Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 3-бөлім

Алып-ұшып тұрған жүрегім санама бой бермейді, қалай Жұлдыздың қолын ұстағанымды өзім ұқпай қалдым: — Жағдайың жақсы ма, жарығым,–дедім батыл дауыспен. Жұлдыз бетін бұрып, сәл жымиғандай болып: — Тәуірмін,-деді сыбырлаған дауыспен.

Ашық дереккөзі

— Апам жіберді, сені бәрі уайымдап отыр, мен қазір Семсер мен Құралайды тауып жағдайды айтам, мына күндері келе алмадық, олар да естімеген шығар, кімнен естиді, оларға хабар да айтпадық, –дедім жылдам-жылдам.

—Сіз Отағасын іздемей-ақ қойыңыз, керек емес, ол кісіні босқа әбігерге саласыз, оларда уақыт та жоқ шығар, шаруаларын жасай берсін, -деді жалынышты дауыспен.

—Әбігер түгі жоқ, келсін, дәрігерлермен сөйлессін, керек дәрі-дәрмегіңді алып берсін,–дедім зор дауыспен.

— Еркебала(маған қойған аты еді), сіз оларды іздеп әуре болмаңыз, менде дәрі-дәрмегіме жетер қаражатым бар, бәрін алдырып алдым, енді ештеңе керек емес,-деді көздері жасқа толып.

— Әуреленетін түгі жоқ, базарға барсам табамын ғой, Құралай келіп тұрсын.

— Керек емес, іздемеңіз.

— Жұлдыз, сен не уайымдап жатырсың? Олардың келгенін қаламайсың ба?

— Еркебала, сіз де ауылға қайта беріңіз, мен тәуірмін, қиындық артта қалды, маған үй тамағын ішуге болмайды, асқазанның жартысын алып тастады, енді диетада жатам, сіз атама, балаларыма қарайласыңыз, енем қызынан келмеген болар,-деп қойған сұрағыма жауап бермей тез сөйлеп шаршап қалды.

— Жақсы, емдел, жарығым, сен балаларыңа, бізге керексің,-дедім, "бізге" дегенім маған керексің дегенім еді.

Жұлдыз көз жасы ағып жатыр, сәл күлімдеп қолымды қысты. Мен бетінен сүйгім келіп тұрсам да, тек қолын сәл қыстым да жастарын сүртіп:

— Жылай берме, саған жылаған жараспайды екен, сен күліп жүру керек жансың,–дедім көзімді қысып.

Жұлдыз жымиды, жаны қиналып тұрғаны көрініп тұр. Қош айтысып шығып кетсем де, кете алмай есік көзінде егіліп жылап, мен ұзақ тұрып қалдым. Бұл не деген азап еді, жүрегім қақ айырылды-ау, неге мен бұл әйелді сүйіп қалдым? Қанша өзімді басып жүрсем де жүрек құрғыр неге егіліп жылайды?

Ауруханадан әрең шықтым, базарға тарттым. Семсердің сауда орындарында сатушылар тұр екен, Құралайдікін сұрастыра жүріп таптым, ол жерде де сатушы тұр.

— Ағай, Құралай апай пәтеріне кетті, ол кісі түнде тауар әкелген, енді ертең шығады, сіз кім боласыз?-деді.

Мен күйеуі екенімді айтқанымда сатушы ойланып қалды.

— Ағай...,сіз пәтерге бармай-ақ қойыңыз...,ол кісі басқа жақта болуы мүмкін,-деді күмілжіп.

— Жақсы, сен оған айтшы, Жұлдызға ота жасалды хирургияда жатыр деп,–дедім де кеттім.

