«Әкеміз де, шешеміз  де – Отан!»

Отан отбасыдан  басталады.  Ал,  жанұясы  жатырдан  шыққан «жарығынан»  жалт бұрылып,  отбасы  бақытын көрмей,  тастанды болған  тарғыл  тағдырлардың Отанға  деген  құрметі қаншылықты.  Өзім дейтін  ет-жақыны өзектен теуіп, өгей еткенде өзгелердің өзеурегені жетімектің жаралы  жүрегіне жылу бере ме? Балалардың  тумысынан   тауқымет  тартқаны туған еліне, атамекеніне деген махаббатының адал болуына дақ түсірмей ме? Себебі, туған жерге деген  риясыз сүйіспеншілік   қана  Отан қорғауға  деген  ардақты да арда сезімнің ұшқынын үрлей  алады. Балалар үйінің тәрбиеленушілері  ағайынды Диас және Дамир Манаубаевтар  «Шығыс» өңірлік  қолбасшылығына  қарасты 5511 әскери бөліміне  Қостанай облысынан  биыл күзде шақыртылған. Осы орайда Ұлттық ұлан сапында  мерзімді әскери қызметінің атқарып жүрген Диаспен  аз-кем сөз алысып көрдік.

OnNews.kz

- Есенбісің Диас? Дамир екеуің әскерге өз еріктеріңмен сұрандыңдар ма?         

     - Өңірдегі  Қорғаныс  істері жөніндегі департаменті мені әскер қатарына шақырса,  ал  алты жас кіші бауырым  Дамир ағасымен бірге  баруға сұранды.  Себебі ағалы-інілі  екеуіміздің  арамыз  бұған дейін  бір елі ажырап көрмеген. Менің  бір ғана ет жақыным, туысым бар. Ол - інім. Екеуіміз балалар үйінде тай құлындай тебісіп бірге ер жеттік. Енді, міне, мерзімді  қызметті өткеруде   бар ынта-жігерімізді  саламыз. Бауырым,  екеуіміз  бір  бөлімшеде,  бір  ротада  азаматтық  борышымызды атқаратынымыз зор қуаныш. Бауырым  мен үшін  конспект жазып берсе, мен оның  киімін  қалыпқа келтіремін. Ұлттық  ұлан  сапында  әскер өмірі  қашанда темірдей тәртіпті қажет етеді. Біздің мақсат  бозбаланы  жігіт, жігітті жауынгер ететін әскер сапында егемен елдің көк туын биік тұғырдан желбірету.  Балалар үйінің  тәрбиеленушілері  егемен  елдің  көк туын  биік  тұғырға  көтеруде жан аямайды.  

        - Балалар үйінің тәрбиеленушілері деп неге жеке атап өттің?  Барша қазақстандық  көк байрақты  желбіретуге  ат салысуға әзір деп ойлаймын.  

      -  Әрине, ел айбынын асыру Отанын сүйген әрбір патриот жанның  көкірегінде сайрап жатқан  ақжарма ниет екендігінде еш күмәнім жоқ. Алайда, балалар үйін тәмамдап шыққан жандар үшін Отанға деген құрмет ерекше.  Жасыратыны жоқ,  балалар үйінде тәрбиеленген азаматтарға деген пікір қоғамда  әр түрлі.  Шыны керек,  бізге  деген көзқарастың басым бөлігі көңілге қаяу түсіреді.  Мысалы,  мен  балалар үйінен кейін, жергілікті колледжден білім алдым.  Оқу орыны  ғимараты  дәлізінде  мен туралы  сыбыстар желдей тарап жататын.  «Детдомский баладан алыстау жүріңдер, «жеке заттарыңды қауіпсіз жерде сақтаңдар» деген  дақпырт  сөздерді  ұзынқұлақтан естігенде  ер жігіт болсам да бір бұрышта егіліп жылап алатынмын.  Неге біздің  алдымыздан  «ұрлыққа бейім, тәрбиесі қиын» деген көзқарас қайда барсақ күтіп тұрады деп қынжылатынмын. Менің ойымша,  мұндай  қиындық  адамның  тұлға болып қалыптасуына  үлкен кедергі туғызады.  Бес саусақ бірдей емес сияқты  балалар  үйінің  қабырғасынан шыққан балалар да  әр түрлі.  Мұндай жағымсыз  сипаттағы көзқарастар салдарынан балалар  оқшауланып,  өздерін қоғамда қажетсіз сезінеді. Ал, өзін қоғамға керек емеспін деп  түңіліске түскен адамға  гуманистік өлшеммен қараудың ешқандай керегі жоқ.  Олар,  тіпті өздерін кейде  теміртордың ар жағынан келген қылмыскердей сезінеді. Әрімен қарай айтпай-ақ қояйын.   

