Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 2-бөлім

Мен жұмыс, үй деп өмір сүріп жүрмін. Балалар өсіп жатыр, ұлым тоғызыншы сыныпты бітіріп, ауданға училищеге оқуға түсті. Біздің айлығымыз қысқартылып тіпті аз, әрі кешіктіріп алатын болдық, әке-шешемнің зейнетақысын қосып жатып бір айдан бір айға әрең жеткізетін халге жеттік.

Ашық дереккөзі

Құралайдың дүкені жабылып жұмыссыз қалды. Ол жұмыссыз үйде отырып еді, мен оның басқа қырын көре бастадым. Құралайым үй шаруасына жоқ екен, анам өзі бәрін жасап білдіртпей отырыпты. Менің инабатты, ибалы деген әйелім анама зіркілдеп сөйлейді екен. Тарс-тұрс, шақ-шұқ, еткен дыбыстар, балаларға да дүрсе қойып, дүңкілдетіп ұрып та жіберетіні бар екен. "Мен не көр соқыр болғанмын ба? Жиырма жылға жуық бірге тұрып, мына қылығын неге байқамағанмын? Әлде жұмыссыз қалғаны жүйкесін тоздырды ма?"-деп біраз уақыт мән бермедім. Бір жылға жуық уақытта шыны керек үйдің берекесі кетті, күнде ұрыс, күнде айқай-шу, жетіспеушілік, ақшаның жоқтығы. Біз ғана емес, ауылдың бәрі қиналып жүр, қарызға май, шай, ұн сұрап тентіреп жүргендері. Ал Семсерлерде жағдай жақсы, оның саудасы жүріп, көлік мініп, есік алдына киоск қойып, дүкен ашты. Сол Семсер сол бойы апталап, айлап, тентіреп табыс табуда. Құралай сол үйге кіріп шықса болды, менің құлақ етімді жейтін болды:

— Елдің байы табыс табады, бір айлыққа қарап отырмайды;

— Неге сол мектепке жабысып қалдың?

—Сауда, сауда, қазіргі уақытта саудамен айналысу керек, сен жүрсің дәптерлеріңді құшақтап;

—Сен таппасаң, мен ақша табамын, ауданға барам, базарда тұрып сауда жасаймын-деп тоқтады.

— Ол тауарды қандай ақшаға аласың?

— Семсерден қарызға әпер.

— Қалай әперем?

— Кәдігімдей әпер, үәде бер, мына қозылар өскен соң сатып қайтарам де, болмаса сиырды сат,

— Сиырды сатпаймын.

— Бар сұра, мен ауданға барам, сен алып бермесең өзім біреуден қарызға алып кірісем, бұлай аш-жалаңаш отырғаным жетер, балаларды оқытуымыз керек,-деп Құралай мінез көрсетті.

Менің амалым жоқ Семсермен жолығуым керек болды. Семсер мен айтып үлгергенімше өзі тез түсініп:

— Кенже, сен қорықпа, Құралай мықты сатушы, оған сауда саттық түк емес, әлі- ақ үлде мен бүлдеге оранасың,-деп арқамнан қағып қарқ-қарқ күліп отырды.

Мен біраз уақыт Жұлдызды көрмеп едім, енді жүзіне қарасам солыңқы, тым жүдеп кетіпті. Томпақ домаланған Жұлдыз жоқ, ұзын кірпігін көтеріп бетіме қарағанда жанарымыз түйісіп қалды, мен оның көз қарасынан аянышты көргендей болдым. Менде Жұлдызға деген ғашықтық сезім әлде қашан құрметке ауысқан. Жүрегім алып ұшып, бар тәнім оны аймалағысы келсе де, мен өзімді тежеп, ұрысып, қиналсам да бойымды аулақ ұстап, тіпті Жұлдызды көрмеуге тырысып жүргем. Міне, Жұлдызға қарап отырып қаншалықты сағынғанымды сездім, тіпті көзіме жас келіп, тамағыма өксік тығылғандай болды. Сасқалақтап тез орнымнан тұрдым да:

— Сәке, олай болса кешке үйге келіңдер, ас салып қояйық, Құралайға мән жайды түсіндірерсің,–дедім.

—Жақсы, барам,-деп Семсер орнынан тұрып шығарып салды.

Жұлдыз басы салбырап дастархан басында отырған күйі отыра берді. Мен сабағыма баруым керек болғандықтан, үйге тез келдім де:

— Құралай, кешкіге дастархан әзірле, Семсерлерді асқа шақырдым, сол кезде сауда мәселесін ақылдасасыңдар, -деп есік көзінде тұр едім:

— Не, асқа шақырдым дейсің бе? Кенже, осы сен жындысың ба, аурусың ба?-деп Құралай қасыма жетіп келді.

— Не болды? Не деп кеттің?-деп мен де даусымды шығара айқайладым.

— Қайдағы ас, неммен мен дастархан әзірлеймін?

— Бар шығар бірдеңе?

— НЕҢ БАР, НЕ, НЕ? БЕРШІ МАҒАН ҚАЗІР ОСЫ ҚАЗАНҒА САЛАЙЫН. ЖОҚ, ЖОҚ ТҮК ЖООООҚ!-деді бар дауысымен.

