Таптым-ау сені. 1-бөлім

Таптым-ау сені. Кейіпкердің айтуымен жазылған

Ашық дереккөзден

Сабағыман демалысқа босап, ауылыма жол тарттым. Сонау Алматыдан аудан орталығына жол жүріп жеткенімде, ауылыма баратын автобус кетіп қалыпты. Ауылыма баратын көлік іздеп автобекетті шыр айналдым. Күніне бір мәрте жүретін автобус күндізгі үште болатын, ауданда қонып қалуға қалтам жұқа, барып қонып кететін таныс-тамыр да жоқ. Кейде көлігі бар ауыл адамдары жолсерік іздеп, автобекет маңында жүруші еді, сондай жүргізуші болып қалама деп біраз жүрдім. Күн ыстық, төбеңнен жандырардай қайнап тұр. Көлеңке іздеп бір талдың тұсына келгенде, бода-бодасы шығып, жылап тұрған жас қызды көрдім. Ұзын етекті әдемі, гүлді-гүлді көйлек киіпті. Иығына келе кесілген шашы жалбырап, бетін жауып тұр. Аяғымен жерді теуіп-теуіп, күйіне жылайды. Бетіне қанша тесілсем де, жүзін анық көре алмадым. Қыз бір орнында тұрмай, ары-бері қозғалақтап, жерге басын салбыратып, бірдеңе күбірлеп қояды.

---Қарындас! Не болды? Бірдеңе жоғалттыңыз ба?--дедім жақындап келіп.

Қыз жалт қарады. Ойпырмай, не деген сұлулық, ақ жүзді, өте келбетті қыз екен. Кең маңдайы айқын көрініп тұр, қап-қара қиылған қасы қарлығаштың қанатындай созылып жатыр. Көзі доп-домалақ, қап-қара екен. Ұзын кірпіктері жастарына шыланып бір-біріне жабысқан. Қырлана түскен мұрыны өте сүйкімді. Еріні шиедей қып-қызыл, дір-дір етеді. Ұзын мойынын шашы жауып тұр, ал аппақ тамағы айқын көрінеді. Құлағына салған үлкен дөңгелек сырғасы шаш арасынан селкілдеп көрініп тұр. Жас шамасы 17-18болар деп ойладым. Қыз ойлы көзбен бетіме қарап:

---Ештеңе жоғалтпадым, автобусым кетіп қалыпты,-деді мұңды дауыспен.

---Соған бола жылап тұрсыз ба?

---Жыламай не істейін? Бұл қаланы танымаймын,-деді аузын бұртитып.

---Менің де автобусым кетіп қалыпты, -дедім.

--- Сіз қайда барасыз?

--- Аққайнар ауылына.

---Мен де Аққайнарға баратын едім, мына мен келген автобус жолда бұзылып, біраз кешігіп келдік,-деді дәу икарус автобусын сыртынан саусағымен шошайта көрсетіп.

---Уайымдама, Аққайнарға барсаңыз, мен көлік тапсам ала кетем,--дедім.

---Мен сізді танымаймын, сізбен бармаймын, -деді қорыққан дауыспен.

---Қарындасым-оу, мен Шаймұрат болам, достарым Шаха дейді,--деп қолымды создым, қыз қолын бермей:

---Шаймұрат ,Шаха болсаңыз Шаха шығарсыз, сізбен таныспаймын,-деді.

Қыздың қылығына күлкім келді.

---Аққайнарға кім дегеннің үйіне бара жатырсың?

---Оның сізге не қажеті бар?

---Мен Аққайнарда туып өскенмін, бәрін танимын,

---Олай болса Зәуре тәтені танисызба?

---Тегі қалай?

---Білмедім.

---Күйеуі бар ма?

----Баааар, Сұлтан аға.

---Иә, танимын Ақжол, Гүлшат, Манас деген балалары бар.

---Ой, сіз расымен таниды екенсіз. Иә, Гүлшат деген қызы менімен жасты.

---Ооо, біз құрдас екенбіз, мен Гулшатпен оқығам, бір партада отырдым,-деп күлдім.

Бірақ бұл қыз бізден жас көрінді.

Қыз гүлдей жайнап:

----Шын айтасың ба?-деді.

---Иә, үйге барған соң Шаха деген кім деп сұра, мен тұралы айтып берер,--дедім күліп.

