Шахтадағы апаттан 12 минут бұрын шыққан кенші оқиғаның мән-жайын айтты

Кеншінің айтуынша, жұмыс барысында жарылыс болатындай еш құрылғы сыр бермеген

Ашық дереккөзі

Костенко шахтасында жарылыс болардың алдында кезекшілігін тапсырып, 12 минут бұрын шығып үлгерген кеншілердің бірі оқиға туралы баяндап берді, деп хабарлайды Egemen.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеншінің айтуынша, жұмыс барысында жарылыс болатындай еш құрылғы сыр бермеген.

«Мен желдету және қауіпсіздік техникасының тау-кен шеберімін, бұл лавада кезекшілікте болдым, өрт болатындай ешқандай себеп болған жоқ. Мұның қайдан шыққанын ешкім білмейді, құрылғылардағы көрсеткіштер қалыпты болды, бәрі аяқасты болды», деді Юрий Коренков.

Ол жарылыс болардың алдында кезекшілігін тапсырып, кеніштен 12 минут бұрын шығып үлгерген екен.

«Кеншілер ауысымды тапсырып, бірер минут сөйлесіп, үйімізге қайттық. Ал басқа ауысым жігіттері жұмыстарына енді кірісіп жатты. Клетьке (шахтадан көтеретін жабдық) дейін әдеттегідей трамваймен бардық. Біз түнгі 02:23-те шахтадан шықтық, ал жарылыс 02:35-те болды», деді Юрий Коренков.

Ол сондай-ақ тірі қалған әріптестері бөліскен кейбір деректерді де айтып берді.

«Менің күйеу балам төртінші ауысымға кіріскен бетте жарылыс толқынына түсті. Ауыр соққыға ұшыраған екі жұмысшыны құтқарып қалды. Екеуіне де өзін-өзі құтқару құрылғысын кигізіп, аман алып қалған. Бірінің есімі Виктор Плотников, екіншісінің аты Юрий, фамилиясы есімде жоқ. Оларды звеношы Александр Александрович Кладько құтқарды. Виктор Плотников басын қатты соғып, зақым алған. Қазір ол Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада жатыр», деді ол.

Loading...