Тергеушінің махаббаты. 2-бөлім

Болған оқиға. Тергеушінің махаббаты

Ашық дереккөзден

Жан- жағын мұқият қарап, тағы да шаш талшығын таптым. Есікті ашып сыртқа шығып, өзімнің дедукциямды қосып тіміскілей бастадым. Ойланып қоям, "біздің жігіттер (оперларды айтамын) қарады ма екен?" деп... Үйдің артқы жағынан шығатын есік гаражға кіреді екен. Гаражда екі есік тұр. Бірі үлкен көлік шығатын, екіншісі арт жақта тұр, ашып көрдім ашылды, "бүкіл есігі неге ашық тұр?,-" деп ойлап, сыртқа шықтым. Кішірек бақшадан өтіп, қоршау бітіп, бұрышта шағын қақпа тұр. Жақындап келіп едім:

—Түгел қарап, қол таңбаларын (отпечатка) түсіріп алдық. –деді арт жағымнан.

Бұрылып қарасам Ораз деген опер жігіт.

—Жақсы, жақсы! –деп өзім еңкейіп жерден не кездесер екен деп қарадым. Көзім талғанша тесіліп тұрдым да.

— Сендерде лупа бар ғой, берші. –дедім

—Қазір. –деп Ораз үйге жүгіріп кетті.

Бір қарағанға артық ештеңе жоқ тротуар. Ораз лупаны алып келді. Тесіліп қайта қарадым. Қашадан шыға берісте бір тас басқаларынан сәл биіктеу екен, шетіне бірдеңе жағылыпты. Лупамен қарасам қанға ұқсайды. Қол орамалымды шығарып сүртіп көрдім. Қата қоймапты, сүртілді. Тас арасында тағы шаш талшықтары жатыр екен.

—Ораз, пинцет керек, пакетпен, –дедім. Ол ұстата қойды. Бетіне қарасам чемоданымен дайын тұр екен, көзімді қысып күлдім. Қашаны ашып сыртқа шықтым. Көшеге шығады екен. Шағын болса да бір көлік емін- еркін өтеді.

— Мында көлік тұрыпты, –деді Ораз сәл жоғары көтеріліп,

— Іздері бар, түсіріп алдық.–дейді қабағын түйіп.

Жұмыс басталып кетті. Қаза болған жігіт өзіміздің елдің азаматы екен. Отбасынан анасы, қарындасы, сосын әкесінің інісі бар екен. Үйленбепті. Жасы 30- ға толған, кәсіпкерлік құрылыспен айналысқан. Қаза болған үй өзінікі. Жалғыз тұрады екен. Біздің іздейтініміз таныс- тамыры, дос- дұшпаны, жүретін ортасы... Опер жігіттер әр түрлі ақпараттар жинап әкеліп, зерттеудеміз.

— Рұқсат па? – деп лабараториядан анықтау бөліміндегі қыз кірді.

—Қан мәйіттікі, бәрі. Ал шаш оныкі емес, –деп анықтап жазған парағын ұсынды.

— Шаш оныкі емес екенін онсызда түсінгенмін,–дедім орнымнан тұрып.

— Құлап бара жатқанда жұлған қанішердікі –деп сол суретті елестетіп ойға баттым.

—Ереке, Зағираның шашын зерттеуге аламыз ба? Ең бірінші күдікті сол ғой. –деді Талмас .

—Алып көріңдер, бірақ ол қыздың қатысы жоқ -ау деймін. –дедім өзіме сенімді болып.

—Көрейік Ереке, артық болмас. –деп Талмас шығып кетті.

—Айтпақшы, тамағын арнайы ота жасайтын скальпелмен кескен. Пышақ, болмаса лезвия емес. –деп қыз да шығып кетті.

Ойым сан жаққа кетті. Скальпель тым өткір. Оған тамырды үзіп кесу үшін шеберлік керек, дәл табу керек. Үйкелеп бауыздамаған, қолын бір сілтегеннен осып түсірген. Бекер адам дәл солай кесе алмайды. Неге шифонерге тықты? Неге жата бермеді құлаған жерінде? Асыққан ба? Шифонердің есігін жаппаған, артқы есікпен кеткен, көлігі дайын тұрған. Шым- шытырық ол жерде үшінші біреу болғаны анық.

Кешке дейін отырмын. Шетін таба алмаймын. Өлген жігіт өте тәрбиелі, жұмысында сыйлы, бәрі дос.

