ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 6-бөлім. Соңы

Кейіпкердің айтуымен жазылған

Ашық дереккөзден

Дидар мені көрсетіп тұрып:

---Міне, ханшайымның өзі де келіп қалды. Қане, сұлуым, осы он үш жыл бойы қалай менімен көңілдес болғаныңды айт. Мен оны он үш жыл бойы иелендім, оны мен барлық жағынан айызым қанғанша иелендім. Білесіңдер ме, бұл қандай от, жанып тұрған от қой. Сен Есеке, есек соны білмейсің. Мына мен бұл аруды тек иеленіп қоймай, бар байлығымды да осының арқасында жинадым. Бұл Шекер, бұл балшекер ғой, бір тисең саған жағылады ммммм, сосын жуып кетіре алмайсың, ха ха ха ха,-деп қарқылдап күліп тұр.

Мен тұрған жерімде шегеленіп қатып қалдым.

--- Қане, ханшайым, айтсаңшы біз қалай көңіл көтердік,-деп менің қасыма жетіп келді.

Иегімнен ұстап ары бері қозғады. Жан адам дыбыс шығармай тыныштық орнады ма, әлде менің құлағым бітеліп қалады ма, түсінбедім, әйтеуір тып-тыныш бола қалды. Сол аралықта бізге қарай жылдам келе жатқан Есенбайды көрдім. Ол дәл қасымызға келіп Дидарды өзіне бұрды. Мен ұрады екен деп көзімді жумдым. Шыңғырған дауыстан көзімді ашсам, Есенбай Дидарға бірнеше рет бірдеңе сұғып тұрғанын байқадым. Дидар аузынан қан ағып, Есенбайға қисайып, көзі аларып кетті. Жан-жақтан адамдар жақындап келіп, тұрып қалғандай болды. Есенбай Дидарды жібере салды, ол шалқалақтап қулады, қан деген көп ағыпты. Мен Дидарға қарап мелшиіп тұрғанда кеуде тұсым ауырғандай болды. Есенбай маған да пышақты тығып үлгерген екен. Басқа еркектер қолын қайырып, артқа шегіндіріп, алып бара жатқанын көрдім. Есенбай менен көзін алмай, тістене жұлқынады. Бірнеше еркек жабылып, тартып, қулатқандай болды. Шыңғырған дауыстар. Кеудемнен ыстық бірдеңе ағып, көзім булдырап кеткені ғана есімде.....

Арада қанша уақыт өткенін білмеймін. Есімді жан сақтау бөлімінде жидым. Дәрігерлер ұзақ тексеріп қарап, сосын сөйлесті. Жаңғырық болып естілген дауыстан басым ауырды. Екпе салған соң қайта ұйықтап кеттім. Ертеңіне дауыс та дұрыс естіліп, көзім де жақсы көріп тұр.

---Сізге бір адам ғана кіруге руқсат,-деп дәрігер есікке қарады.

Есіктен аяғы ауыр әйел жылап кіргенде танымай қалдым. Жақындап келгенде қызым екен. Әне-міне босанғалы тұр. Мен өзімнің көп уақыт ессіз жатқанымды түсіндім.

---МАМА, мама қалыңыз қалай?-деп қызым қолымнан ұстап, бетімнен сүйді.

---Інің.. қалай...., ол... қайда...?-деп әрең айттым.

---Ол әрдайым осында болды, қазір сабағында, сағат үште келеді,-деп түсіндіріп айтты.

Мен ұлымның университетке түскені есіме түсіп басымды изедім Қызым сағынышпен аймалап сүйіп, шығып кетті. Мен күйеуіме не болғанын ешкімнен сұрай алмадым. Абысындарым келмеді, қайынапайларымда аяқ баспайды. Мен оларды күтпедім де.

Достарымыздың әйелдері келгенде жаймен болған жағдайды, Есенбайды сұрадым.