---- Шаймұрат енді қалай жетеміз?-деп мейірімді жылы дауыспен айтты.

---Мен жол ториын. Жол жөнекей көрші ауылға дейін баратын көлік болса да, сонымен жылжи берелік, ары қарай бірдеңесі болар,-дедім, қыз басын изеді.

Мен қайта жол торыдым. Жарты сағаттай күн астында ары бері жүріп, тура ауылға баратын жеңіл көліктің иесін жолықтырдым. Екі кісіге орын бар екен, қуанып қыздың қасына жүгіре басып келдім:

---Қарындасым, жүр, ауылға баратын көлік шықты, екі орын бар екен,--дедім.

Қыз үлкен қол сөмкесіне жабысты. Мен дереу сөмкесін көтерісіп тез көлікке жеттік. Екеуміз де мәз болып көліктің артқы орнына жайғастық. Қыз ортаға отырды. Арғы жағында бөпесі бар ауыл апайы отыр екен. Ауыл мен аудан ортасы бес сағаттай уақыт. Зымырап кетіп барамыз:

---Сонымен есіміңізді айтпадыңыз,--дедім біраз уақыттан соң, сөзге тартып сыбырлап.

Қыз қып-қызыл болып, шашын қулағына қайыра іліп:

---Ажар,-деді.

Дауысы сондай ақырын шықты. Мен әдейі естімеген болып:

----Ммм, кім?--дедім құлағымды тақап.

----Ажар,-деп қыз бетін сипалап ұялып қалды.

---Өте қуаныштымын Ажар. Атыңызға сай екенсіз, өте ажарлысыз,--дедім.

Мен де ақырын сыбырлай. Ажар көз қиығымен бір қарады да, басын салбыратып, шаштарымен бетін жауып жіберді. Мына жалбыраған каре стильдегі шашты буып тастағым келіп, ашуыма тиіп тұр. Ажар да шашы жалбырап бетіне түсе беретіндіктен кейін қарай итеріп құлағына іледі. Жібек шашы сусылдап қайта шығып кете береді. Арғы жағында отырған келіншектің бөпесі мазасызданып еді, Ажар ойнатып, сәлден соң қолына алып, сол балақайға көңіл бөліп кетті. Мен терезеге қарап ойымды бөлгім келсе де есілдертім Ажарда. Кең ұшы-қиыры көрінбейтін даланы қарап, жалығып та кеттім. Бөпе Ажардың қолында ұйықтап кетті. Басын анасың алдына қойып, аяғын өз алдына созып жатқызды. Апай риза болып, Ажарға алғысын айтып отыр. Алдыңғы жақтағы ағай мен жүргізуші әңгіме соғып келеді. Екеуі жарыса сөйлесіп көңілді келеді. Маусым айының ыстық күні, көлік іші де ысып кеткен. Терезе ашайық десек бөпеге жел тиеме деп ашпадық, аз ғана алдыңғы екі терезе ашық. Ажарға қайта-қайта қарап, сөзге тартпақ болып едім, ретін таппадым. Апай Ажармен әңгімелесіп отыр. Еріксіз әнгімелерін тыңдадым.

---Аққайнарда кімнің қызысың?

---Мен Аққайнар қызы емеспін. Аққайнарда анамның апайы Зәуре апайым тұрады.

---Қонаққа бара жатырсың ба?

---Жоқ, менің жалғыз анам бар еді, қайтыс болып, ешкімім қалмады....,-деп Ажар тоқтап қалды.

Менің жүрегім зірк ете қалды. Көмейіне өксік тығылып сөйлей алмағанын түсіндім. Апай да түсініп қыздың қолынан ұстады.

---Анаңның жатқан жері жайлы болсын. Мен Зәуре апайды танимын, өте жақсы кісі, анаңның орнын баспаса да, сені жылатпайды,-деді.

Ажар бет орамалымен танауын басып басын изеді.

---Оқисың ба?

---Мен мектепті енді бітірдім,-деді Ажар.

Мен ойланып қалдым, "Гүлшат деген қызы менімен жасты,-"деп еді екі жасқа кіші екен ғой, екі жасты аса үлкен санамайтын болғаны ма? Бәсе кішкентай көрініп еді",-деп Ажарға қарап қоямын.

---Алдымен үйге кел, сосын барар оқуыңды шешеміз деген апайым, барғанан кейін көре жатармыз,-деп Ажар салмақты айтты.

