Әли Оқаповтың "Құрмет" орденін қандай жолмен алғанын қоғам белсендісі ашық айтты

Соңғы кездері "Құрмет" орденін иеленген Әли Оқапов туралы тақырып қоғамда қызу талқылануда. Мемлекеттік төсбелгіні кеудесіне таққан Роза Рымбаеваның ұлына бағытталған сыни пікірлердің санында шек жоқ.

stan.kz

Соңғы кездері "Құрмет" орденін иеленген Әли Оқапов туралы тақырып қоғамда қызу талқылануда. Мемлекеттік төсбелгіні кеудесіне таққан Роза Рымбаеваның ұлына бағытталған сыни пікірлердің санында шек жоқ. Атышулы журналист, қоғам белсендісі Меруерт Әйтенова дәл осы даулы марапатқа қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Алғашқыда Әли "Құрмет" орденін алғанын айтып, әлеуметтік желіге марапаттау рәсімінен бірнеше фото-видео жариялаған. Дәл сол сәтте халық жағымсыз пікірлер арқылы бірден қарсылық танытқан. Мұны көрген Оқапов бүкіл марапатынан бас тартатынын айтып, жеке парақшасында видео жүктеген.     

"Соңғы кездері қызу талқыланып жатқан нәрселерді байқамағандай кейіп таныта алмаймын. Осы видео арқылы мен 32 жылда алған барлық музыкалық телеарналардың премиясынан, радиолар, қоғамдық ұйымдар, жеке жобалар, жалпы барлық марапаттарымнан бас тартуды шештім. Мұны баяғыдан-ақ істегім келген. Себебі менің ұлыма жеке бөлме керек, ал енді әлгі ауыр темір металдарды алып тастауға болады. Мемлекеттік марапаттарға қатысты: наградаларда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бар. Марапаттарды қайтару туралы заңды оқыдым, бірақ ештеңе таппадым. Ондай нормативтік құқықтық актілер жоқ. Меніңше, олай ешкім істемеген. Сондықтан ол наградаларға қатысты құзырлы органдардың шешімін күтемін. Қандай шешім шықса, солай істеймін. Яғни, менен талап етілетін нәрсенің бәрін істеуге дайынмын", — деді Әли Оқапов. 


Халық әртісінің ұлының бұл әрекеті журналист әрі қоғам белсендісі Меруерт Әйтеноваға жақпай қалса керек, ол Әлиді сынап тастады. 

"Халық айтады, халықтың аузын жаба алмайсың. Халық – үлкен тобыр, көміп кетеді. Әлидің маған ұнамағаны, "балама ауа жетпей жатыр, үйім тар, сондықтан да мен марапаттың барлығын қайтарып беремін" деді ғой. Сол сөзі менің құлағыма түрпідей тигені рас, мен оны жасырмаймын. Қанша реніші болса да, ол олай айтпай-ақ қою керек еді. Сол марапаттарын қорапшаға салып, аузын буып, сыртына "Әли Оқаповтың наградалары" деп жазып, кез келген музейге өткізгенде ол тып-тыныш болар еді. Қазір енді өзіне сонша жау тауып, анасы Роза Рымбаеваның атына да қаншама сөз айтып жатыр", — дейді қоғам белсендісі.


Ойда-жоқта "Құрмет" орденін алған Әлиге қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Оқырмандардың басым бөлігі Оқаповтың бұл жетістікке жетуін атақты анасының арқасы деп топшылаған. Меруерт Әйтенованың да пікір халықтың ойымен ұқсас екен.  

"Әлидің деңгейінде қаншама әнші бар ғой. Әлиден асып кететін де, Әлиге жетпейтін немесе Әлидің қасында деңгейлес жүрген әншілер бар. Олардың да шамына тиіп қалады ғой. Талай әнші айқайлап айта алмайды, бірақ ішінен айтып отыр ғой. Мысалы, "менің мықты еңбегім бар, маңдай тер, табан ақымен жүрмін. Бірақ менің анам халық әртісі емес қой" деп армандап отыр ғой. Соларды да ойлап қою керек те. Халық әртісінің баласы болу қанша дегенмен де мүмкіндік қой. Бәрібір баланың жолын ашып, әсер етеді", — дейді Меруерт Әйтенова. 


Атышулы қоғам белсендісі бұл сұхбатында "Құрмет" орденіне әншілер емес, елімізде ерен еңбегімен көзге түскен өзге саланың қарапайым қызметкерлері лайық екенін ашық айтты. 

"Әншілер марапатқа таңсық емес. Өйткен оларға мемлекеттік марапаттан бөлек, түрлі музыкалық жобаларда төсбелігін тағып жатыр. Олар мұқтаж емес. Ал енді біздің қаншама орманшыларымыз, төтенше жағдай қызметінде жүрген қаншама азаматымыз, полиция қызметкерлері, мұғалімдер, инженерлер, технологтар сияқты қаншама адамның еңбегі бар да. Полицейлердің қаншасы адамдарды қорғаймын деп жауыздың қолынан өлді, қаншама өрт сөндірушілер адамға араша түсемін деп өлді, қаншама мүгедек боп қалды. Тіпті суға ағып кетіп бара жатқандарды құтқарған мамандар бар. Солар құтқармаса судың астында өліп қалар еді. Міне, әншіге қарағанда осындай адамдар құрметтелсе, сонда біздің Үкіметтің марапаты, бізге деген махаббаты жақындайтын еді. Өйткені әншілер әдемі жерде күнде жүр ғой. Тойдың өзінде де олар әдемі көйлегін киеді, әдемі өлеңін айтады, тәтті тамағын жейді. Сол жағын да ескеру керек, солар көбіне лайықты", — дейді журналист. 


Халық арасында талқыға түскен Оқаповтың мемлекетті марапатына қатысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі де өз пікірін білдіріп, Әлидің осы уақытқа дейін атқарған еңбектерін тізбектеп берген.  

"Аты аңызға айналған анасына байланысты көпшілік Әли Оқаповтың шығармашылығына күмәнмен қарайды. Бірақ мен көп жылдар бойы жас орындаушылардың шығармашылығын, даму жолын мұқият қадағалап келемін және Әли де анасы сияқты еңбекқор, сахна шебері, өз көрерменіне, аудиториясына зор құрметпен қарайтын жоғары білімді талантты өнерпаз. Әли де Роза Қуанышқызы сияқты патриот. Мен бұл нағыз еңбек адамының үлгісі деп есептеймін. Ал адал еңбек қашанда жоғары бағаланады. Сондықтан баға берген кезде артистің шыққан тегіне қарамастан объективті болуымыз керек деп есептеймін. Әли Оқаповтың марапаты жастарымызға үлгі болады әрі оларды ынталандырады", — деді Аида Балаева. 

Айта кетейік, "Құрмет" орденi — 1993 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен  тағайындалған мемлекеттік марапат. Аталған орденмен экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білімді дамытуға еңбек сіңірген қайраткер азаматтар марапатталады.

 

Loading...