---Шекер, негізгі біз байларымызға айтпай тығылып келдік. Дидар сол сәтте қайтыс болды, ал әйелі жындыханада жатыр, есінен адасып қалды, Есенбай қамауда сот қайта-қайта болады, бірақ нақты шешім болмай кейінге қалдырып отырды. Міне, сен жеті ай дегенде есіңді жидың, отаң өте күрделі болды -деп жаны ашиды-ау деген келіншек түсіндірді.

---Келесі сот қашан?

--- Келер айдың бесінде.

---Есенбай ұзақ мерзімге кететін түрі бар;

--- Сендерге адвокат беріледі екен;

---Рахмет қыздар, аман болыңдар;

---Шекер, біз енді сенімен араласа алмаймыз, сен түсін;

---Мен түсінем.-дедім.Келіншектер тез кетіп қалды.

Сот болып, мен күйеуімнің көзіне шөп салғанымды мойындап, оның жазасы аз болса да азайып, бірақ, адам өлімі үшін он жылға сотталып кетті.

Мен ауылдан көшіп облысқа кеттім, ұлымен қызым қасымда. Қызымның жігіт--сымағы біздің жағдайдан соң жоламай қойды. Ұлым маған өкпелі, кешірмеді, ол үйленіп балалы болды, жақсылығына мені араластырмады. Күйеуім абақтыдан сегіз жылдан соң шыққанмен денсаулығы жоқ болып оралып, көп ұзамай көз жұмды. Бауырлары арулап көмді, мен бара алмадым, барсам ол жерде мені талап жейтіндерін білем. Мен сол бойы күйеуімнің маған неге жоламай, суып кеткенін түсіне алмадым. Адам жанындағы жарын жақсы көрмесе несіне қиналып бірге тұрады? Сол бір шапалақ Есенбайды бірден тас қылды ма? Ол сол кезде "Сенің мына қылығыңды түсінем, кешірем",-деп айтып тұрып кешіре алмады ма? Әлде бізге қарғыс тиді ме? Кейін естідім расымен күйеуім төрт қыздың өмірін қор қылыпты, ол шындық екен.

Алғаш құртқан қыздың алдап, баласын алдыртып, оқуға түсіріп, көмектесіпті, ол кейін тұрмысқа шықса да бала сүйе алмапты. Бейшара қыз қорыққанынан туыстарына болған жағдайды айта алмапты. Екінші қыз қатты бауыр басып, бой бермей бара жатқанда күйеуім сырттай бір жуас жігітпен таныстырып, алып қашып кетулеріне көмектесіпті, қыз барған жерінде амалсыз қалыпты, тұңғыш қызы күйеуімдікі екен. Үшінші қыз ол да жақсы көріп кездесіп жүріпті, күйеуім бала болмасын деп сақтық шараларын қолданыпты, жыл өткен соң біраз ақша беріп, оқуға түсуіне көмектесіп, ауылдан алыстатып құтылған екен. Төртіншісі сол әйелдің қызы еді. Оны өзімен кездесіп жүріп арасында бір отырыста мас болып қалғанда ұнатып жүрген көрші баланың қойнына салып, бала менікі емес деп құтылыпты. Көрші бала қызды сүйіп қалған соң, мән жайды толық түсінбей мойындап, әйелі етіп алған. Бұл қыздар өрімдей кәмелетке толмаған мектепті жаңа бітірген қыздар еді. Одан бөлек сол ұжымның байсыз қасқыр қатындарымен де ара-тұра ауыздарын жаптыру үшін қатынаста болған. Есенбайдың әрекеттері жария болмай өз ұжымының ортасында қалғаны сол еді. Бейшара қыздар өздерін де кінәлі санап, уақыт өте Есенбайды жек көріп, өздері де құтылуды ойлап, үндемей кете берген. Сол әйелдің жағдайынан кейін ол жылыжайға жас қыздар жұмысқа кірмейтін болды. Ауыл адамдары қыздарын жолатпады, ақыры ол жер жабылды. Соңы Есенбайдың денсаулығы жарамсыз болып, өз азабын тартты. Тек өзі ғана азаптанбай мені де жаман жолға итермеледі. Мен өзімді ақтамаймын. Дидар мені зорлап иеленбеді, мен өз қалауыммен берілдім. Сонша жылдан соң сол Дидардың мені әшкере еткенініне таң қалдым. Не түртті, не айтқызды деп көп ойландым. Оны да кейін естідім. Мен Дидардың қулаған әйелін тұрғызып, үй артына ертіп кеткенде, Есенбай Дидарға қарап:

---Әйеліңе не көрінген? Кішкене тәйт деп қойсаңшы,-депті.