---Негізі кім болғың келіп еді?

---Мен...., Мен ән салғанды ұнатам.... Анам: "Әнші мамандық емес, наныңды тауып жейтін басқа мамандық таңда деуші еді. Әнші қыз балаға қиын, ел алдында жүресің, сөз ереді, көзге түсесің",-деп анам жиі айта беретін. Анам әнші болған жан, сол әншіліктен тек қорлық көрдім дейтін, --деді мұңды дауыспен.

----Анаң өз басымен ол азапты тартқан соң, сол жолдың оңай емес екенін сезінген соң, қызының қиналмағанын қалаған болар,-деді апай.

Ажар басын изеп отыр.

---Анам біраз жыл ауырды, соңғы кезде тіпті есінен ауысты, көп қиналдық. Әкем мен менен үлкен апайым жол апатынан қайтыс болып, анам соған сене алмады. Жүйкесін де бір ауытқу пайда болды. Тоғыз жыл қиналды, дәрігерге басында қаралмаған, мен өзім бала едім, анамның туысы осы Зәуре апай ғана болатын. Апайымен сыр бөліспеді, науқаспын деп ойламады. Аяғы асқынып емделуге келмеді....,-деп тоқтап қалды.

Апай да үндемей отыр. Сол үнсіздікті ешкім үзе алмады. Жол бойындағы ауыл шетіндегі шайханаға тоқтадық. Сағат кешкі жеті болыпты. Біз екі сағаттан артық жүріп келеді екенбіз. Көліктен бәріміз шыққанда, Ажар шықпай отырып қалды. Келіншек Ажарға бұрылып:

---Қызым, жүр, бір-бір кесе шай ішіп алайық, әлі үш жарым сағат жүреміз,-деді.

---Апай, мен шай ішкім келмейді,-деп Ажар шықпады.

--- Қызым жүр, кішкене бой жаз, дәретханаға барайық, қызымды ұстай тұрасың ба?-деп келіншек қайткенде Ажарды көліктен шығармақшы болды. Мен бәрін естіп тез шайханаға кірдім. Тез кішірек шәйнек шай, бәліш, тауық етінен үш бөлік, нан, тәтті бәліш алып үстелге қойғыздым. Келіншекпен Ажар шайханаға кіргенде:

---Апай, бері келіңіздер,--дедім.

Ажар ұяла басып, әрең келді.

---Келіңіздер, мен бүгін сіздерді құрметтеп жіберейін,--дедім.

Апай күліп отыра кетті. Ал Ажар болса:

---Рахмет, кешіріңіз, мен көлікке барайын, -деп бөпені анасына бермей:

---Сіз астанып алыңыз, мен баланы қарай тұрам ,-деді.

---Ажар, олай болмайды, мен үш адамға тапсырыс беріп тастадым. Жол ұзақ. Мен жігіт бола тұра ауылымызға келе жатқан қонақ қызға бір құрмет көрсетпесем, несіне жігітпін,--дедім.

Сонша көп сөйлеп иығынан ұстап, орындыққа отырғыздым.

---Бәрекелді! Бәсе, біздің ауылдың жігіттері жомарт болушы еді,-деп келіншек күле сөйлеп Ажардан бөпесін алды.

Ажар ұяла отырды.

---Шайды әкеліңіз мен құяйын,-деп шәйнекке жабысқанда, тәрбие көргендігі бірден білінді. Майысып шай құйып беріп отыр.

---Сен баланы шала танып отырмын. Сен Төлеген ағаның Шаха деген оқудағы ұлысың ба?-деді келіншек.

---Иә, апай мен сол Шахамын,-деп күлдім.

---Бәсе, айналайын, аман бол, Төлеген ағамның балалары шетінен өте ақылды, -деп келіншек әкемді, отбасымды танитынын білдірді.

Ананы-мынаны әңгіме етіп қалай астанғанымызды білмей қалдық. Ажар күлімдеп, тамсана ішіп-жеп отыр. Менің жүрегім аузымнан шығардай дүрсілдеп соғады. Көзіміз түйіссе, тіпті қобалжып кетем. Мен Ажардай ажарлы қызды көрмегендеймін....

1-бөлімнің соңы.

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз көшіруге және ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Таптым-ау сені. 2-бөлім

Loading...