Үйіне қайтпай ауруханада қалғысы келген: Үнемі соққыға жығылған оқушы қыздың оқиғасына қатысты іс қозғалды

Астанада отбасында жеті жасар оқушы қызды үнемі ұрып-соғу оқиғасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

stan.kz

Астанада отбасында жеті жасар оқушы қызды үнемі ұрып-соғу оқиғасынан кейін қылмыстық іс қозғалды, деп мәлімдеді елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бірер күн бұрын бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram желісіндегі парақшасында осы оқиғаға қатысты пікір білдірген. Ол үйінде жүйелі түрде ұрып-соғу салдарынан ауруханаға түскен жеті жасар оқушы қыз жатқан ауруханаға барған. Омбудсменнің сөзінше, бала үйіне қайтқысы келмей, ауруханада қала беруге рұқсат сұраған.

"Үйде жүйелі түрде ұрып-соғу салдарынан ауруханаға түскен жеті жасар қызды көруге бардым. Бала үйге қайтпай, ауруханада қалса бола ма деп сұрады", - деп жазды балалар омбудсмені.

Оның айтуынша, мектепте баланың денесінен соққы іздері анықталған. Мұғалімдер бірден кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияны шақырған. Сондай-ақ Динара Зәкиева қыздың отбасында жеті бала барын айтты.

“Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Ювеналды полиция қызметкерлері бұл отбасын бақылауға алды”, – делінген полиция хабарламасында.

Бұған дейін астаналық білім басқармасы 23 қарашада №37 орта мектеп оқушыларының бірі сабаққа қолы мен бетінен ұрып-соғудың айқын белгілерімен келгенін хабарлаған. Мұғалімнің бақылауымен қыз бірден №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілген.

Loading...