Сонда Дидардың намысына сол сөз қатты тиіп:

---Еееей, сен алдымен өз қатыныңа тәйт деп ал,-деп орнынан тұрады.

Менің күйеуім Дидарға тура қарап:

---Аллаға шүкір, Шекер осы уақытқа дейін бір ерсі қылығын көрсетпеді,-депті.

Бітті, осы сөз Дидардың тілін шығарыпты.

----Ааа, солай ма? Сен өз қатының не істеп жүргенін білмейді екенсің, қазір, мен айтайын, сенің қатының қаншық,-деген екен.

---Тіліңді тарт, қазір кесіп алам,-деп Есенбай атылып, төбелес басталып, басқа еркектер ажыратып тұрғанда, мен барып аяғы анандай жағдай болды,-деп апай үндемей қалды.

Мен бір ауыз сөз айта алмай отырып қалдым. Апай ұзақ үнсіздіктен кейін.

---Егерде Есенбай өз науқасын ашық айтып, бірге барып емделіп жүрген болсақ, мен солай суып кетпес пе едім деп те ойлаймын. Ол неге басқа әйелдерге қумар болды? Мені сүймесе, қаламаса неге алды? Ол өз әрекетін қашанғы жасырам деп ойлады? Мың сұрақ, жауап жоқ. Есесіне қара бет, бар абырой атағымнан бір мезетте айырылып, еш сыйым жоқ, мен қалдым. Бар байлығымды ұл қызыма бөліп бердім. Бауырларым бірталай жыл өкпелі болды. Сосын қанша дегенмен бауыр емес пе, кешіргендей сияқты. Тек жақсылықтарына шақырып қояды, былай іздеп келмейді. Қызым босанған, жиен немерем ДАУН, бізге өте қиын. Осы кезде мен сол балаға қарап екі бөлмелі пәтерде тұрам. Қызым тұрмысқа шығып, қаланың басқа басында турады. Айына бір рет, болмаса мен шақырғанда ғана келеді. Жаңа отбасында екі қызды болды. Міне, мен осынша жыл күйіктен өзімді жеп жүрмін. Менің ойымша, менің бақытымды күйеуім қорлаған өрімдей қыздардың көз жасы байлады. Ұлым, менің алтын ұлым екі балалы болғанда жүрек талмасынан қайтыс болды. Ол жерлеуіне менің келуімді қаламапты, сонда да барып кешірім сұрадым. Келінім жаназасына қалдырмай қуып жіберді. Немерелерімді келін көрсетпейді, мен оларды танымаймын да. Ұлымның жүрегінің ауырғаны тура әлгі жағдай болғанда басталыпты. Әкесі қайтыс болғанда егіліп қатты жылапты. Содан үйіне барып құлапты, емханада ұзақ жатып емделді, мен неше рет барып, сағаттап кіре алмай қайттым. Ақыры ол қайтыс болды, мені кешіре алмай кетті. Адам тағдыры недеген қилы, әрі ауыр. Мен өз өмірімді, масқара өмірімді жария етіп жазғызып отырмын. Бар айтарым сабырлықты жоғалтып алмаңыздар. Егер бақытты болғың келсе, естіп тұрып керең, көріп тұрып соқыр болу керек екенсің. Менің күйеуім сияқты сейіл құрып жүріп отбасы бар қаншама еркектер жүр. Соны біле тұра, сезе тұра өз бақыты үшін күресіп жүрген қаншама әйелдер бар. Нәпсі ол тоймайтын, тойғыза алмайтын құмарлық, соның жетегімен кетпеу керек. Мен өзім сияқты байы бар болса да көңілдесі де бар әйелдерді көп кездестірдім. Негізі сондай әйелдерді: "Құдайым ұрған, шайтан билеген қатындар,"-деп айтам, ол рас. Сен пәк, ақ адал болсаң сені құдай да ұрмайды, шайтан да кірмейді. Сонау шет елден келіп алып, айтар хикаям осы, Жеңісгүл қызым. Енді ерік өзіңде, жазуға келеді, жария ететін жағдай десең жаз, жооқ мынау масқара қалай жазам, несіне жазам, бұдан не тәрбие, не тәлім десең жазба. Мен саған айтқанның өзіне жеңілдедім, еш өкінбеймін. Адам қарғыс алмай--бата алып жүру керек екен. Қыздарды былай қойғанда мен халықты да тонап, талайды зар қақсатып жылаттым, халық лағнет айтты, қарғады, тікелей мені айтпаса да өкіметті, ел басын, басқарманы айтып жүрді. Сол қарғыс түбі жетіп көзіме көрсетіп отыр,--деп апай орнынан тұрды. Көктөбеден Алматыға қарап тұрып:

