Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 1-бөлім

Құдай қосқан көрші болады. Иә, "Көрші ақысы -тәңір ақысы" деген сөз де бар. Мен өз көршімді айтсам расымен Тәңірім берген көрші. Біз осы ауылда сонау соғыстан кейін коллективтендіру деп ұжымдастырып жинастырғанда аталарымыз қоныстас екен. Сосын әкелеріміз, енді біз балалары да көршіміз. Үш ұрпақ жалғастырған қоныс орны, туған жер. Көршім Семсер, атына заты сай қайратты, өжет, батыл, мінезді азамат.

Ашық дереккөзі

Біз бір жылы туылыппыз. Мен алты айға кіші болған соң Семсерді аға ретінде сыйлайтынмын, ол да мені іні ретінде қамқорлықпен қарап, қорған бола білді. Балғын балалық шағымыз туған өлкеде, әке-шеше, бауырлар арасында алаңсыз керемет өтті. Мектепке бардық, айырылмас дос болдық, мектеп бітіріп арман қуып алыс қалаларға оқуға тапсырдық. Мен қалаған оқуыма түсіп кеттім, Семсер түсе алмай ауылға қайтты. Күзде әскерге кетті. Сирек хат жазысып ол уақытты да өткердік. Жалындаған жастық шақ, түрлі қыздар, түрлі оқиғалар мен қайталанбас ең қызықты кезеңді де өткіздік. Ғашық болдық, махаббат, сүйдік-күйдік. Мен әскерде жүрген Семсерге хат жазғанда сол қыздарымды айтып мақтанатынмын. Өзім де көрікті, қараторының сұлуымын десем өтірік емес еді. Қыздар қырыңдап, шыр айналып, жанымнан шықпайтын. Қалалы жерде жүрген соң желкілдеп түрлі нәрселерді де көріп, түрлі қыздармен көңіл де қосқанмын, махаббат деп жүрсем оның бәрі бекер екен. Махаббат оты қалай жанатынын мен қырық бестен асқанда сездім. Жастық шақтағы жалын оттың еш қызуы жоқ, бір сәттік қана ләззат екенін кейін түсіндім. Мен оқуымды бітіріп ауылыма келгенде Семсер оқуға сонау Ленинградқа кетті. Жасым жиырма бестен асқан, қатарларым отбасылы болып жатқанда, сопайып жалғыз жүргенім ұнамай, ауылға келген құдаша қызды алып қаштым. Сөз жоқ, қыз өте ажарлы болды, тәрбиелі, қазақы салт-дәстүрді білетін үлбіреген ару. Бізді көргендер:--"Қыз Жібек пен Төлеген" -дейтін. "Не деген жарасымды жұпсыңдар",-деп те жиі айтатын. Менің арманым орындалғандай болып еді. Мектепте математика пәнінің мұғалімімін, ұжымым да, ауылдағы адамдар да сыйлайтын. Ағаларым жеке үй болып кетіп, мен қара шаңыраққа ие болып қалдым. Келіншегім сатушы, ауыл дүкенінде қызмет жасады, ата-анаммен бірге тұрып жаттық. Семсер де оқуын бітіріп ауылға оралды. Ол құрылысшы, бірден жұмысқа орналасып, шаруаға кірісті. Ол отызға таяп қалса да үйленуге асықпады. Қонақ қыздарды көрсетіп, көңіл қос деп айтсам:

— Кенже, менің сүйген қызым әлі кездеспеді, мен шын сүйіп үйленем, -дейді.

— Охо, Сәке, сонда біз қалай үйленіппіз? Ғашық болып алдым ғой,-деймін өзімше ренжіп.

— Ғашық болдың, мен де солай ғашық болғым келеді, менің де жүрегім дір етсе, сол сезімді сезгім келеді,-деп қиялға беріліп, алысқа қарап отырып қалды.

— Семсер, сен орыстардың арасында жүріп қиялшыл болыпсың, қызбен таныспасаң, араласпасаң, оны қайдан сүйесің, ол орыстарда ғана "любовь с первого взгляда",-деген болады, ал бізде мәңгілік жар болу керек,-деп, не болса соны айттым.

Шыны керек сол махаббат дегенді мен түсінбеген екенмін.

—Жоқ, жоқ, бізде де қазақтарда да бар, бір көргеннен құлай сүю деген, сосын сол мәңгілік болып қалады,-деп Семсер тұрып кетті.

Мен ойланып келіншегіме қарап қоямын, ол екінші балама аяғы ауыр. Не керек тағы, мені сыйлайды, ұл тауып берді, ата-анамды құрметтейді, бауырларымды да құрметтейді, пысық, әдемі, сауатты. Менің Құралайыма жететін адам жоқ, осындай келіншекті сүймей мен кімді сүйем деп ойландым. Арада жарты жыл уақыт өткен соң Семсер тәжірибе алмасуға басқа облысқа кетті, жиырма күн болып келіп:

— Бауырым, мен үйленем, мен жүрегімді дір еткізген қыз таптым,-деп қуанышпен көздері жайнап айтты.

