"Мақтау айтып, уақытты алмаңыздар!": Нұрлан Ұранхаев әкімдерді мақтауға тыйым салды

Бұл кездесудің бұрынғы кездесуден ерекше екі өзгешелігі болған

Фото: Semeytany.kz

Өткен жұмада Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласы тұрғындарымен есептік кездесу өткізген еді. Нұрлан Ұранхаев кездесу барысында тұрғындардың пікірінен кейін әкімдерге мақтау айтуға тыйым салды,- деп хабарлайды OnNews.kz тілшісі Semeytany.kz порталына сілтеме беріп.

Семейліктердің алдында облыс әкімі Нұрлан Телманұлы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басты бағыттарын орындау, қала тұрғындарының әлеуетін көтеру, қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын баяндады.

Semeytany.kz сайтының деректеріне сүйенсек бұл кездесудің бұрынғы кездесуден ерекше екі өзгешелігі болған:

Біріншісі — мемлекеттік тілде өткендігі. Әкімдер өз баяндамаларында кейбір мәліметтерде ғана орыс тілінде аударма қолданды. Сұрақтар, негізінен, қазақ тілінде қойылды. Оған мемлекеттік тілде жауап берілді.
Кездесудің екінші ерекшелігі туралы облыс әкімінің есебіне қатысқан қала тұрғыны Аймұханбет Бейсембеков өзінің фейсбук парақшасында: «Облыс әкімі Ұранхаев әкімдердің атқарған жақсы істерін мақтаған тұрғынның пікірінен кейін: «Құрметті азаматтар, бұл жиында әкімдерге мақтау айтып, уақытты алмаңыздар! Тек облысымыздағы, қаладағы шешімін таппаған, тұрғындарға қажетті түйткілді мәселелер туралы сұрақ қойыңыздар», — деп өтініш жасады («Сайрағыштар» бұл жолы сайрай алмай қалды)»,- деп жазыпты делінген.

Loading...