    - Ал,  әскери бөлімдегі көзқарасқа  көңілің  тола ма?

   -  Әрине, әскери орта ұйымшыл. Құдды  маған  тату-тәтті тұратын  балалар  үйін еске салады. Әрдайым,  бір-біріне қолдау танытып, барымен бөліседі. Білмегеніңді айтып,  білгеніңе зор ықылас танытады. Қиналғанға  қол үшін береді. Аздаған  уақыт ішінде ғана бәріміз  бір үйдің  баласындай болып кеттік. Бір қуантатыны, қайдан келгеніңді бетіңе басып, өткен өміріңе менмендікпен  қарайтындар  жоқ  бұл жерде.  Әскер қатарында  болған сарбаз үлкенді сыйлап, кішіге қаморлық танытады. Ел қорғайтын нағыз азаматқа айналады.  Әрине,  көңілге кірбің ұялататын  сәттер де  басымыздан өтті. Ант қабылдау  рәсімінде  әскери бөлімге ентелей кірген  ата-аналар балаларымен  арқа да-жарқа болып, сағыныса қауышып жатқанда біз де уда-шу қалың топ ішінен  әлдекімді іздегіміз келеді.  «Сендер де міне, бүгіннен бастап  өз Отаныңның  қорғаушысына,  қайтпас қайсар  жауынгеріне айналдыңдар»  деп  бізбенен мақтанатын жандардың жоқтығы құлазытқандай болатын.  Сайып келгенде, біздің әкеміз де , шешеміз де -  Отан.  Ал,  Отанға  туған  анаңа танытқан құрметті көрсетіп,  қызмет ету –  кіршіксіз адалдықтың белгісі деп санаймын.

        -  Әскери тәртіп болмаса, әскери бөлімдегі өмір салты балалар үйіне ұқсайтын шығар?

- Дәл солай, көз ашқалы көргеніміз осы ғой. Сондықтан да болар,  бір үйдің еркесіне  айналғандар  абдырап  жүргенде,  біз  әскери ортаға  тез сіңіп кеттік.  Себебі  біз бала жастан  тиянақтылық пен жинақылыққа үйренгенбіз.  Жеке басымыздың саулығы үшін бесіктен беліміз шықпай жатып, құрыққа сырық жалғап, күн кештік. Дегенмен,  әскери тәртіптің жөні бөлек.  Әсіресе, жауынгерлік қызметке түсу – біз үшін баға жетпес құнды уақыттарымыздың біріндей есте қалары анық ертең.  Әсіресе, балалар үйінің тәрбиеленушілері  сан түрлі жағдайға сақадай сай  сырықтай сарбазға айналғанын, қоғамның қорғанына жауап беретін тұлға болып қалыптасқанын  кеше бізге  паңдықпен қараған, боркеміктердің көргенін қалаймын. Содан ба екен жауынгерлік қызметті атқару барысында бойымызды  мақтаныш кернейді.  

      - Жалпы, балалар үйінде жеткіншектің  жан-жақты  дамуына қаншалықты  жағдай  жасалған?

      - Иә, балалар  үйін де тәрбиеленушілердің дамуына  арналған  түрлі  сабақтар мен үйірмелер бар. Мен, мысалы шахмат үйірмесіне  қатыстым.  Ал сабақта математика, геометрия  пәндері қызықты болатын. Облыстық көлемде  балалар  үйінің  арасында  өтетін сайыстарға да  жиі қатысатынмын. Балалар үйінен  кейін колледжден  білім  алған  тұста  да шахматтан жырақ қалмадым. Аталмыш білім нысанында,  төменгі курс студенттеріне шахмат секциясын  аштым. Осы орайда, Қостанай облысы Меңдіқара ауданындағы Кәмшат Дөненбаева атындағы кәсіптік-техникалық колледж басшылығына  айтар алғысым шексіз.   