— Саған не көрініп тұр, неге айқайлайсың?

— АЙҚАЙЛАМАЙ МЕН НЕ ІСТЕЙМІН? ӨЗ СИРАҒЫМДЫ ҚАЗАНҒА САЛАЙЫН БА?-деп ас бөлмеге кіріп кетті.

Мен ашудан жарылардай болып, аяқ кимімді шешіп, қасына жетіп бардым.

Анам науқастанып жатқан еді ,сол кісі мына Құралайдың ащы даусын естімесін, уайымдамасын деп үнін өшіргім келді. Құралай болса ас бөлмедегі шкафтардың есігін тарсылдатып, ыдыстарды шақылдатып, аузына келген сөздерді айтып, бақырып жүр. Қасына жетіп барып, білегінен шап беріп, сұрланып кеттім білем, жұлқып жібердім.

— Бақырмай үніңді өшір,–дедім білегін ауырта қысып.

Құралай менің бұл мінезімді көрмеген, көзі бақырайып үндемей қалды.

— Нең бар, содан бір тамақ әзірле, жұлынады екенсің саған базар да жоқ, басқа да жоқ болады, -деп білегін қаттырақ қыстым да, сілкіп жіберіп, шығып кеттім.

Қақпадан енді шыға беріп едім, Жұлдыз кіріп келе жатыр екен. Денесінің кішірейгені сонша, бойы сорайып кеткендей көрінді, ол сәл жымиып:

— Апаның қалын сұрап кіруге де қол тимейді, кешке келсек ұят, қазір қалын білейін деп едім...,-деді қысылған дауыспен көздеріме тура қарап, менің жүрегім елжіреп кетті, қолынан ұстап аялағым да келіп тұр. Басымды изедім де:

— Кіре ғой, кір, бәрі үйде,- дедім, ойыма жұлынып жүрген Құралай түсіп, кетіп қалмай қайта үйге Жұлдызбен қатар беттедім. Есікті ашып:

— Құралай, Жұлдыз келді,-деп әдейі құлақтандырдым.

Жұлдыздың қолында ауыр сөмке, ол ақырын басып үйге кіріп кетті. Жұмысқа кетіп бара жатып Жұлдыздың бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Неге арықтап кеткен, науқас болмаса болды, Семсер неге көрмейді келіншегінің жүдеп кеткенін, дәрігерге неге апармайды?-деп ойлап қоямын.

Жұлдыз жетім қыз еді, ата-анасы көп жыл науқастанып бірінің артынан бірі қайтыс болғанда Жұлдыз он төрттен болған екен, содан екі ағасының қолында қалып жеңгелерінен көрмегені жоқ, не оқу оқи алмапты. Семсерді бір жеңгесі таныстырып, өзі құдаласып, қалағанын алып, ұзатқан. Оны маған Семсер айтып берген еді.

— Бір көргеннен сүйіп қалдым, маған келіншегімнің ата-анасы бар ма, жоқ па маңызды емес,-деген болатын.

Сол екі аға-жеңгесі жиі келетін, кейінгі кезде келмейтін болды. Сол уайым шығар деп те ойлап қоямын. Кешке келсем Құралай ет асып, дастарханды толтырып қойыпты, таң қалдым. Құралай сыртқа шығып кеткенде анам сыбырлап:

— Жұлдыз келін хал сұрап келіпті, өзімен бір асым ет, қант-кәмпит, шай-май, қаймақ-құрт әкеліпті,-деді.

— Ммм,-дедім не айтарымды білмей.

"Мәә, сонда Семсердің етін өзіне тартқанымыз ұят болды-ау,"-деген ой да келді, не істейсің болды, ет асулы, дастархан жасаулы, Құралай көңілді.

Әкем-шешем бала-шаға болып Семсерлермен бірге ас жеп, мәз болып қалдық.

— Аға, апа, сіздер Құралайға саудаға шығуына рұқсат бергендеріңіз жақсы болды, бұл келіншек ес білгеннен саудада жүрген жан ғой, ой шыр айналдырғанда әлі көресіздер асып-тасисыздар,-деді Семсер зор дауыспен.

— Балам, сен енді өз ісіңнің шебері болдың, қыр-сырын білесің, ерте жүр, қолдау бер, біз де жер шұқып отыра бермеспіз, барымызбен бөлісеміз. Мал төлдеген уақыт, сойғанға да ,сатқанға да обал, күзге қарай реттеп, сататынын сатып, келінге ұстатамыз, қарызын қайтарады, -деді әкем.

— Аға, ешқандайда қарыз емес, айналымға салар аз ақша ол менен сіздерге көмек болсын, тауармен берем, ары қарай өзі ұқсатып алады,-деді Семсер сенімді дауыспен.

Бұл кеш Құралай үшін өте керемет болып отырғанмен, мен Жұлдыздың жанарынан мұң көріп мазам кетті. Анам Жұлдызға ақырын сыбырлап:

— Қызым, осы сенің денсаулығың жақсы ма, тым жүдеп кетіпсің, дәрігерге көріндің бе?-деп сұрады.

