Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Азиядағы үздік 30 жоғары оқу орындарының қатарында

Барлық саланың қарыштап дамып, өркендеп өсуі білім мен ғылымның даму қарқынына байланысты екендігі сөзсіз, яғни маңызды дүниелердің бірі – білімнің салтанат құруы. Білім, тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың болашағы болып табылады.

Ашық дереккөзі

Кәсіби әрі шебер білім беруде жоғары деңгейде аянбай еңбек етіп келе жатқан орта, қазақтың қара шаңырағы – әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жыл бойы білім әлемінде желкен керіп келеді. Қазақстандағы шоқтығы биік білім ордасы жылдан жылға өз өрісін кеңейтіп, ұлғайтып, елімізге білімді әрі жаңа заман мамандарын даярлап, еліміздің еңселі болуына үлесін қосып жатқан ұзақ жылдық тарихы бар оқу орны 90 жылдық мерейтойын тойлайды.

Биыл ҚазҰУ QS Asia University Rankings халықаралық рейтингінің қорытындысы бойынша ҚазҰУ Қазақстанда көшбасшылық орынға ие болды. Беделді рейтингте өз позициясын айтарлықтай жақсарта отырып, Азия университеттері арасындағы рейтингте үздік 4%-ға кірді. Бір жыл ішінде университет 15 позицияға көтеріліп, 856 қатысушы ЖОО арасында 29-орынға ие болды.

Айта кетерлігі, жыл сайын жарияланатын QS Asia University Rankings рейтингі Азия университеттерін бөліп көрсетеді. Олардың ішінде ҚазҰУ Бейжің университеті, Сингапур ұлттық университеті, Корея университеті сияқты және т.б. әлемдік университеттермен қатар тұр.

QS – әлемдегі барша мемлекеттер таныған беделді және көптеген жылдар бойы әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының жаһандық рейтингін жүргізіп келе жатқан ықпалды халықаралық агенттіктердің бірі.
Рейтинг әдіснамасында жаһандық рейтингтің негізгі көрсеткіштері сақталған, сонымен қатар осы аймақтағы университеттер үшін мұқият таңдалған тиімділік көрсеткіштерінің жиынтығы ескеріледі.

Шетелдік студенттер үздік жоғары оқу орындарының қатарында келе жатқан, әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосып келе жатқан оқу орны, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда танымал болған заманауи білім ордасы әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемдік стандарттарға сай сапалы білім ала алатынын біліп, оқуға келеді. Осы университеттің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында әлемнің әр елінен келген ұлт өкілдері қазақ және орыс тілдерін меңгеріп, қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, тарихынан білім алуда. Шетелдік студент жастарға Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы туған үйінен кейінгі екінші үйі, ал өздері оқитын топтары олар үшін үлкен және тату-тәтті отбасы болып табылады.  

Кафедраның заманауи қазақстандық мәдениетті əлемге танытып, ұлттық мәдениетті, қасиетті рухани құндылықтарды, білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерін дәріптеп, шетелдік азаматтарға кеңінен таныстыруда үлесі зор деп есептеуге болады.

Шетелдік студенттер әрқашан оларға сабақ барысында және сабақтан соң бүкіл оқу жылының барысындағы жаңа ортаға бейімделуге көмектесетін өздерінің оқытушылары туралы алғыс пікірлерін білдіріп отырады. Барлық кезде алған білімдерінің арқасында достық, қуаныш және жалпы өзара түсіністік лебі көрініп тұрады.

ҚазҰУ-дың QS Asia University Rankings рейтингінде қарқынды ілгерілеуі бәсекелестіктің артуы жағдайында университеттің соңғы жылдары атқарған жұмысының айрықша нәтижелерін айғақтайды.

Біздің Қазақ ұлттық университетіміз алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берсін, табысы тасқындай берсін деп тілейміз!

А. Е. Саденова., Е.Р. Игнатова,
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасы

Loading...