—Зағира ханымның шашымен, жұлынған шаштың ДНК-сы уқсастығы 99% екен. –деп Талмас столыма шақ еткізіп қағазды алдыма тастады. Бассалып қарадым. Дәл солай. Дірілдеп отырған бейкүнә қыз көз алдыма келді.

— Қамауға аламыз ба? –деп Талмас қуанышты дауыспен айтты.

Мен амалсыздан басымды изедім. Ол жылдам басып шығып кетті.

—Қалай сонда? Зағира ма? Шаш, шаш, шаш... Сонда ол үйде болып өлтіріп, артқы есіктен шығып, айналып қайтып келген бе? Бүкіл айғақ соған түсіп тұр. Барлық есіктің клті бар. Бірақ ол неге оп- оңай өзін ұстап берді?. Ол сондай қанішер болса, сол кеткеннен кете берер еді ғой. Түсініксіз, неге келді? Неге бізге қоңырау шалды?

Зағира тергеу изоляторына қамалды. Мен толық сенімді болмасам да, ол қызды тергеуім керек. Сұрақ жауап алуға бардым. Қолын артына ұстап, көзі бақырайып кірді. Есі әбден шыққаны көрініп тұр. "Әй, бұл қанша жерден алсаң да қанішер емес" деп көкейімде сайрап тұр.

— Ака, ака, мен өлтірмедім, ака... Мен өлтірмедім... –деді қолыма жабысып. Көзінен жасы сорғалап тұр.

—Тынышталыңыз. Сізге сұрақтар қоямыз. Жауап аламыз. Айғақтар сізге қарсы келіп тұр. Барлық жерден сіздің қолыңыздың таңбасы, шашыңыз мәйіттің уысынан табылды. –дедім.

Ол шашын ұстап:

—Шашым орнында, қараңыз... –деп басын ұстайды.

— Гинетикалық сараптама жасадық, міне, 99% сіздің шашыңыз.

—Менің шашым қалай қожайынның уысында болады? Ол менің шашымды ұстамады ғой.... –деп басын шайқады.

--- Ұстамаса қайдан оның уысында мына шаштар?-- деп пакетке салынған шашты көрсеттім.

Зағира қолына алып, тесіліп қарап, жылап отырып, иығын көтеріп, пакеттегі шашты саусағымен түрткілеп:

— Келте ғой, келте. Менің шашым ұзын. –деп бұрымын көрсетіп төбесін сипалады да,—Шаш келте, қысқа шаш. Менікін қараңызшы,–деп бұрымын шешіп жіберіп екі -үш талын жұлып алып, алдыма тастады.

Расыменде ұзын.

— Мәселе ұзын қысқасында емес. Мәселе гинетикалық нәтежеде, шаш сіздікі.–дедім қатқылдау дауыспен.

Столдың үстіндегі ұзын шашты басқа пакетке салып тұрып. "Зертханада шатасулары мүмкін бе?" деген ой келді. Зағира жылап отырып:

— Мен өлтірмедім... Мен қалай өлтіремін... Мен не үшін өлтіремін???... –деп жалынышты көзбен қарады.

—Сізге қожайыныңыз тиіскен болар. Соған ашуланған шығарсыз. Сіз Зағира, ештеме жасырмаңыз. Айтыңыз. Егер ағыңыздан жарылып шындықты айтатын болсаңыз жазаңыз жеңілдейді.–дедім.

Өзім айтып отырған сөзіме өзімнің ашуым келіп тұр.

—Не айтам, мен өлтірмедім. Қожайын маған тиіскен жооооқ... Ол жақсыыыы адам ғой,–деп тағы жылады.

— Міне, сіз жақсы адам деп отырсыз. Мүмкін сіз қожайыныңызбен араларыңызда бірдеңе болып, сіз тағы қалаған шығарсыз. Ол сізді қаламаған болар. Соған сіз кек алған шығарсыз. –дедім.

Бірақ осы сөздерді тек айтуға тиіс болған соң айттым. Ондай ара- қатынас болмағаны айдан анық болса да...

— Сіз не деп кеттіңіз? Ештеңе болған жоқ! –деп басын шайқап

—Мен әлі еркек көрмеген қызбын. – деді қабағын шытып.

—Сонда да басқаша айтайын. Сіз ұнаттыңыз, ол қаламады, соған кектендіңіз...

