Таптым-ау сені. 2-бөлім

Көлікке отырып жолға шықтық. Тамақ ішкен соң біз тіпті ұйықтағымыз келгендей болды. Келіншек бөпесін емізіп сәл қисайып отыр. Ажар ортада ары-бері селкілдеп отырды да, терең ұйқыға кеткенде басын менің иығыма салғанын өзі білмей қалды.

Ашық дереккөзі

Жолдағы уайымы шаршатқан ба, қатты ұйқыға кетті. Пышылдап басын жайғастырып, ыңғайланып алған. Мен қозғалмай барынша оған ыңғайлы болуын қадағалап отырмын. Төбесінен төне қарап отырмын. Ұзын кірпігі дір етпестен ұйқыда. Жүргізуші мен алдыңғы орындағы ағай тоқтамай әңгімелесіп отыр. Апай бөпесімен бірге ұйқыға кетті. Солай қарап отырып қараңғы түсе мен де ұйқыға кетіппін.

---Кімді қайда апарайын? Кім қай жерде тұрады?-деген жүргізушінің даусынан оянып кеттім.

Мен басыммен Ажардың басына қисайып, бастарымыз түйісіп, ұйықтап кеткен екенмін. Ажар да тез басын жұлып алып, ұяла бетін басқандай болып, сәл бұрылып қарап:

---Кешіріңіз,-деді.

Мен осындай арумен аяласа ұйықтап отырғаныма өте бақытты едім. Керісінше тағы жата тұрса ғой деген ойымнан ажырай алмай, тек басымды изедім. Алдымен келіншекті жеткізді, сосын алда отырған ағай түсті. Мен негізі келіншекпен бірге түссем де болар еді. Ажар үшін түспей отырмын. Ажар келген үйге бірге түстік. Жүк салғыштан сөмкесін алып көмек етіп қақпаға дейін әкелдім. Ажар жол ақысын төлеп қасыма келді.

---Ал міне аман-есен үйге жеткіздім, сен қорқып едің,--дедім күліп.

Ажар ұяла күліп:

---Шаймұрат, сізге рахмет, сіз болмасаңыз бөтен қалада не істер едім?-деп қолын созды.

Нәзік саусақтарын тез ұстай алдым. Жылы алақаны алақаныма тиіскенде өн бойым қоса жылығандай болды.

---Ажар, мен ертең келсем шыға аласың ба?--дедім қолын жібермей.

---Уәде бере алмаймын,-деді.

---Жарайды, мен өзім бір шешімін табамын, -деп қолын жібердім.

Қақпа ашық екен, үлкен сөмкені көтеріп, мен батыл үйге беттедім. Түнгі он бірден кеткен уақыт. Есік те ашық екен. Ішке сөмкені көтеріп кіргізгенде, алдымнан Султан аға шықты.

---Ассалоумағалейкум аға, қалдарыңыз жақсы ма?-деп сөмкені қоя салып екі қолымды создым.

Султан аға мені танымай тұрып қалып еді, қасына Зәуре апай келді. Майысып соңымнан Ажар кірді. Зәуре апай Ажарды көріп қуанышпен:

----Айка екен ғой келген, Айка, сені автобустан күтіп келмеген соң ертең келер деп үйге келгем, немен келдің?-деп құшақтап қарсы алды.

---Кіріңдер, жоғары шығыңдар,-деп Султан ағай төрді нусқады.

---Рахмет мен кеттім, аман-сау болыңыздар, -деп мен тез шығып кеттім.

Менімен ілесе Ақжол шықты.

---Автобусқа кешігіп қайта жолшыбай көлік болып, сонымен жеттік,--дедім.

Ақжол риза болып, қол беріп:

---Қарындасымды қалдырмай ала келгеніңе рахмет,-деді.

Мен күліп қойдым.

---Демалысқа келдің бе? Сабағың қалай? --деп қатарласа қақпадан шықты.

---Жақсы аға, міне екінші курсты аяқтадым, -деп мақтанышпен айттым. Ақжол арқамнан қақты.

---Сау бол, көріскенше,-деп қақпаны жапты.

Мен жүгіре басып үйіме асықтым. Ажарды қимай қалдырсам да, анама деген сағыныш жетелегендей болды. Жатып қалған өз үйіме келгенде барлық жердің шамы өшіп тұр еді. Ақырын есікті қақтым. Әкемнің дыбыс беріп, есікке жақындағанын естіп тұрмын.

