Таптым-ау сені. 5-бөлім

Әкемнің ышқына шыққан даусынан Ажар екеуміз де селк ете қалдық. Мен сондай қатты қысылып көлікке беттедім, әкем Ажардан көзін алмай сұқтана қарап отыр. Мен көлікке отыра салысымен тез жүріп кетті.

Ашық дерекекөзі

---Әке не болды?--дедім не болып қалғанын түсіне алмай. Ойым үйде бір шаруа болып қалды ма? Мен не бүлдіріп қойдым? Әкем әлде Ажарға бола ашулы ма?-деген сұрақтар мазалайды. Әкем ләм деместен газды басып ауыл сыртына бір-ақ шықты. Фермасына тура тартты. Ееее, фермада бірдеңе болып қалыпты ғой деген ой келіп көңілім сәл де болса басылды. Қоршаудың ішіне ызғыта келіп тоқтап, әкем көліктен жылдам шықты. Мен көліктен шыққанша әкем жұмысшылармен амандасып қоралар жаққа беттеді. Мен соңынан ілестім. Сөз жоқ, адымдап тез басып, жан-жақты мұқият қарап, жұмысшының айтқан сөзін тыңдап жүр. Бүлініп жатқан ештеңе жоқ сияқты. Әкем жинаулы тұрған маялар жаққа барғанда жұмысшыны босатты. Маған ойлы көзбен қарап, сәл тұрды да:

---Балам сенімен ашық сөйлеспесем болмайтын сияқты болып барады,-деді зілді дауыспен.

Мен де ойланып қалдым.

Әкем маяның шетіне сүйкене отырып қасына шақырды. Мен де жайғастым:

---Ана Ажармен араларыңда не бар?-деді денесімен бұрыла көздеріме қарап.

---Әке, ол өз шаруам....

---Айт, ол менің де шаруам.

---Әке....

---Араларыңда не бар, балам мен сенен адам сияқты әкең болған соң сұрап отырмын,-деп қисая жантайғандай жатып, мейірімді дауыспен айтты.

---Әке, Ажар маған өте қатты ұнайды, арамызда ештеңе жоқ, мен әлі оған ештеңе айтпадым,-дегенімде әкем тез қозғалып түзу отырып:

---Ажар, көрікті қыз, оған еш қарсылығым жоқ, сен оған сөз айтпайсың,-деді қаталдау дауыспен.

--- Неге...?

---Сөзімді бөлме балам, ол қыз саған тең емес. "Тең теңімен, тезек қабымен",-деген болады сен ол қызды жар етіп ала алмайсың?

---Неге....?

----Сөзімді бөлме дедім. Біріншіден сен әлі оқуыңды аяқтаған жоқсың, дипломыңды алуға әлі екі жыл уақыт керек. Мынау махаббат, ғашық болу, сүю, күю--ол уақытша болатын нәрсе. Бірақ, сол ойнап жүріп, андағы мойныңа ноқта ілініп, сені жолға салып айдайтын сол Ажар болып қалмасын. Сен жассың, қандай қалада жүрсің? Алматының қақ ортасында ел армандаған университетте оқисың. Ел кимеген киім киіп, ел жемеген ас жеп жүрсің. Мен сенің еш қиналмай шалқып жүруіңе бар мүмкіндік жасап жүрмін. Тыңда, сен шыңға шығуың керек, осы дүние, осы байлық сенікі, саған жинап жүрмін. Сен көтерілсең, жетістікке жетіп, қатарыңның алды болсаң, мен бекерге еңбек етпедім, балам. Ал махаббат ол тұра тұрсын, сен ойна күл, көңіл көтер, қыз деген көп. Тек Ажарға жолама, ол қыз ер жетсін, оқысын, ол да өмір көрсін. Сосын уақыт өзі кімнің кім екенін анықтап, реттеп жолға салады,-деп әкем тоқтады.

Мен әкемнің мықты психолог екенін бала күнімнен білемін. Ол кісі ә деп "тең теңімен, тезек қабымен деп бастап алып, сөзінің аяғын бұрмалап, мені ерегесіп кетпесін деп жумсақтап алдап отырғанын білсем де мен де, менде өтірік түсінген адам болып бас изей отырып келіскенімді білдіріп әкемнің көңіл күйін аңдыдым. Әкем негізі шатақ адам, ол кісі алдымен түсіндіреді, көнбесең ат қуйрығын шорт кеседі. Сосын көнбейді, мен оны жақсы білемін. Әкеммен ерегесуге болмайды.

---Жақсы әке, менікі де жай қызығушылық, ауылда жөні түзу бетке ұстар қыз жоқ болған соң, ерігіп жүрмін ғой,--дедім.