—Доғарыңыз!! –деді салмақты дауыспен.

—Қожайын үйде болмайтын. Мен... мен үй жинауға келгенде, қожайын үйде болмайды....–деді бетіме қарап.

—Иә, айта беріңіз.

— Кілттерін бергенде ескерткен, өзі үйде болмайтын кезде келіп жина деген...

— Айтыңыз, айтыңыз.

—Мен қожайынды осы бір жарым жылда үш рет қана көрдім.

— Қандай жағдайда?

— Алғаш келгенде, сосын сегізінші наурызда қақпаның алдында күтіп тұр екен, сыйлық берді. Сосын бір жыл өткізіп жаңа жылға бір күн қалғанда үйді жинап болып шыққанымда, қожайын келіп қалған, сол кезде маған конвертпен ақша берді "жаңа жылыңызбен"деп...

— Қанша сумма?

—100$-екен, Аллам күә тек қолыма ұстатты, мен кеттім....

—Мммм... 8-наурызға не берді?

— Әтір екен... Қыздарға көрсеттім. Өте қымбат деген... Мен оны қолданбадым, әпкеме сыйладым. Сол күні әпкем келген.

—Әпкеңіз қазір қайда?

—Әпкем елге кеткен...

— Қашан?

—Екі күн болды?

— Бізде қанша уақыт болды?

— Әпкем мен жаңа жылға алған сыйлығымнан ақша салып жіберген соң келген. "Мен бір жыл осында болып, жақсы жерге жұмысқа тұрдым бәрі жақсы" деп шақырғам. Қасыма жұмысқа тұрғызған едім.... Біз егізбіз... –деді.

"Міне, міне, егіз, бір туғандар, бұл гинетикалық сараптамаға келетін сияқты, егізі ол қандай жан?-деген ой келді

—Неге кетті? Ақша тауып жатсыңдар, оған не ұнамады?

—Әпкеме нашар қожайындар түсті -ау деймін, осы жарты жылда, еш үйге тұрақтала алмады.

— Не себеп, айтпады ма?

—Орысша сөйлей алмайды. Ол менен бұрын, мектеп бітіре салып келген. Сол кезде қатты қорықты ма, ауырды ма? Елге қайтып келген еді.

— Ауыратынын айтты ма?

—Жоқ, айтпады. Біз егізбіз деп айттым ғой. Бір бөлмеде жататынбыз. Жаныммен сезетінмін, түнде қара терге түсіп қиналып жататын...

—Түсінікті, емделді ма? Дәрігерге қаралды ма?

—Жооқ, ол маған "ешкімге айтпашы, алыста жүріп, не болса соны көріп, шошып қалғам, басылады. Апам естісе уайымдайды" деген. Апамыздың қан қысымы жоғары, қатты қобалжуға болмайды. --деп көз жасын сүртті,

—Апамды сағындым.... Мені жіберіңізші, мен өлтірмедім... –деп мұңлы көзімен бетіме қарады.

Не деген сұлулық... Өң бойымнан өтіп кетті... Ұзын кірпіктері жылағаннан бір- біріне жабысып қасына жетіп тұр. Жайылған шашы еденге дейін түсіп төгіліп жатыр.

—Шашыңызды жинаңыз. –дедім шашы еденге тигеніне жаным ашып. Шап беріп ұстап төбесіне орай бастады.

—Тоқтаңызшы, кесілген жері бар ма,–деп едім, орнынан ұшып тұрып, шашын қайта жайып, сілкіп-сілкіп, сәл қисайып шаштарын сырғыта сипалап тұрып:

—Қараңызшы! –деп басын бұлғақтатып алдыма келгенде, дәл осындай сұлулықты еш жерден көрмегенімді ұқтым. Шашы өзінің ұзын бойына, тұлғасына қатты жарасып тұр. Жайылған шашы тізесінен асып, жібектей болып төгіліп тұр. Сипалап қарауға ыңғайсыздандым.

—Кесілмеген сияқты. –деп өзі мұқият қарап, маған сұраулы көзбен қарады. Мен басымды изеп едім, тағы бір сілкіп жіберді де, сәл шалқайыңқырап төбесіне түйе салғаны өзіне сондай жарасып кетті....

2-бөлімнің соңы, жалғасы бар.

Авторлық құқығым қорғалған, руқсатсыз ютупқа аудио кітап оқымаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Тергеушінің махаббаты. 1-бөлім

 

Loading...