Әли Оқапов "Құрмет" орденінен бас тартпайтын болды – Аида Балаева

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева эстрада әншісі Әли Оқаповтың "Құрмет" орденінен бас тартуына қатысты ойын айтты.

stan.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева эстрада әншісі Әли Оқаповтың "Құрмет" орденінен бас тартуына қатысты ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр осы жағдайдан кейін әншімен жеке сөйлескен. Оның сөзінше, орденді қайтаруға болмайды.

“Бұл дұрыс емес. Әли Оқапов өнер адамы болғаннан кейін әлеуметтік желідегі хейтті эмоционалды тұрғыда қабылдаған. Қазір барлық сұрақ бойынша сарапшылардың көбейгені таңғалдырады. Олар бәріне пікір білдіріп отырады. Бұлай жасауға болмайды. Әлидің өзі айтты: “Аида Ғалымқызы, шынымен де барлығы жан-жақтан талап, бұл – менің еңбегім емес деп, анаммен салыстырғаннан кейін оған шыдай алмадым" деді. Сондықтан қазір барлығы дұрыс”, – деді мәдениет министрі мәжілістің кулуарында.

Журналистер “яғни "Құрмет" ордені әншіде қалады ғой?” деп сұрақты нақтылады. 

"Иә, өзінде қалады", - деп жауап берді Балаева.

Еске сала кетейік, бұған дейін әнші, музыкант Әли Окапов жаңа марапатқа ие болғаны туралы жазған болатынбыз.

Осыдан кейін бұрынғы мәжіліс депутаты, блогер Тәңірберген Бердіоңғаров мереке күні қарсаңында  "Құрмет" орденін алған Әли Оқаповқа шүйліккен еді.

Әли Оқапов көпшіліктің сынынан кейін барлық марапатынан бас тартатынын мәлімдеген болатын.

Loading...