«19 жасымда ана, 40 жасымда ене болдым»: Әнші Роза Әлқожа қуанышты жаңалығын бөлісті

Алғашқы қуанышымыз болғасын күн санап күтіп жүрмін.

Фото: roza_alqozha инстаграм парақшасынан

Осы күзде концерт беріп, көрерменге су жаңа әндерінен шашу шашқан Роза Әлқожа тағы бір қуанышты жаңалығымен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әнші шығармашылық кешінің соңын келін алумен жалғастырмақ. 

Қанша уақыттан бері концерт беріп жүрсем де алты ай бұрын дайындалмаппын. Бір ай қалғанда жанталасып ән жаздырып, көйлек тіктіріп жатушы едім. Бұл жолы алты ай бұрын дайындықты бастадым. Атын да алдын ала ойластырып қойдым. Менің асығып жүргенім ұлымның келін әкелуіне көрінген екен. 15 қараша ұлым Бейбарыс үйленейін деп жатыр. Алғашқы қуанышымыз болғасын күн санап күтіп жүрмін. Марқұм атам: “Екі дүниең аман болсын, екі тойың қатар болсын!” деген сөзді жиі айтатын. Концерттің арты тойға ұласып жатыр, – дейді әнші. 

Ал әнші өзінің әлі ене болуға дайын еместігін айтты.

Әркімнің тағдыры әртүрлі. Бейбарысты да 19 жасымда босанып, алғаш ана атандырып еді. Міне, 40-қа келгенде ене болып жатырмын. Ене болуға ешкім дайындалмайтын шығар. Дінде де ержеткен ұл мен бойжеткен қызды отау құруға асықтыру керегін айтқан. Сондықтан ұлымның талабын қолдап, батамыз бердік, – дейді жас ене. 

Loading...