Таптым-ау сені. 3-бөлім

Әкемнің тесіліп қарағаны соншалық, тіпті, мен ыңғайсыздандым. Ажар сасқалақтап, жүруден қалды, мен әкеме түсінбеген көзқараспен қарасам да, әкем маған мән бермеді. Көзін Ажардан алмаған күйі бедірейіп, суық қарауда. Төрехан даусын шығарып:

Ашық дереккөзі

--- Ассалаумағалейкум, аға,-деп қолын созып еді, әкем Төреханға қарамай, жәй ғана қолын соза салды. Біз жақындап тоқтадық. Мен сасқанымнан:

---ӘКЕ, бірдеңе болып қалды ма?--дедім қаттырақ.

Әкем селк етіп, маған жалт қарады. Мені жаңа көргендей маған да ойлы көзбен қарап тұрып:

---Қыздарды қонаққа шақырыпсың ғой, ммм..., сенің тарапыңнан өте дұрыс. Ал...мені таң қалдырып тұрғаны танымайтын жерде, танымайтын үйге бұл қыз қалай келе жатыр?-деді.

Әкемнің бұл сөзіне ашуым келді, Ажар сәл артқа шегініп, бетін сипалап кетуге ыңғайланды.

---Әке, мені таниды ғой, біз бірнеше сағат бірге бір көлікте отырып келдік,-деп артқа қашқалақтап бара жатқан Ажардың қолынан шап беріп ұстап алдым.

---Мен кеттім, әкең дұрыс айтады, кеттім, -деп қолымды сілкіп жіберіп, кері қарай жүгіре жөнелді. Гүлшат та артынан жүгірді. Мен әкеме не айтарымды білмей сәл бөгелдім де, Ажарға қарай жүгірдім. Ажар солай тез жүгіріп үйге бір-ақ кірді де кетті, Гүлшат екеуміз тіпі шаңына да ілесе алмадық:

---Сенің.... әкеңдікі.... жай... ма....? Не өзі.... жас... болмаған.... ба? Не көрінді соншама....,-деп Гүлшат шаршаған, зіркілдеген дауыспен нақты айтты да, ырсылдап екі қолымен тізесін басып сәл еңкейіп тұрды да:

---Шаха, сен кет...., болды, осы табаланғанымыз жетер, бейшара Айко жылап қалған шығар...., әрең көндіріп едім...,-деді әлі ентіккенін баса алмай, қақпадан кіріп кетті.

Мен жер болып, не істерімді білмей, біраз тұрып қалдым. Әкемнің айтқан сөзін өз құлағыммен естімесем әкем солай сөйлейді деп ойламас та, сенбес те едім. Өз үйіме сүмірейіп келдім, аула толған жастар, ұлы да қызы да бар. Музыка қойып бәрі көңілді, бәрі мені келуімен құттықтап риза. Дастархан басына да отырдық, анам бар өнерін салып жайыпты. "Мама Ажарды да шақырам, таң қалардық дастархан жасайсыз ғой, иә",-деп еркелегем. Анам аянбапты, түрлі таттілермен қатар, салаттар жасап, біраз әбігерге түскені көрініп тұр. Анам ауыл балаларының ішінен бөтен қыз іздеп, көз жүгірткені де байқалады. Менің көңіл күйім жоқ, еш қызықсыз кеште отырмын. Тіпті өз үйімнен безіп кеткім, келіп әрең отырмын. Артық бір сөз көтере алмай жарылардай болып ашуланып та жүрмін. Әкем көрінбейді. Менің ойым әкемде:" Бұл не жұмбақ? Әкемнің бұндайы жоқ еді ғой, бұл қайдан шыққан сөз? Неге Ажардың есімін естігеннен шоққа түскендей баж етті? Не сыр бар?",-деген оймен арпалысып кешті өткіздім. Жастар тарқап анам екі көрші апаймен ыдыс-аяқ жуып жүргенде бөлмеме кіріп жаттым. Ұйқы жоқ, ойымда Ажар, кешегі сұлу бейнесі көз алдымнан кетпейді. Әкемнің сөзіне ұялып тез бұрылып жүгіргені, қуып жете алмай қалып қойғаныма өкініштен өртеніп, ашуға булығып жатып таң атырдым. Таң бозарып атқанда әкемнің сыртқа шығып бара жатқанын көрдім. Киініп артынан шықтым. Әкем темекісін тұтатып, құшырлана тартып шарбаққа сүйеніп, алысқа қарап ойланып тұрды. Мен сыртынан біраз бақыладым. Таң жап-жарық болып жылуын төге күн толық көтерілгенше әкем сол орнынан қозғалмай, темекі тартқаннан көрі жай ойға шомып тұрғаны көп болды. Темекісі өздігінен жанып болып, саусағына шоғы тигенде, әкем дір етіп тастай салды. Екінші шылымды шығарып тұтатып, тез-тез екі мәрте сорды да, оны да тастай салды. Мен ақырын қасына келіп қолымды үндемей создым, әкем де үндемей қол берді. Неден қалай бастарымды білмей тұрмын. Әкем бетіме қарап терең күрсініп алды да үйге беттеді.

---Әке,--дедім амал жоқ кешегі әрекетіне түсінбегенімді қайткенде айтқым келіп. Әкем сәл бөгеліп бетіме қарады.

---Әке, мен кеше сізді түсінбедім, неге Ажарды солай ұялтып, үйге кірмеуін қаладыңыз? Маған түсіндіріңізші,-дедім.

