанша уақыттан бері білесің,–дедім қолдарын сипалап. Жұлдыз ақырын қолын тартып алды да, орнынан тұрып терезе жаққа барып, үнсіз тұрып қалды.

—Сен олардың бірге екенін жақсы білдің ғой, иә,–дедім мен де қасына жақындап. Ол мұңды көзбен маған қарады да басын изеді. Менің басым дың етіп ауырып кетті, басымды ұстап орындыққа отыра кеттім.

— Еркебала, сен өзіңді жей берме, өзін жеген міне, мен неге жеттім...,-деп өксік аралас дауыспен айтты да төсек шетіне барып отырып қол сөмкесінен беторамалын шығарып көздерін сүртті.

— Неге шыдадың?

— Амалым жоқ, екі баламен қайда барам....?,-деп танауын басып солқылдап жылап алды да, маған ойлы көзбен қарап.

— Сен қалай байқамадың?-деді.

Бұл сөз маған таспен дәл кеудемнен ұрғандай тиді. Басымды ары бері бұрып:

— Байқамадым, сезбедім, білмедім,-деп Жұлдызға жақынырақ келіп отырдым.

— Мен алғаш келін болып түскенде Семсер мен Құралайдың жиі жеке қалып жүргенін көріп жүрсем де мән бермегем, жастық-мастық, өз қиялыммен мәз болып, жаңа отбасына үйренісуім керек деп жүре бердім. Ол кезде Семсер маған кәдігімдей көңіл бөліп, басқа ой ойлауыма жол бермеді. Жүктілік, сосын алғашқы нәресте, ана болу машақаты есімді шығарып, мен де Семсер жаман жолда жүр деген ой санама кірмеді. Мен оларды ана бұрыш, мына бұрыштан жиі көрсем де Құралай шаруасымен жүр Семсер болысып жатыр деген оймен болдым. Екінші баламды көтеріп қалып тіптен есім шықты, балалар, отбасымның күтімі, сол жылдары біз қатты араласушы едік қой, Құралайда үшінші баласына аяғы ауыр болып, балалар сапырылысып, үйге кіріп шығып, жатырқамайтынбыз. Бақшадағы тапшанда қатар жатып таң атыратынбыз. Бірде, ол кезде Құралай үшінші баланы жаңа босанып келген, қырық суын бергенбіз, иә сол күнің ертесі, кішкентайым ауырып қалып мен ауруханаға барғам, ауылдан аудан ауруханасына жатасыңдар деп жіберген, үйден керек заттарымды алып кеткен болатынмын. Семсер бізді үйден жедел жәрдемге салып жіберіп қалған болатын. Ауданға барып едік жатқызбады, баланың тісі шығып жатыр, соған іші өтіп, қызуы көтеріліпті деп үйге қайтарды. Бізге ауданнан ауылымызға қайтатын көлік табылып, тез есік алдына бір-ақ келдік. Ата-енем ол кезде жұмыста болған, мен үйген балам ұйықтап қалған соң, ақырын кіріп жатқыза қояйын деп, жатын бөлмеге кіргем....,-деп тоқтап қалды.

Мен Жұлдыз не көргенін бірден түсініп орнымнан тұрып кеттім. "Үшінші балам ұлым енді ғана туылған, не деген арсыздар, не деген ұятсыздар,"-деп іштей айтып ары-бері жүрдім, дәл сол сәтте Жұлдыздың қандай күйде болғанын түсініп аяп та кеттім. Ақырын көз қырыммен Жұлдызға қарап қойдым.

— Еркебала, дәл сол сәтте мен асылып өле салғым келді. Екеуі мені көрмеді. Баланы келесі бөлмеге жатқыза салдым да, тез далаға шықтым, қораға барып арқанды шеше алмай әбігерге түстім, шешіп алып белағашқа байлап, дарасын келтіре алмай бірдеңе жасап байлаған болдым. Басымды іліп асылдым да, тынысым тарылып, ауа жетпей бара жатқанын білем. Сәлден соң есімді жисам Семсер су шашып, мен жерде жатырмын. Қасында Құралай бөпемді көтеріп тұр, балапаным ауыз жаппай шырылдап жылап жатыр. Балам жылап оларды орындарынан тұрғызған, олар мені іздеп шыққанда мен дәретхана қасындағы белағашқа асылып, міне-міне жаным шыққалы селкілдеп тұрған екенмін. Құлыным, ұлым, сезді ме, мені ажалдан арашалауларына себепкер болып шырылдап жылаған. Мен балама қолымды созып, өзіме ауа жетпей жөтеліп те жатырмын. Сол кезде Семсер алғаш рет қол жұмсады ,аямай жұдырықпен бетімнен екі қойды, талықсып кетіп едім, қайта су шашып ес жиғызды да, шапалақпен салып-салып жіберді. Жерден желкемнен сүйреп көтеріп, жұлқылай сүйрей үйге әкеліп төсекке лақтыра салды:

—Сен не өле салам деп ойлайсың ба? Кім сені өлтіре салады а? Ей мына күшігіңді кімге тастап барасың а?-деп тағы да бірнеше рет шапалақпен тартты да, баламды қасыма тастап шығып кетті.-деп көз жасын көл етіп, өксік аралас дауыспен айтып отырған Жұлдызды аяп, бас салып құшақтап алғанымды өзім білмей қалдым.

— Айтпашы, айтпа, айтпа, МЕН ОЛАРДЫ ӨЛТІРЕМ, ӨЛТІРЕМІН,–дедім ашудан дірілдеп.

Жұлдыз жұмсақ алақанымен бетімнен ұстап көздеріме қарап:

— Оларға жазаны Құдайым өзі береді. Олардың қанын мойнымызға жүктемелік, оларға арам өлім тілегенім қашан,- деді.

Мен Жұлдыздың мұңды көздеріне қарап, көзбен аймалап кеудеме бастым.

— Еркебала, біз балаларымызға керекпіз, сенде бақандай төртеу,-деді Жұлдыз қолдарымды ұстап.

— Сол балалар менің балаларым ба? Құралай өзі де білмейді....,-деп едім Жұлдыз аузымды нәзік саусағымен жауып, басын шайқап:

— Сенің балаларың, сен тәрбиелеген баланың бәрі сенікі, Аллам сондай ұрпақ берді ма, біз тәрбиелеп, жеткізуіміз керек,-деді де қолымды жіберді.

— Жұлдыз, мен де бір сәтте өмір сүргім келмей кеткен, ал сен маған қарағанда мықты екенсің. Жарығым, сен осыған қалай шыдап, сол жексұрын Семсерге қалай қызмет жасап жүрсің? Неге маған айтпадың?–дедім иығынан ұстап.

Жұлдыз сондай мейірімді іші-бауырыма кіретін көзқараспен қарап қалды.....

4-бөлімнің соңы, жалғасы бар

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

 

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 1-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 2-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 3-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 5-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 6-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 7-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 8-бөлім

Loading...