Басты байлық – денсаулық

«Дені саудың – жаны сау» деп халқымыз орынды айтқан. Біздің өмірімізді нұрын шашып, жарық қылатын, жан-жағымызға тамаша сәулесін төгетін, өмірдегі басты байлық – денсаулық. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну болып табылады.

ашық дереккөзі

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында қазақ және орыс тілдерін оқып жүрген шетелдік студенттер үшін арнайы ашық кураторлық тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Ашық тәрбиелік іс-шара «Басты байлық – денсаулық» атты тақырыпта өтті.

Іс-шараға шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары мен Қытай, Түркия, Вьетнам, Корея, Жапония, Монғолия және басқа да елдерден оқу үшін Қазақстанға келген шетелдік студенттер қатысты.

Іс-шара барысында сөз алған шетелдік студенттер табиғатты адам тіршілігінде қажетіне дұрыс пайдалануды, денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда болуын қадағалауды, салауатты өмір салтын ұстануды сөз ете отырып, барлық ұлттарды толғандыратын, барлық азаматтардың денсаулықтары мен рухани саулықтары ойландыратын, қазіргі кездегі жиі қолданылатын темекі, наркотик қоспалары, оның зияндылығы туралы ойларын ортаға салып, дүниежүзілік қоғам мәселесіне айналып отырғанын да атап өтті.

Кафедраның оқытушылары баяндамалар жасай отырып, адамның денсаулығы – қоғам байлығы, әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керектігін, дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кірісетіні жайында баяндады. Сондай-ақ, табиғаттың, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу керектігін, адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болып, әрқашан жаман ойдан аулақ болу жөнінде сөз қозғап, осы мәселелер туралы бейне түсірілім көрсетті. Студенттер көтерілген мәселелер жөнінде көптеген сұрақтар қойды. Сонымен қатар, бұл іс-шарада шетелдік студенттер арнайы ұйымдастырылған шағын қойылымға қатыса отырып, қазақ және орыс тілдерінде денсаулық тақырыбына арналған соның ішінде темекі, наркотиктің зияндылығы жайында және оны қолданбауға үгіттейтін өлең жолдарын мәнерлеп оқып, қазақ және орыс тілдерін меңгерген деңгейлерін көрсете білді.

«Басты байлық – денсаулық» атты ашық тәрбиелік іс-шара шетелдік студенттердің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті, сонымен қатар мәдениетаралық коммуникация студенттерді салауатты өмір салтын сақтауға үгіттеуге өз үлесін қосты деп санауға болады.

 

А.Е.Саденова, А.С. Айтпаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және
жалпы білім беру дайындығы
кафедрасының оқытушылар

Loading...