— Құттықтаймын, қашан әкелеміз?-деп алып қашуды ойлап отырсам.

— Келесі айда алдынан өтем, олар ұзатып шығарып салады,-деп Семсер бақыттан басы айналып отыр.

— А а а, алып қашпайсың ба?-деппін.

— Қой-ей, қайдағы алып қашқан? Мен жас жігіт емеспін ғой, жас болса отыздан асты, алып қашып жүрсем ұят болар,-деп салмақты дауыспен айтты.

— Ммм, жақсы, жарайды, олар салық салады соны апарамыз ғой,

— Иә, он күннен соң анаммен жеңгем барып, бір жолығып келеді.

— Өте жақсы,–дедім.

Сол жылдары қыздар тек қашып кетуші еді, жігіттер де тек алып қашып үйленіп жататын, бұлай құда түсіп, қолдан өте сирек үйленетін. Бірақ, сол ұзатылып келген қыздың өзінше бір ерекшеліктері болатын, олар сыйлы, бағалы, құрметті болатын. "Бұл келін ұзатылып келген, бұл келінді қолдан алғанбыз"-деп отыратын. "Пәленбайдын қызы ұзатылатын болыпты"-дегенді естісек сол қызға құрметпен қарайтынбыз. Басқа алып қашып келген келіндерге біртүрлі жақтырмағандай, сондық құрмет көрсетпейтін. Ай, қазағым, сол салт-дәстүрін мәңгі ұстаса ғой. Алып қашып келген келіндерге күле қарап, "Ой, бұл келінді түсіргенде осындай сөз естігем, мына келін қалмаймын деп, мынандай өнер көрсеткен", "Екі күн жылап әрең көнген, міне қатқан қатын болды",-деп бейшара келіндерді мұқатып-кекетіп отырғандары. Ал қашқан қыздың артынан қандай ғана сөз ермейді, ол өзі қашты ма, алып қашты ма әйтеуір өсектеп анандай болыпты, мынандай болыпты деп сөзбен талай жерге апарып тастайды. Сонымен, ұзатылып келетін досымның қадірмен қалыңдығының құдалығына мен де баратын болдым. Бар тәуір киімімді киіп, қырынып, жуынып дайындалып жолға шықтық. Сонау Талдықорған облысы, Қоғалы деген жерден екен. Тамаша табиғат аясында орналасқан аудандық орталық екен. Бізді құрметпен қарсы алып, қастерлеп қонақ қылып жатыр. Бірде қалыңдықты әкелді, үлбіреген ұзын бойлы, әдемі жас қыз. Мен қалыңдықты көргенімде бойымнан бір үрей сездім, түсініксіз қорқыныш билеп, өн бойымды алып кеткендей болды. Қызға қарап көзім тоймады. Ол қыз соншалық көз тартар сұлу деп те айтуға болмайды, қарапайым, сүйкімді көп қыздардың бірі, бірақ, ол қыздан нұр шашылып, өзіне тартатын күш бар сияқты. Мен көзімді ала алмай, бір мезет тұрып қалдым, тіпті жүрегім қатты соғып, ауа жетпей, қысылғандай болдым, біртүрлі жылағым келгендей күй кештім. Той өтіп, қыз ұзатылып, ауылға тарттық, мен қалыңдыққа қарай алмай өзімнен-өзім қысылдым. Ауылымызға келіп, бірден үлкен тойдың қамымен зыр жүгіріп жүрдім. Жас келін Семсермен шүйіркелесіп, оңаша күлімдеп тұрғанын көрсем ішім алай-дүлей болып, күйіп, кәдігімдей қызды Семсерге қимай өртендім. Өзіме ұрсам:

— Кенже, сен не аурусың ба? Неге Семсердің келіншегіне көз саласың, опасыз, неге оны өз күйеуінен қызғанасың? Сен жолдан таяйын деген екенсің, оңбаған, кәне есіңді жи,-деп өзімді зекіп, ұрсумен болдым.

Семсердің келіншегінің есімі Жұлдыз, мен айлар өткен сайын Жұлдызды бір көріп, күнімді жалғастырмасам күнім күн емес күйге түстім. Жұлдыз дәл алдымнан шыға қалса бетіне қарап сөйлей алмайтынмын. Қол-аяғым дірілдеп, жүрегім алып ұшып өзіме бой бермейді. Көзіміз түйісіп қалған жағдайда жанарымды тайдырып, қарай алмай қалатын болдым. Жұлдызды көрмеймін, оған енді сыртынан да қарамауға тырысам деп өзімді мәжбурлеп, жұмысыма кетем, кешке үйге асығыс жетіп, көрші үйге көз салумен болам. Жұлдыз бір шаруаларын істеп, көзіме көрінсе болды, шаттанып, көңілім көтеріліп бақытқа бөленем. Құралайымды салыстырсам Құралай Жұлдыздың қасында өте көрікті, сұлу, жинақы, екі бала тапсада бойында мін жоқ келіншек. Ал Жұлдыз бірінші нәрестесіне аяғы ауырлап еді толып, домаланып кетті. Сосын босанған соң одан арман толып, денесі іркілдеп кетті. Соның өзінде ол тартымды. Мен өзіммен алысып, өмірім өтіп жатты. Арада жылдар өтіп, мен төрт баланың әкесі атанып, Семсер екі балалы болды.