---Апай, мен жазам, сіз қалай айттыңыз солай жазам,-дедім.

Апай мейірлене сәл қабағын түйіп, бетіме қарап басын иді.

---Есіңізде болсын, оңған пікір жазылмас, талай сөз естисіз. Жерден алып, жерге салады,-дедім.

---Білем, жаным, білем, әр оқырманның пікірін жібермей оқимын, --деді.

Мен таң қалдым.

---Неге өз тіліңізде жазып шығармадыңыз, әлде өз ұлтыңыз кешірмейді деп ойлайсыз ба? --дедім.

---Мен ешкімнен кешірім сұрамаймын. Сен "Үзілмеген өмір"-деген орыс әйелінің тағдырын жазғанда, сол әйелдің қазақша жазуын сұраған өтінішін ескеріп жариялағансың. Сонда сол әйел "ҚАЗАҚ -- ДАНА ХАЛЫҚ, ОЛАР НЕ ЖАЗСА ДА, НЕ АЙТСА ДА ӨЗ ОРНЫМЕН АЙТЫП, АЯУШЫЛЫҚ ПЕН АҚЫЛ ҚОСА БІЛЕДІ"-деген. Менде де сол үміт бар. Иә, бетіме түкірер, балағаттап, боқтар да, сонда да дана халықтың 100ден бір адамы маған жақсылық тілер, сол тілек керек. Ал өз тілімде реті келсе аударып, жазғызып, сізге көрсетіп, сосын желіге саларамын, --деп төмен қарады.

Мен басымды изедім.

Соңы.

Автор: Апайды әуежайға жеткізіп салып, ойға баттым, жазатынын жазам ғой, бірақ, менде апайға деген еш аяушылық жоқ. Неге? Әлде апай өте әдемі, жинақы болып, сондай бейшара болып көрінбегеннен бе, әлде жыламай отырып айтқандығынан ба? Менің жаным ол кісіге ашымады, бұндай жағдай менде бірінші рет. Апайдың да өзіне аяушылықпен қарамайтыны көрініп тұр, апай өзінің сондық күнәһар екенін мойындап, сол күнәсі еш кешірілмейтініне көніккендей. Аллаға жалбарынып сол жасаған күнәларына кешірім сұрап, намазға жығылмаған жан. Бір көрген адам 50-ге жаңа толған келіншек деп ойлап қалары анық, ал апай алпыстың орта белінен асып кеткен жан. Апай сырын айтып отырса да, мен бұл кісінің жан дүниесін түсіне алмадым. Сонда да апайға тілерім: "Аман болыңыз, Аллам сізге қалған өміріңізде жеңілдік берсін дегім келеді. Бөліскен сырыңыз үшін рахмет, барынша көркемдеп жазғаным осы",- дегім келеді.

Авторлық құқығым қорғалған руқсатсыз ютупқа салмаңыздар

ЖЕҢІСГҮЛ ТУРСУНБАЕВА
"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 1-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 2-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 3-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 4-бөлім

ҚОР БОЛҒАН БАҚЫТ. 5-бөлім

Loading...