Жолда келе жатып, "Ұл, қызымды көріп кетейін, апасына айтып барам",-деп пәтерге тарттым. Пәтер есігінің қоңырауын басып тұрмын, мен Құралайды көрмегелі екінші жыл болған. Есік шықырлап тек құлпысы ағытылды да есік ашылмады, мен ойланып тұрып есікті ашып, ішке кірдім. Дәлізден бір бөлмеге қарай халаты жалбырап әйел адам кіріп барады. Мен кіріп, аяқ кимімді шешіп, сол әйел кірген бөлмеге беттедім, әйел жартылай жалаңаш, үстінде іле салған үлбіреген жұп-жұқа жібек халат, шашы қып-қысқа кесіліп, сап-сары боялған, тоңазытқыш алдында сусынды құтысынан ішіп тұр.

— Құралай бар ма?–дедім, әйел қолындағы құтыны құлатып алып, маған жалт қарағанда мен оның Құралай екенін таныдым. Ол қақалып-шашалып, халатымен алдын жапқан болып орап, көзі бақырайып стөлге бар денесімен қиралаңдап барып сүйеніп еді, стөл шетіндегі ыдыс жерге түсіп шағылды. Құралай тәлтіректеп шағылған ыдысты алам деп өзі сынған шыныны басып, баж етіп жерге отыра қалды. Мен сол кезде оның мас екенін түсіндім.

— НЕ БОЛДЫ, НЕ БОЛДЫ?-деп арғы бөлмеден тыр жалаңаш Семсер жүгіріп шыққанда, мен өз көзіме сенбей бір сәт тұрып қалдым.

Семсер маған тура қарап, алдымен танымай, сосын таныды ма, кері шегініп бөлмеге кіріп кетті. Құралай ойбайлап, аяғын ұстап алып, аузына келген сөзді айтып талтайып отыр. Маған ең жиіркенішті осы көрініс болып пәтерден тез шығып кеттім. Қол сермеп Семсерді ұрмадым, оны ұрып әйелімнің арын таптадың деуге тұрарлық нәрсе емес екенін түсіндім. Сыртқа шығып біраз жер ұзаған соң әрең есімді жидым. Намыстан өртеніп, қорланып, ашу қысып, қаным басыма шапты. "Сонда мен өзім Семсерге әйелімді қосып жібердім бе, сонда Семсердің дәті қалай барды, ол қалай менің әйелімді құшағына алды? Құралай менің балаларымның анасы ғой, Құралай қалай ғана оп-оңай арын таптай салды, балалардың бетіне қалай қарап жүр?"-деп айдалада ұзақ отырдым. Өзімді жігерсіз, сорлы санап та кеттім. Қайда кімге барарымды білмей біраз жүріп, Жұлдыздың:

" Сіз Отағасын іздемей-ақ қойыңыз, керек емес, ол кісіні босқа әбігерге саласыз,", "Еркебала, сіз оларды іздеп әуре болмаңыз, менде дәрі-дәрмегіме жетер қаражатым бар, бәрін алдырып алдым, енді ештеңе керек емес,""Керек емес, іздемеңіз."-деген сөздері есіме түсті, жас толған аянышты жанары көз алдымда тұрып алды. Жұлдыз сен сонда білдің бе? Сен бәрін білесің бе? Бұлар қашаннан бері бірге екен? Сатушы қыздың:

"Ағай...,сіз пәтерге бармай-ақ қойыңыз...,ол кісі басқа жақта болуы мүмкін,"-деп, күмілжіп айтқан сөзі, ол қыз да бірдеңе білген адам ғой,-деп ашудан жарылардай болдым. "Жұлдыз, сен бәрін білетін болдың ғой,"-деп одан ары намыстанып жер болдым. Екеуін де өлтіріп тастағым келіп пәтерге қайта жүгірдім. Немен, қалай өлтіретінімді ойламадым да, есіктің қоңырауын басып, жарылардай болып тұрмын. Есікті ешкім ашпады, жұдырықтап ұра бастадым, ашпады. Есікті теуіп, боқтап, ашуға жол бердім.

Көрші шығып:

— Неге үйді басыңа көтеріп тұрсың? Олар үйде жоқ, бағана кетіп қалған,-деді ашулы дауыспен.