     -  Колледжде  қандай мамандықта оқыдың?

     - Колледжде  аспазшы мамандығына  оқыдым. Бұл мамандыққа математиканың  қажеті  қанша деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Кез келген тамақты әзірлеуде  құрамын анықтап, әрбір қосындыны нақты мөлшермен қолдану қажет. Асылы, ингредиенттермен тәжірибе жасағанда сандар сөйлейді. Тағамды технологиялық жағынан безендіру, ерекше мәзір құрастыруда  шикізаттың сапасы да мән беріп қою қажет. Сондықтан аспаз үшін тағамға қолданылатын әрбір шикізаттың орыны бөлек. Ол үшін  азық-түліктерді санитарлы-гигиеналық нормаларға сай қадағалау қажет.  Ал Дамир болса балалар үйінде  қолына былғары  қолғап киіп,  шаршы топта жұдырықтасу өнеріне машықтанды. Бастауыш сыныптарында қалалық, облыстық  сайыстарда топ жарып жүрді. Ал, жоғары сыныптарда  республикалық,  тіпті  халықаралық   байқауларға  қатысты. Таяу арада  бокстан спорт шеберіне үміткер атағына ие болды.   

      -  Әскери бөлімде жеке қабілеттеріңді дамытуға мүмкіндік бар ма?

     - Иә. Әскери бөлімдегі  бос  уақытта  шахмат ойнаймыз. Жалпы, мен мерзімді  әскери  қызметімді  өткеріп болған соң, Қостанайдан  шахмат клубын ашқым келеді. Себебі  шахмат бұл адамның  интелектуалдық  қабілеттерін арттырады.  Әскери салада да алғырлық пен тапқырлықты шыңдауға қажетті құрал деп білемін. Мысалы ұрыс жағдайында  қилы стратегия құрып,  шабуыл жасау немесе тойтарыс беруде шапшаң ойланып, дереу қимылдау қажет. Шахмат әр алуан қадамдардың барысын  жылдам  әрі нақты есептей білуге,  сондай-ақ моральдық қасиеттерді арттыруға көмектеседі. 

  - Сендердің  әскердегі  басты  міндеттерің қала тыныштығын қадағалау. Жауынгерлік қызметтен алған әсерің қандай?     

      - Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі және көшедегі жалпы тәртіптің сақталуын қадағалау біздің міндетке жатады. Міндетімізді абыройлы түрде орындау үшін  жаяу жасақ құрамындағы сарбаздардың  жекпе-жек  ұрыс тәсілдеріне деген қабілеттіліктері  әрдайым  сынға алынады.  Жетік меңгеру деңгейлері әрдайым тексеріледі. Себебі, қызмет барысында  тәртіп бұзушыларға  қарсылық білдіріп, қол көтерген жағдайда тойтарыс беру қажет.  Әскери жасақ бастығының бұйрықтарын дер уақытында орындау, арнайы құралдар мен байланыс құралдарын пайдалануда ағаттыққа жол бермеу қажет. Арнайы құрылғыларда техникалық бақылауға алынады.  Табанымыз тимеген қалада табанды қызмет ету -  біз сияқты балалар үйінің  тәрбиеленушілерінің  өмірлік  қағидаларына айналған. Айталық,  әскери бөлімде  жылына қаншама сарбаз азаматтық парызын өтейді. Ұлттық ұлан сарбаздары жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен  орындап, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін  сақтауға үлес қосып келеді. Біз   Отанға адал қызмет ету жолында  -  семсер сүйіп, серт берген балалар үйінің тәрбиеленушілеріміз. Міне, сондықтан  бұлжымас қызметімізді  бұрынағылардан да  үлгілі, нәтижелі түрде орындағымыз келеді. Өйткені, қоғамда балалар үйінен шыққан тәрбиеленушілерге деген оң көзқарастың қалыптасқанын қалаймыз. Сондықтан жауынгерлік қызметте қоғамдық тәртіптің сақталуына баса мән беріп,  қылмыскерді  адымынан танып, оқыс оқиғаның алдын алуда жан алып, жан берісуге әзірміз.

      - Әңгімеңе рахмет!  Алға қойған мақсаттарың орындалсын!

Рүстем Мұхамет-Рақым
Семей қаласы

Loading...