Темекінің үш қасиеті

Темекі тартудың басты үш қасиеті бар

mixyfotos.ru

Кешке қарай үйдің жанында бір қария мен жігіт әңгімелесіп отыр еді. Жігіт қолына шылым алып:

- Ата, мен темекі тартуды үйреніп жүрмін. Осының қандай қасиеті барын білмедім, бірақ қатарластарымның бәрі тартады. Мен де қалмайын деп бастадым, - дейді.

- Темекі тартудың басты үш қасиеті бар, - деді қария ойланып.

- Қандай?

- Біріншіден, темекі тартқан адам қартаймайды.

- Шынымен бе? Сыры неде?

- Өйткені, темекі тартқан адам қартаю шағына жетпей көз жұмуы мүмкін. Бұл – бір.

Екіншіден, шылымқордың үйіне ұры түспейді.

- Себебі?

- Темекі шегетін адам жарым өкпе болады, ылғи жөтеліп жатады. Дыбыс шыққан жерге ұры жоламайды.

Үшіншіден, шылымқорды ит қаппайды.

- Себебі?

- Темекі шегетін адам жарымжан болған соң қолына таяқ алып жүреді. Таяғы бар кісіге құтырған ит болмаса, есі дұрыс ит жуымайды, - деді қария.

Жігіт ойланып қалды...

massaget.kz

Loading...