— Кешіріңіз,–дедім де сыртқа шықтым. Дәл сол кезде неге екеуін өлтіре салмадым деп ашуландым, бірақ, қалай өлтіре салу керек екенін білмеймін. Балаларым қайда, олар сабақта болар деп колледж жаққа бардым. Ұлымды оңай тауып алдым, ол жатақханада тұратынын айтып, бізден жасырғанынан кешірім сұрады, қызым да жатақханада тұрады екен, пәтерде анасы ғана тұратынын айтты. Жиі тауарға кетеді, үйде бола бермейтінін, жатақханада оларға көңілді екенін түсіндірді. Балаларыммен біраз сөйлесіп, ашуым басылған соң кешкі автобуспен ауылға қайттым. Мен ауылға түбегейлі басқа адам болып оралдым. Менің ойымша елдің бәрі біледі, мені күлкі етіп жүргендей көрінді. Үйге келген соң да қатты қиналдым. Осы екі жылда Құралайдың үйге келмей қойғанына бұлай күйінбеп едім, мен де ол бір еркек тауып алған шығар деген ойым болғаны рас, сол еркекке мен оңай қия салғаным да рас, іздеп артынан бармадым, бармақшы болсам ол шетелде деді, сонымен суып кеткем. Ал Семсермен бірге болады, соның құшағында жатады дегенді ойламаған едім, олай ойлауым мүмкін емес еді. Семсер көрші болса да бауырым ғой. Мен де Жұлдызды сүйіп қалдым, бірақ, мен Жұлдызға артық ауыз сөйлеп те көрмедім ғой."-деген ойлар жеп жатыр.

Әкем қатты қиналып жатыр екен, мен келген соң бүкіл бауырларымды шақыртты, ұлдарын бөлек жинап, бәрімізге өсиетін айтып, батасын берді. Апайларым жылап-сықтап әкемнің қасында біраз отырды. Кеш батып бәрі жатуға кеткенде әкем менің жалғыз қалуымды өтінді. Мен әкеме жақын отырып қолын ұқалап, мұңайып отырмын, ойым Құралай мен Семсердің опасыздығы, "әкем кетіп барады, соны білмей кеткені дұрыс,"-деп ойға беріліп кеттім.

— Балам,-деді әкем шаршаған әлсіз дауыспен. Мен жақынырақ еңкейдім.

— Балам...,Аллам... сүйген құлына... түрлі сынақ... дайындап... қояды... екен, сол сынақты.... пендесі көтере алатын... болған соң..., береді... екен,-деді үзіп-үзіп. Бетіме қарап алақанымен маңдайымды сипады да:

— Сен... мықтысың..., Сен...батыл бол, Балам...басыңа ауыр сынақ түсті, сен көтер, КӨТЕР....,КӨТЕРУІҢ КЕРЕК...., Мен тәрбиелеген еркетайым қайратты...,-деп шаршап қалды.

Мен әкемді өзінің кетіп бара жатқанына мені сынып кетеді деп ойлап жатыр деп ойлап басымды изедім. Әкем қолымнан мықтап қыса ұстап, көздеріме тұра қарап.

— Сынба, сынушы болма, сен ер азаматсың, төрт баланың әкесісің, Құралай ол енді ана да, әйел де, келін де болмайды....,-деп тоқтап қалғанда, менің өн бойым дір ете қалды.

"Әкем білген бе?",-деген ой келді. Тіпті терлеп кеттім. Әкем екі сағаттай үнсіз жатыр. Мені ой жеп барады. Сонда қалай, елдің бәрі біле ме? Масқара жария болып кеткен бе? Неге мен білмегем?-деп бөлмеде ары-бері жүрмін.

