«Батырлықпен үлкен жүкті арқалап кеттің»: актер Асылхан Төлепов қайтыс болған ұлын еске алды

«Бүгінгі сүндет тойға жете алмадың...»

Ашық дереккөзден

Театр және кино актері, көпшілікке «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Сартай батыр боп танылған Асылхан Төлепов күні кеше ағайын-туысын, дос-жаранын жиып, ұлдарына сүндет той берді. Актер тойдың алдында қайтыс болған ұлын еске алып, жан тебірентерлік жазба жариялады,- деп хабарлайды ERNUR.KZ .

«Ассалаумағалейкүм, Аханай балам..! Сенсіз 1,5 жыл өтті. Бүгін ағаларың Алпамыс, Абылайхан және інің Әлиханның сүндет тойы. Әттең... Сенсіз... Бұл күнге сен жете алмадың ғой. Бүгін сен де талтаң басып, жүгіріп жүрер ме едің? Алайда сен үлкен ерлікпен, батырлықпен талай жүкті арқалап кеттің. Бүгінгі кеште сенің орның менің жүрегімде ерекше болады. Саған арнап ән айтқым келді. Бірақ барлығының жылағанын қаламадым және сенің жаның тыныш болғанын қаладым. Сені сағындық» деп жазды Асылхан Төлепов.

Айта кетейік, актердің кішкентай ұлы былтыр, наурыз айында шетінеп кеткен болатын. Кейін Төлеповтің әйелі баласының қайтыс болатынын дәрігерлер о баста ескерткенін жеткізген еді. Ол өзінің «Инстаграм» парақшасында «Дәрігерлер о бастан не боларын айтып ескерткен. Отбасымызбен барынша амалдар жасадық. Алланың қалауы сол болды. Сабақ алдық. Сабырлық таныттық, әлі де танытып келеміз. Оңай емес» деп жазған.

Loading...