Мен жаратқан адам баласына қандайда бір дерт беріп, азаптаса сол азаптың миға қонбайтыны осы махаббат дерті деп айтар едім. Көрші болған соң, кіріп-шығып, араласып, қуаныш, қайғыда бір кісідей болатынымыз анық. Біз де сондай көрші едік, таңымыз бірге атып, күніміз бірге бататын. Жаздың керемет кештерінде кейде Құралай мен Жұлдыз бірігіп ас пісіріп, ұзақ кеште екі үйдің бағының ортасына дастархан жайып, кешкі асты бірге ішетін күндеріміз жиі болатын. Сондай кештерде бала-шаға да араласып кең сәкінің шетінде айқасып ұйықтап кететін. Үлкен кісілер өз ара шүйіркелесіп, әйелдер өзара сырласып, біз еркектер аздап ұртап алып әңгімені соғатынбыз. Ас жеп болған соң, үлкендер үйге кетіп, сәкі үстінен дастархан алынып, көрпе үстіне төртеуміз қатар жатып, өткен-кеткен қызықты кезеңдерді еске алып көңілді болатынбыз. Бірден жата салмай алдымен жастыққа жантайып жатамыз. Келіншектер отырады.

Құралай –еркелеуді білмейтін дөрекілеу қылығы бар келіншек. Бір зат сұраса да: "әпер, бер, ал, тұр, бар, жат",-деп нақты айтып қолыңнан жұлып алып, қоя салып, лақтырып жіберіп қарап отыра береді. Құралай сатушы болған соң, осылай зіркілдеп сөйлей ме, неге өте дөрекі екен деп ойлайтынмын? Керісінше, алушыны өзіне күліп тартып тұру керек қой,"-деп те ойлап қоям.

Ал Жұлдыз еркелей біледі, ол толық денесін майыстырып, әдемі көздерін төңкеріп, даусын сыңғырлатып Семсерге қарағанда сүйсінесің. "Әпере салшы, бере қойшы, алшы, тұршы, баршы, жата ғой"-деп майысып даусын созып сөйлейді, әрі күліп тұрады. Қолдан еш уақытта жұлып алмайды, ақырын ғана ұстап, көзіңе қарап, сен жіберген соң алады. Бала болсын, күйеуі болсын өзі де еркелейді, өзгені де еркелетеді. Мен Жұлдыздың осы қылығына сүйсінем, аузым ашылып қарап қалам. Семсер керісінше өте дөрекі жан,"Ей, не?",-деп сөйлейді. Семсердің Жұлдызға сүйсіне қарағанын байқай алмадым, ол тіпті кейде Жұлдызды қағып жіберіп, түртіп жібергенін көргенімде жүрегім зырқ ете қалатын. Семсер сол заманда жаңадан шығып жатқан коммерциямен айналысып, шетелге барып, тауар әкеліп, ауданда базарда орын ашып, сатушы жалдап, айлап үйге келмей жүрген кезі болатын. Осылай жазда демалып, шүйіркелескен кештерімізде оның көп сөйлемейтін болғанын байқаймын, ол Жұлдызға зіркілдеп ұрса беретін болыпты, тапшан үстінде қонып таң атырушы едік, ол әнгімелеспей тез қорылдап ұйықтап қалатынды шығарды. Содан біз ондай отырыстарды жасамайтын болдық. Мен Жұлдыздың жанарынан бұрынғыдай жарқыраған бақыт сәулесін көрмей, мұң көретіндей болдым. Жұлдыз шаруасын істеп жүргенде әндетіп, арасында сықылықтап күлуші еді, жылдар өте бұрышта жылап, күрсініп отыратын болды. Ал енді не істеймін? Бұларға не болды? Неге Жұлдыз күрсіне береді? Аздап жүдеп те кеткен сияқты, не болды екен?-деп уайымдаймын. Жүрегім қақ айырылардай болып, барып жағдайын сұрағым келеді, жұбатқым келеді, бірақ, олай жасауға болмайды,

Жұлдыз – досымның, бауырымдай болған досымның әйелі...

1-бөлімнің соңы, жалғасы бар

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

 

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 2-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 3-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 4-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 5-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 6-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 7-бөлім

Қоштаспайықшы, сырласайықшы... 8-бөлім

Loading...