Жұлдыз сәл күлімдеген болып:

— Апа, бәрі жақсы,-деді.

— Астан жемедің, аузыңа да салмадың, тәбеттің жоқ па?-деп анам тіпті жақындап отырып сұрады.

Жұлдыз анама еңкейіп күле сөйледі:

— Апа, бағана үйде балаларға ас әзірлеп, тамақтандырып жүріп, байқамай тойып алыппын, енді жейтін жер жоқ,-деді.

Анам басын изеп мақұлдағанмен бұл ақталған сөзге сенбегені анық. Семсер Жұлдызға қабақ түйе алая қарап қалғанын бәріміз де байқадық. Анам ойлы көзбен үндемей отырды. Сонымен Құралай ертең Семсермен ауданға барып, базардан орын алып, саудаға кірісетін болды.

— Ата, келін бір апта ауданнан пәтер жалдап тұрсын, барып келіп жұмыс жасаса тапқаны жолына кетеді, Кенже, сен соған рұқсатыңды бер,-деп Семсер батыл айтты.

Шыны керек маған бәрі бір сияқты көрінді, тіпті осы Құралай үйден біржола кетіп қалса да мен өкінбейтіндей күй кештім.

— Жақсы, ол да дұрыс шығар,-деп мақұлдадым.

Өзім көз қиығыммен Жұлдызға қарап қоямын, ол көңілсіз, күрсінетін тәрізді. Мен өзімді іштей ұрсып, қарап отырған жанарымды Жұлдыздан әрең алам. Семсер жарқылдап күліп, сауда, бизнес дегеннің не екенін айтып, өз табыстарын айтып мақтанып отырды. Семсер бұл кезде еңгезердей, шымыр, сұлуланған көрікті еркек, денесі жинақы, сәл толса да қарны шықпаған, киген киімі өзіне өте жарасып, қызара бөртіп отыр, онсызда кең жауырыны қақпақтай еді , енді екі иығына екі адам отырғандай іріленген. Мен өзіме сырттай суреттеме берейін, мен бір кастюм шалбарды киіп алып мектеп пен үйдің ортасында шапқылап, бар қара жұмысты арқалап жүріп ілмиіп азып, бетімді әжім басып, күнге күйіп бір кездегі сұлу Кенженің көлеңкесі де қалмағандай. Иә, адамның көңілі тоқ болса ғана ажарланып тұра ма, деп ойлаймын. Менде уайым, науқас ата-анам, күннен-күнге қыңқыл-сыңқылдары көбейіп жүдеп бара жатыр. Төрт балам өсіп, керек заттары көбейіп, сол керектеріне тауып бере алмасам ренжіп жүргендері. Құралай ашуланшақ, мейірімсіз болып барады, ол да маған уайым. Мал дейтіндей малда көп емес, бір сиыр, бір бие, оншақты қой қозысымен. Солардың жем шөбін табу да оңай емес. Қойшы жалғыз мен емес тозып жүрген деп серпіліп алып, Семсерлерді шығарып салдым. Ертеңіне Құралай Семсермен бірге қалаға кетті. Сол кеткеннен Құралай ауылға өте сирек келіп жүріп, сосын келүді тоқтатты. Ай өтті, жыл өтті ол түрлі сылтау айтып, азын-аулақ көмек беріп жіберіп, өзі келмей қойды. Қызым да тоғыз бітіріп ауданға дәрігерлік оқуға тапсырды. Екі баламен пәтер жалдап солардың ас-суы мен киімдерін түгендеп, ауылдағы екі балама керегін беріп жіберіп Құралай аяқ баспайды. Мен іздеп те бармадым. Баратын уақытым да болмады. Семсер де үйіне өте сирек келіп, қонбай кетіп жүрді.

Жұлдыз қатты ауырып, ауруханаға түсіп қалғанын естідік. Менің әкем төсек тартып жатып қалған еді, мен Жұлдыздың қалын да сұрай алмай жүргем. Анам келіп:

— Кенже, сен ауруханаға барып келші, Жұлдызға бірдеңе керек шығар барып жағдайын біліп кел, Семсерді көрсең не болғанын айт, Қуралайға да хабар бер, Семсердің анасы қызына кеткен, мен әкесіне балаларына қарай тұрамын, сен барып осы шаруаны тындырып, реттеп келші,-деп жолға жинады.

Бірден ауруханаға келдім, Жұлдызға ота жасалыпты, асқазанында жара болып сол қанап тоқтамай қойған екен, ота сәтті өтіпті, маған Жұлдыздың бөлмесіне кіруіме руқсат берді. Жылдам басып, жүрегім алып-ұшып кіріп бардым. Жұлдыз ояу екен, мейірімді көзқараспен қарап жатыр. Жанына жетіп барып, бас салып құшақтап ала жаздап, өзімді әрең тоқтаттым. Оның көздерінен жастары ағып кетіп, теріс қарады.....

2-бөлімнің соңы, жалғасы бар

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 1-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 3-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 4-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 5-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 6-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 7-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 8-бөлім

Loading...