Әкем ойлы көзбен кірпігін қақпай қарап тұрып:

---Мен тек өз ойымды айттым,-деді.

---Сонда да әке, ол ойыңыздың түбі басқа еді, оны Ажар түсініп үйге кірмеді,-дедім.

--- Ажар, Ажар деп қақсап қалдың ғой, ол кірмесе не болыпты, кеш болмай қалды ма?-деді ашулы дауыспен.

---Әке, сізді түсіне алмай тұрмын,--дедім басқа қатты сөз айтқанға сескеніп.

---Ей, әкеңнің, сен не таң атпай мені тергеуге алмақшысың ба? Айттым ал не болыпты, несі бар қыз бала бола тұра қаңғып, танымайтын жерде тайраңдамай отырсын үйінде. Әкесінің, бірдеңе болып қалса ел айтар ойбай, "Төлегеннің үйіне барып еді, Төлегеннің үйінде болып еді," -дейді, жүрейін сосын ақталып,-деп әкем үйге беттеді.

Мен тез әкемді қуып жетіп:

---Әке, не деп кеттіңіз, Ажарға не болар еді?

---Былай тұр, сен не мені өмір сүруге үйретейін деп тұрсың ба? Ажар, Ажар деп не көрінді сонша?-деді.

Мен үндемей әкемді түсінбеген күйімде тұрып қалдым.

Сол күннен кейін Ажар маған кездесуге шықпады. Ауылда түрлі кино болды Гүлшат жалғыз келіп жүрді. Талай басқа отырыстар болды Ажар келмеді, Ажар тіпті үйден шықпайтын болды. Көшеде ауласын торып мен жүрмін. Ажарды көрмеген сайын көргім келеді. Іздеймін, Төреханның үйінен шықпаймын. Гүлшаттан сұрай-сұрай жалықтым. Гүлшаттың айтатыны:

---Үркіткен өздерің, маған не қыл дейсің? -дейді.

Ауылымыздың шетінде өзен бар, шілденің ыстық күнінде суға түсуге балалар көп баратын. Су жағасында шалқамнан жатсам 14-15жасар екі ұл балалар өз ара әңгімелесіп бір нәрсеге бәстесіп отыр. Құлақ түрсем,

--- "Балық, тура балық сияқты жүзеді екен";

---Денесі не деген аппақ, күнге күймеген.

---Бүгін келе ме?

---Білмеймін, екі күн келді.

---Қасында кім болады?

---Бірде Гүлшат, бірде Манас.

---Күндіз неге келмейді екен?

---Ол су перісі шығар, су перісі күндіз шомылмайды дейтін.

---Қумашы, су перісі болса, ол судан шықпай жүрер еді.

---Сен келші, ол өте сұлу, ондай сұлу қыз көрмедім,-деп сыбырласып отырған балаларға жақынырақ жылжыдым.

---Анау жерге келеді, қамыс арасына жалғыз кіріп, шешініп, суға сүңгіп кетеді, арғы жағаға бір-ақ барады. Шебер. Манас қуып жете алмайды.-деп орнынан тұрып саусағын шошайтып, қай жер екенін көрсетіп тұр.

Мен Ажар тұралы айтып отырғандарын тез-ақ уқтым. Кешке ертерек келіп, арғы жағаға малтып өтіп Ажардың келуін тостым. Өзен өте үлкен еді, кесіп өту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен зорға жеттім. Шаршап та қалыппын. Арғы бетке екі қыз келді. Ұзын бойлысы Ажар екені айдан анық. Не айтып жатқандары естілмейді. Екі қыз суға түсті, мен ол екі қыздан басқа да адамдарды байқадым, топырлап біраз адам ана жер, мына жерден карайып көрінеді. Қыздар оларды байқаған да жоқ. Топ адам қыздарға жақындағанда, бір қыз жағаға қарай жылжыды, Гүлшат екенін түсіндім, судан шығып топ адамға жақындады. Мен алыстан қанша тесіліп қарасам да топ адам, жас балалар ма, ересектер ме түсіне алмадым. Бір екеуі суға қойып кетті. Мен енді солай қарай жүзуге бет алғанымда, құлаштай қолын сермей жүзіп келе жатқан Ажарды байқап жасырынып қалдым. Ілесе жүзгендер кері қайтып кетті. Ажар өзеннің жағасына сәл сумен ағыңқырап барып, шаршап шықты. Артына қарап сәл тұрды да, отыра қалды. Топ адам Гүлшатпен сөйлесіп суға түсіп ойнап жүр. Дала кеш батып көз байланатындай болды. Өзім іштей "Ауылымызда қыздарды қорлапты деген шатақтар жоқ еді, сонда да қыз бала сақ болу керек қой. Мына қыздардың жартылай жалаңаш, қас қарайған да суға түсіп нелері бар? Анау Гүлшат қорықпай топ жігіттің арасында қалай отыр? Неге бұл қыздар кеш батқанда келеді шомылуға? Дендері дұрыс емес ау?",-деп ойлап, Ажарды сыртынан бақылап қарап отырмын. Ол расымен аппақ екен. Әдемі купалнигі мүсініне жарасып тұр. Шашын төбесіне буып тастаған. Ұзын мойны сондай әдемі. Жарқыраған аппақ балтыры, қарап отырып өзімнен өзім қызғанып кеттім. Ажарға қарай жүрдім. Сыбдырлаған дыбысқа жалт қарап, шошып кеткен Ажардың жанарына жанарым түйісті...

3-бөлімнің соңы

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Таптым-ау сені. 1-бөлім

Таптым-ау сені. 2-бөлім

Loading...