---Қайссысың ей?-деді әкем гүрілдеген даусымен.

---Әке, мен Шаймұрат,--дедім.

Әкем тез есікті ашып қуанышпен қарсы алды. Шам жағып бастан аяқ қарап, бауырына басты. Анам да жүгіре басып келді. Сағынып қалыпты жылап жүр. Дастархан жайып ас жеп түннің бір уағында дейін ұзақ әңгімелестік.

---Автобустан кешігіп қалып, қайта көлік кездесіп, жақсы жеттім,--дедім.

---Жалғыз болдың ба?-деді әкем.

---Жоқ, ауылдан төрт адам толы келдік, Сұлтан ағаның үйіне Зәуре апайдың сіңілісінің қызы келді,--дедім.

Әкем бозарып кетті. Анам әкеме қараған да жоқ:

---Естігенбіз, Зәуренің жалғыз сіңілісі қайтыс болып, бір тал қызы қалыпты, сол қызды Зәуре қамқорлығына алыпты деп жатқан.

---Иә, сол қызбен келдім, есімі Ажар екен, -деп едім. Әкем баж еткендей:

---АЖАР!,-деп қалды.

---Иә, әке Ажар, өте ажарлы, сұлу, тәрбиелі қыз екен,--дедім.

Әкем тіпті сұрланып, орнынан тұрып кетті.

---Анашым, әкем науқас па?--дедім.

---Алла сақтасын, аман, не болды?-деп анам да елеңдеп әкемнің соңынан қарады.

Мен екі ұл, бір қызы бар отбасының кенже ұлымын. Ағам баяғыда өзі үй болып бөлек кеткен. Апайым да тұрмысқа былтыр шыққан. Әкем қызметте болған кісі, жиі командировка деп үй көрмей біз ер жеткенбіз. Анам еш жерде жұмыс жасамады, бізді бағып-қағып жеткізіп, сабағымызды бірге оқып, ас-суымызды әзірлеп жүріп қартайды. Әкемнің табысы жақсы болып, біз еш қиындықсыз өстік. Ауылдың алдыңғы қатарлы отбасының бірі едік. Даңғарадай іші жиһазға толы үйіміз, елде жоқ жеңіл көлігіміз бар еді. Әкем жиі далада жүрсе де үйде темірдей тәртіп ұстанды, анам әкемнің айтқанына қарсы келмейтін. Ауылдың тең жартысы әкемнің ағайын-туыс бауырлары еді. Анам өз міндетін әкем үйде болса да, болмаса да қалтқысыз орындайтын. Әкеме жар, бізге ана, ал ауылдағы туыстарға келін бола білді. Әкемнің беделі жүріп тұрды. Әкемнің беделі болған соң, анамды да халық сыйлайтын. Әкем зейнетке шықса да өзі айналысып жүрген кәсібі бар, көбінше аудан орталығында жүреді, ауыл шетінде үлкен мал фермасы жұмысшыларымен бар. Жер өңдейтін түрлі техника, көліктері бар, жалданып жұмыс жасап жүрген ауыл азаматтары еді. Анам әкемнің соңынан ұзақ қарап отырып қалды да:

---Балам, анау қыз Зәуренің туысын айтам, нешеде?-деді.

---Он жетіде, биыл мектеп бітіріпті,--дедім. Анам терең күрсініп, тағы әкем жатқан бөлмеге қарап қойды да.

---Аллам, ол қызды жарылқасын, тұл жетім екен деп естідім. Зәуре айтты. Бағы ашылсын..-деп күрсініп орнынан тұрды. Мен Ажардың көліктегі апайға айтқан әңгімесін есіме түсіріп, ойланып қалдым.

----Демала-ғой балам, ертең де күн бар, -деді анам шашымнан иіскеп.

Мен бөлмеме келіп жатқанмен ұйықтай алмадым. Көз алдыма Ажар келіп, қиялға беріліп жатырмын.