Әкем оянып, суын ішіп қайта маған ойлы көзін салып:

— Балам, мен өмір көрген, адам таныған жанмын. Құралай босағаны аттап кіргенде саған өмірлік жар болмайтынын сезгенмін, міне екі жыл аяқ баспайды, ол ашылып кетті, сен енді оның соңынан жүрме, әлі жассың, ажырас та басқа құдайға қараған жанмен басыңды қос, өз болашағыңды, абыройлы кәрілікке жол жаса,-деп тоқтамай айтты.

— Әке, Құралай тұралы естігеніңіз бар ма?–дедім.

— Естімедім ,естіртпесін, естігім де келмейді. Мен біліп жатырмын, ана анаң сені уайымдап өлетін болды, сен сергек жүр, жаңа өмір баста. Балаларың өсіп кетеді, ал саған жанашыр, аялар жан керек. Менің саған айтар өсиетім Құралайға қайта мына босағаны аттатпа....,-деп демігіп тоқтап қалды.

Апайым кіріп, емдік шара жасамақшы болып еді, әкем жасатқызбады. Мен сыртқа шығып, беті қолымды жуып, қайта үйге жақындағанда, анамның жоқтаған дауысын естідім....

Әкем ұзақ жасаған кісі, тоқсан алты жасында көз жұмды. "Той"- деп аса қатты жылап-сақтамай шығарып салдық. Жерлеуіне Семсер ұялмай келді. Өз әкесінің қасында отырып, маған жоламады. Құралай да бірге келді, басқа абысындарымен бірге тірлікке араласып, менен аулақ жүреді. Әкемді жерлеп келіп ел тарқаған соң, Семсердің әкесі үйіне кетпекші болғанда мен отыра тұруын өтіндім. Әкей көзі жәутеңдеп не айтады деп үрейі ұшып кетті, мен сексеннен асып селкілдеп отырған әкейді аяп кеттім.

— Әр жұма сайын келіп, құран оқып тұрыңыз,- деп айта салдым.

Әкей басын изеп, күрсініп отырып қалды. Мен Семсерге қарап едім, ол ризашылықпен кеудесін басып, әкесін тұрғызып үйіне ертіп кетті. Кеш батып бәріміз жатуға ыңғайланғанда, мен Құралайдың білегінен шап беріп ұстап үй артына апардым. Ол көзі бақырайып білегін ұстаған қолымның сыртынан ұстап жалынышты дауыспен:

— Ауырттың,-деді.

— Сен қай бетіңмен келдің а?--дедім тістеніп.

—Кенже, сен дұрыс түсінбей қалдың, Кенже, біз жолдан шаршап келіп демалып жатқанбыз, Семсер душка түсіп жатқан, мен жуынып шыққаным сол еді....,-деді.

— Аузыңды жап та, қараңды көрсетпей жоғал,–дедім тістеніп.

— Мен кетем, сен маған керек те емессің, тек дау шығарма, тыныш қана дымын білдірмей ажырасайық, солай жасағанымыз маған да жақсы, саған да жақсы, көңіліміз жараспады дей саламыз.

— Балаларға жолаушы болма.

— Жоооқ, сен мені балаларымнан айыра алмайсың.

— Жолама дедім саған, көзіңді құрт.

— Кенже, балаларды ортаға салма, бекерге дау шығып кетеді. Балалар қалай өмір сүріп жүр, солай жүре берсін таласпа.

— Сенде ұят та, ар да жоқ.

— Қойшы ааа? Керек емес, балаларға тиіспе дедім болды.

— Мен саған балаларға жолама дедім,-деп дауыс шығарып айтып едім:

— Кенже, ақыр бетім ашылған екен бірақ ашылсын, мен тұңғыш баламды сенен туғанымды білем, қалған үшеуін кімнен тапқанымды білмеймін,-деп бедірейіп тұр.

Құлаштап шапалақпен тартып кеп жіберіп, тамағына жабыстым. Менің қайнаған қаным не істеп жатқанымды ұқтырмады....

3-бөлімнің соңы, жалғасы бар

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар!

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 1-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 2-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 4-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 5-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 6-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 7-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 8-бөлім

Loading...