Әкем жадырап қабағы ашылып, қарқылдап күліп алды да:

---Әй, менің ұлымсың ғой, сонда да сол Ажарға жоламай-ақ қой, ол әлі бала, оның үстіне жетім қалыпты, сен ол қыздың жүрегін жараламай тұра тұр,-деді орнынан тұрып жатып.

Әкемнің мені Ажардан алыстатып отырып, Ажарға жаны ашып тұрғанына таң қалдым.

---Балам, шаруа деген көп, сен сенделе бермей маған да көмектессең жақсы болар еді. Сабағыңа кетуге бір ай уақытың бар, сол бір ай осы фермаға бас көз болсаң, мен анау басқарманы қалаға алып кетуім керек. Ол жақта жұмыс көп, ал сен осы жерді қарап, басқар, менің көзім бол. Қанша дегенмен менің ұлымсың, мына жұмысшылар именеді, -деп ферманы аралап шаруалармен таныстырып жүр.

Ес білгеннен әкем осындай адам, өте ақылды ма, әлде қу ма түсініп болмаймын. Ың дыңсыз кімді болса да орнына қояды. Амал жоқ, қолғабыс беруге келісіп, екі күн бойы бар шаруаны өткізіп алып, фермада қалдым. Ол жерде оншақты сауын сиыр бар екен, етке алып жүрген байлауда тұрған 20шақты әртүрлі мал бар екен. Қойлар бөлек, қозылар бөлек екен. Сауын сиырлар жайылымға екі уақыт шығып келеді екен. Даяршылар таң ертең, түсте, кешке үш мезгіл сауады екен. Асыл тұқымды сүтті сиырлар екен, ауыздары құрғамай, алдарынан жем, шөп үзілмеуі керек екен. Шопан бөлек адам, ол қойларды таңертең айдап шығып кетіп кешке бір-ақ келеді екен. Жылқы тек байлауда бар бөлек бағып жүрген жылқы малы жоқ. Қозы бағатын жас балақайлар бар екен, олар түстен кейін сол төңірекке бағып кеш бата қой келерде қамайды. Осы шаруаларға бас-көз болып оншақты күн жүрмін. Астымда "Урал"мотоциклы, зырылдап ауылға да келіп кетіп жүрмін. Ажарға жолығуымды тоқтатпадым. Ажар Алматыға оқуға тапсыратынын айтып, мені қуантып тастады. Енді тілегім Ажар оқуға түсіп кетсе екен деумен болды. Олар Зәуре апай, Ақжол үшеуі Алматыға кетті. Ажар кеткен соң мен ауылға аяғымды баспадым. Әкеме көмектесіп қызу шаруамен жүрдім. Арасында келіп кеткен әкем риза. Үйде анам да бақытты. Мен керемет ұл болып жүрмін. Көшеден Манасты жолықтырып едім, Ажардың оқуға түскенін айтты. Міне, бақыт, енді Алматыда бірге боламыз ! Сонымен зуылдап жазғы демалыс аяқталып, мен оқуыма жиналдым. Алматыға қанат бітіп жеттім. Бірден Ажар оқуға түскен универ жатақханасына тарттым. Ажарды да оп-оңай тауып алдым. Ажар өте бақытты, көзі жайнап қуанышпен мені қарсы алды.

---Сен жарадың, оқуға түскенің жақсы болды,-дедім қуанышымды жасыра алмай.

---Иә, түстім, әрине армандаған оқу орным емес, сонда да, Алматыда оқимын, осы мамандықты игерем,-деп еркін сөйлеп отыр.

Ажар дегенмен батыл қыз, өзің еркін ұстайды, таныс емес ортаны өзіне тез баурап алады. Мен Ажарды іздегенде тегін білмегендіктен жаңа оқуға түскендерге арналған жатақхананы тура тапқам. Комендант апайдан Ажарды сұрағанымда апай тізімге ұзақ үңіліп:

---Ажар деген қыз жоқ,-дегенде таң қалғам.

Сол аралықта Ажар өзі де келіп қалып, қуанып кеткем. Кездесуіміз жиілеп, біресе корпус алдында, біресе жатақхана алдында жүздесіп жүрдік. Әкем айтпақшы Ажар әлі бала еді, еркелігі де бар, балалығыда бар, тез алданғыш болды. Мен күннен күнге Ажарға ғашық бола бердім. Ажар пәк, таза, періште, сонымен қатар өте адал жан. Өзі қатарлас әр жерден келген қыздармен тез достасып жұптары ажырамай бірге жүрді. Құрбылары мені көргенде күлімдеп, Ажарға ұрлана қарайтын. Бірде Сандуғаш деген құрбысы:

---Шаха, осы сіз Ажарға кім боласыз? -деп қуланып айтты.

