Қоштасу постын жазған Әлихан Смайылов сынға қалды

Желі қоландушылары Смайыловтың атқарған жұмысына пікір білдіруде

Фото: primeminister.kz

5 ақпан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті отставкаға жіберді. Министрлер кабинетінде бәлкім кейбірі өз орнында қалар, бірақ екі жылдан астам уақыт премьер-министр болған Әлихан Смайылов қоштасу постын жазып, қайтып келмейтінін білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Тоқаевқа сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін зор алғысымды білдіремін. Өткен екі жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1%-ті құрады. Барлық негізгі секторлар оң даму динамикасын көрсетті. Инфляция екі есеге төмендетілді»,  - дейді Әлихан Смайылов.

Былай қарасаң, бәрі керемет секілді. Әлбетте, Әлихан Асханұлы өзі басқарған тұста халықты  елдегі қымбатшылық, басқа да проблемаларды айтпаған. Есесіне, оны пікір жазғандар экс-премьердің есіне өздері салған екен.

Мысалы, желіде танымал КТК арнасының журналисі Диас Нұрақын да өз ойын айтқан екен.

«Көлік қымбат, үй қымбат, тамақ қымбат, коммуналдық қызметтер қымбат, айлық аз, кредит көп, қайдағы инвестиция, қайдағы экономикалық өсімді айтып отырсыз?», - дейді ол.

Ал оңтүстіктегі қазақтарды солтүстікке шақырып жүрген Бурахан Даханов елде тұрақсыздық барын айтты.

«Бір тұрақсыздық. Меніңше, үкімет берілген уақытына дейін істеп, нәтиже көрсетуге талпынуы керек. Қазір жаңа үкімет келіп, ол орныққанша да, жарты жыл уақыт кетеді», - дейді Бурахан Даханов.

Әлихан Смайыловқа тілегін білдіріп, рахметін айтып жатқандар да бар. Бәлкім, бірге істеген әріптестері болар. Дегенмен, көпшіліктің Смайыловқа көңілі толмағанын байқауға болады. 

«Бәрі жақсы болса неге ұлттық қордан ақша алдың? Неге зейнетақы қорының ақшасын ЖЭЦ салуға жұмсайын деп жатырсыңдар?», «Үміт ақталмады, жемқорлық адам шошытарлық деңгейге жетті. Қорғаныс, денсаулық, әлеуметтік, Қазавтожол, білім саласы министрлері жұмысы өте нашар. Облыс, аудан басшылары тек тамыр-таныс, туған-туыстарын жұмысқа тағайындауда. Халықтың сеніміне ие болатын үкімет басшысы министрлер сайланса деген үмітіміз қашан ақталар екен», «Сіз үкіметті басқарған кезеңде бюрократия шыңына жетіп, коррупция қатты дамыған шаққа тұспа-тұс келді. Бұл олқылықтарды тоқтатуға үкіметтің әлі жетпеді», «Бірінші рет әлеуметтік желіден көруім. Жан жағына жалтақтамайтын, турашыл адам керек қой, болмаса Қажыгелдинді шақыртсын», «Өз басым сізге жақсы баға бере алмаймын, айтарлықтай жетістіктер жоқ, халықтан алшақ болдыңыз. Бірақ Маминге қарағанда Қазақстанда премьер-министр бар екені көрініп тұрды. Алдағы уақытта шын қабілетіңіз жететін, сүйіп  жұмыс істеңіз деп өтінемін», «Бұл Үкімет саяси-экономикалық дағдарысқа алып келді. Тіптен бұл өкімет келмеу керек еді», - деген сарындағы пікірлер өте көп.

Айта кетейік, 51 жастағы Смайылов Қазақстанның премьері лауазымын 2 жыл бір ай атқарды. Бұған дейін ол Асқар Маминнің орынбасары лауазымында болған.

Loading...