Ертең онымен кездесуім керек, Гүлшатпен кездесіп, отырыс ұйымдастыруым керек. Сыныптастардан кім бар екен? Не ойластыруға болады?-деп жатып ұйықтап кеттім. Ертеңіне өзімше Ажармен жолығу жоспарым басталып кетті. Алдымен көрші қолаң достарыммен ақылдастым, Гүлшатқа күндіз барып амандасқан болып, өзім Ажарды іздеп тұрмын.

---Шаха, сабақ қалай, мә, сол Алматыда жүріп бір іздеп келмейсің, ауылда жолығуға келгенің қызық болды ғой,-деді Гүлшат кекете мысқылдай күліп.

Гүлшат орта бойлы толық қыз. Сыныпта сабағы нашар, есесіне тәртібі де шатақтау қыздардың бірі еді. Шатақ мінезі де болатын, бет әлпетіне келсек жалпақ бетті, көздері алыстау орналасқан, қалың ерінді, пұшық мұрынды, келте тым қысқа кесілген шашты, еркек--шора қыз. Толық болғаннан мойны жоқ сияқты. Қысқа саусақтары томпайып алақаны доп тәрізді.

---Сабақта жүргенде қол тимейді, сосын сенің қайда оқитыныңды білмейді екенмін,--дедім.

---Жарайды, менікі қалжың. Сен Айкоға бола келдің білем,-деді.

---Айко(олар солай атаған соң, мен де солай айттым) не істеп жатыр? Кешке отырыс жасасақ келесіңдер ме, көптен кездеспедік қой,--дедім.

---Жақсы барамыз, байқа Айко өте сұлу, басқа пысық жігіт ұстап кетпесін,-деп күлді.

--- Ол жағын уайымдама, келсеңдер болды,-деп кеттім.

Отырысты өз үйіме жасауыма тура келді.

---Ана, достарым келгеніңді жу деп жатыр, көшеде қаңғып ішкенше үйде отырыс жасап берейік,-деп едім, анам қуана келісімін беріп дайындыққа кірісіп кетті.

Ауылдағы бес-алты достарымды қоса шақырдым, қыздар ерте келулерін өтіндім. Кеш батпай қойғандай болды. Ажар тұратын үйдің маңында досыммен торып жүрміз.

---Шаха, бүгін бақшадан мен қонақ қызды көрдім, өте сұлу екен. Ол біз сияқты ауыл жігіттеріне қарамайтын шығар ә,-деп досым Төрехан өкініш аралас айтып, күрсініп тұр.

Менің қызғанышым ұстап:

---Өй, Тәке, ол менің қызым, біз бірге келдік, сен басқаларға да айтып қой, көздерін сүзбесін,--дедім.

Төрехан таң қалып бетіме қарап:

---Рас айтасың ба?-деді.

---Олай болса несіне шашылып үйіме дастархан жайып жатырмын, бәрі сол Айком үшін,--дедім.

---Аааа, бәсе...., ей, бірақ, шынымен де құрметтеп жіберетін қыз, сен жарадың, -деп ақ көңіл Төрехан арқамнан қақты.

Көп ұзамай қыздар да майысып, үйден шықты, қастарында інісі Манас бар. Қол беріп амандасып, баяу басып үй жақты беттедік. Ажар тізеден сәл төмен жасыл түсті көйлек киіпті, аяғында жасыл түсті аяқкиім. Шашының бір жағын қыстырғышпен жоғары көтеріп сәндеп іліп қойыпты. Томпақ аппақ беті айқын көрінеді. Күлімдеп қарап, ақырын келе жатыр.

---Айтпақшы сендерді таныстырмаппын, --деді Гүлнар сәл күлкі аралас дауыспен.

---Танысып қойыңдар, менің сіңілім Айко,-деді. "Ажар деп неге өз есімін айтпады, есімі де керемет қой,"-деп іштей ренжідім. Төрехан ұялыңқырап маған көз қиығымен бір қарап алды да:

---Төрехан,-деп даусын шығарып айтты.

Ажар басын изеді.

Менің басым бақыттан айналып, қуанышымда шек жоқ күй кешудемін. Манас қол беріп, басқа көшеге бұрылып кетті, ол дегеніміз үлкенге жасаған құрметі, бізді оңаша қалдырды. Есік алдына келгенде қақпа алдынан әкем сондай суық көзқараспен Ажарға тесіле қарап, қарсы алды...

2-бөлімнің соңы

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Таптым-ау сені. 1-бөлім

Loading...