Ажар көзін бақырайтып сұрама дегеніне қоймай айтып салды. Мен бірден не айтарымды білмей бөгеліп қалып едім, Сандуғаш сықылықтап күліп:

---Не ағасы емессіз, не жігіті емессіз, егер Айконың жігіті болмасаңыз онда маған жігіт болыңыз,-деді қатты күліп.

Ажар төмен қарап келе жатыр еді, Сандуғашқа жалт беріп қарап қып-қызыл болып кетті. Мен ерке қыздың бұл қылығын тез түсініп, Ажардың қолынан ұстап:

--- Менің қызым боласың ба? Мен сені жақсы көремін,--дедім. Ажар үрейлі көзбен көзіме қарап, еш жауап бермей тоқтап тұрып қалды. Сандуғаш қуана қол шапалақтап:

---Айко, келісіміңді бер, болмаса мен тартып алам,-деп басқа қыздарды ертіп жүгіріп кетіп қалды.

Жатақхана маңындағы кішкене бақша ішінде Ажар екеуміз қалдық. Қар жапалақтап жауып тұр. Мен көзімді Ажардың көзінен ала алмаймын. Тып-тыныш. Біздің жанымыздан ешкім өтпей, еш дыбыс естілмей қалғандай. Ажардың көзі сондай әдемі, мен екі қолын өз екі қолыммен саусақтарынан ғана ұстап тұрмын. Қаңтардың суық түні бізге әсер етпей, біз күйіп-жанып өртеніп тұрғандаймыз. Мен бір адым жасасам Ажар ғайып болып кететіндей, кірпігімді қақсам оны жоғалтып алатындаймын. Бұл үнсіздік пен бұл көзқарас оның маған келісем деп айтқандай сезім сыйлап тұр. Қанша тұрғанымыз белгісіз, Ажардың басына киген баскимі, екі иығы аппақ қар болып көрінбей кетіпті. Кірпігіне де ұлпа қонып, ол екі көзін жыпылықтатып кірпігіне ілініп алып кедергі жасағанда, қолын тартып алып көзін уқалады. Сол кезде мен ұзақ тұрғанымызды түсіндім. Аппақ болып жауып қалған қарды Ажардың иығынан, бас киімінен қақсам өз үстімнен де сусылдап қар төгіліп кетті. Екеуміз де еріксіз күліп, үстімізді қағып, жан-жағымызға қарадық. Қар біршама жауып, жүрген іздер жабылып кетіпті.

---Ой, мен кешіктім, жатақхана жабылып қалған болар,-деп Ажар жатақхана жаққа жылдам басып беттеді. Екеуміз қатар есікке келіп, мен есікті қақтым. Сағатқа қарасам түнгі 22:48 екен.

---Нешеде жабылушы еді?--дедім Ажарға қарап.

Ол қорыққан көздерін жыпылықтатып иығын көтерді. Есікті қаттырақ қақтым.

---Не болды, келе жатырмын, кім ол?-деген кезекші апай даусы естіліп, артынша есік ашылды.

---Сағат неше болды, сен қыз қайда жүрсің? -деді қатал дауыспен.

---Апай, біз осы маңда жүріп қалыппыз, апай кіруге руқсат беріңізші,-деді Ажар жылдам.

Мен кетпей қасында тұр едім, апай қол сағатына қарады да:

---Кір, бұл алғаш және соңғы рет болсын, мына суықта не істеп жүрсіңдер? Ал сен, жігітім, бар, ендігі әрі қызды бұлай ұстама,-деп тез Ажарды ішке кіргізді де есікті жауып алды.

Мен неге мәз болғанымды өзім білмеймін, әйтеуір мәзбін. Тез жатақхана алаңына шығып, Ажар қай бөлмеде екен деп терезелерге қараймын. Оны көргім келеді. Әне үшінші қабаттан терезеден бір қыз қарағандай болды. Сәл артқа шегініп сол терезеден көзімді алмаймын. Иә Ажар екен қолын бұлғап, қайт деген белгі берді. Мен сол көріністің өзінен өзіме бақыт алғандай болып, аяғым жерге тимей тез басып пәтеріме келдім. Кірсем, пәтерде әкем отыр екен....

5-бөлімнің соңы

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Таптым-ау сені. 1-бөлім

Таптым-ау сені. 2-бөлім

Таптым-ау сені. 3-бөлім

Таптым-ау сені. 4-бөлім

Loading...